Джакартадан жағымды хабар жетті
Индонезияның астанасы Джакартада жалауы желбіреген XVIII жазғы Азиада ойындары біздің спортшылар үшін сәтті басталды. Жанартаулар елінен жеткен жағымды жаңалыққа жүгінсек, дүбірлі доданың алғашқы күнінде-ақ ұлттық құрама қоржынына төрт медаль түсті: бір алтын, бір күміс және екі қола. Семейлік балуан Данияр Қайсеновтің еншісінде – күміс жүлде.
Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Данияр алғашқы белдесулерінде қарсыластарын «қалпақпен қағып алды» десек те болады. Әуелі катарлық Ибрагим Абдулрахманды, сосын Въетнам елінің өкілі Кан Тат Дуды 10:0 есебімен ойсырата жеңген жерлесіміз, жартылай финалда кәріс балуаны Гонг Бюнгминді 12:8 нәтижесімен тізе бүктірді. Сөйтіп финалға шықты. Алтын медаль үшін өткен шешуші сайыста қазақ балуанының жолы турнирдің басты фавориті өзбекстандық Бекзода Абдурахманмен түйісті. Өкінішке қарай белдесудің алғашқы жартысында 1:0 есебімен ұтып тұрған Данияр екінші жартысында қарсыласына есе жіберіп алып, күміс медальді місе тұтты. Қорытынды есеп – 1:3.
Сондай-ақ бұл күні қалың жанкүйер өскемендік семсерші Руслан Құрбановтың шеберлігіне қол соқты. Азиаданың алтынын алмаса да, күмісі мен қоласының бірін қанжығасына байлар деген үмітпен үкілеп аттандырған саңлағымыз ширек финалда әлемдік рейтингте бесінші тұрған Олимпиаданың қола жүлдегері кәріс Юнг Джинсунмен жолықпағанда кім білсін, қоржынға тағы бір медаль салар ма еді?.. Дегенмен Русланға өкпе жоқ. Атағы айдай әлемге мәшһүр тәжірибелі қарсыласымен тең дәрежеде сойқан салды. Тек соңғы сәттегі қарсыласының бір ғана нәтижелі қимылы Құрбановты жүлдеден құр алақан қалдырды. Есеп – 14:15. Есесіне, Русланмен текетіресіп дымы әбден құрыған оңтүстіккореялық Джинсуннің жартылай финалда тағы бір қазақстандық семсерші Дмитрий Алексанинге қайрат көрсете алмады. Ал Алексанин болса Азиададағы Қазақстан құрамасының алғашқы алтын медалін иеленді.
Индонезия төрінде ұлттық құрама сапына алынған волейболшы қыздарымыз Кристина Аниконова мен Әлия Баткульдина да өнер көрсетіп жатыр. Аладоп шеберлері алғашқы кездесулерін жеңіспен бастағанын да айта кетейік.
Сонымен XVIII жазғы Азиада ойындарында еліміздің атынан Шығыс Қазақстан облысынан 19 спортшы өнер көрсетуде. Оның ішінде осы өңірдің тумалары да бар. Жерлестеріміз спорттың жеті түрінен сынға түседі. Олар:
Дзюдо: Зере Бектасқызы, Гүлжан Исанова, Ерасыл Қажыбаев.
Грек-рим күресі: Алмат Кебіспаев.
Еркін күрес: Олег Болтин, Данияр Қайсанов.
Жеңіл атлетика: Надежда Дубовицкая, Элина Михина, Ольга Рыпакова, Андрей Соколов.
Қайықпен ескек есу: Ксения Кондратенко, Александр Куликов, Камила Сафина, қуаныш Ерен Ғаипов.
Семсерлесу: Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов.
Волейбол: Дамир Акимов, Кристина Аниконова, Әлия Баткульдина.
Қуан Сейіт