Дюкер әбден тозып тұр
Семей қаласын таза сумен қамтып отырған қондырғының тозып тұрғандығы туралы айтылып келе жатқанына 15 жылдай болды. Осы мерзім ішінде оны жаңғыртуға ешқандай қадам жасалған жоқ. Дюкер Ертістің түпкі жағымен өтеді. Егер істен шығып қалса, ішіндегі неше түрлі лас дүниелер Ертіске бір-ақ қотарылады. Ал Ертіс – бір емес, бірнеше мемлекетті сумен қамтып отырған өзен.
– Дюкер гидротехникалық қондырғы саналатындықтан, су құбыры өзен арнасы, сай, канал, теміржол арқылы өткізілгенде, жердің немесе судың астымен тартылады. Қимасы сегіз қырлы немесе дөңгелек болады. Қазіргі уақытта су тазалау қондырғысы Ертіс бассейніне нақты қауіп төндіріп тұр, – дейді қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комиссиясы бойынша қоғамдық кеңестің жетекшісі Николай Исаев. – Егер қондырғы жарылып кетсе, Қазақстан мен Ресей арасында ауызсуға байланысты проблема шығады. Бұрындары осы дюкерді жөндеу үшін миллиондаған теңге қаражат қажет болса, кезінде мән бермеудің салдарынан жағдай мүлде ушығып, ендігі шығын миллиардтаған теңгеге жеткелі отыр. Қаржыны қазір бөлмесек, Ертісті бүлдіргеніміз үшін аса ірі көлемде айыппұл төлеуге тура келеді.
Бұрындары дюкерді жөндеуге қаражаттың тапшылығы сылтау еді. Енді жөндеу туралы әңгіме қозғаудың өзі орынсыз болып қалды. Өйткені, мүлде тозып кеткен, жамап-жасқауға келмейді. Республикалық бюджетке ұсыныс жасау ұмытылып кеткен», – дейді Николай Исаев бұл мәселеге орай.
Күн сайын дюкерден Семейдің оң жағалауынан сол жағалауындағы тазартқыш құрылғыға 17 мың текшеметр су жіберіледі. 2002 жылы «ПодводСтройСервис» ЖШС-нің сүңгуірлері су тазартқыш қондырғыны, құрылғылардың барлығын су астына сүңгіп тексеріп шыққан. Олардың айтуынша, жағдай мүлде қауіпті. Тот басып кеткен, шіріген құбырлар кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін. Сол кезде оның ішіндегі зиянды қалдықтар Ертіске жайылады. Сөйтіп, ресейліктермен бірге, Павлодар, Қарағанды өңірлері тұрғындарының да ішер суы ластанады.
Сүңгуірлердің 2002 жылғы анықтамасынан кейін жергілікті билік тазалау қондырғысын жөндеуге қаражат бөлмек болған. Бірақ ақшаның жоқтығы тағы да алдан кесе-көлденең шыға келген. 2011 жылы дюкерді қайтадан зерттеуден өткізді. Бейнесюжетте су құбырының сыртындағы қаптамасы бұзылып бара жатқандығы көрініп тұр. Оның үстіне дюкерді ұстап тұрған 300 метрлік топырақты су шайып кеткен. Содан ешбір тірегі жоқ дюкердің кез келген сәтте сылқ етіп опырылып кетуі ғажап емес деген қорытынды жасалды.
2013 жылы республикалық бюджеттен мұны жөндеуге 1 млрд. 292 млн. теңге бөлінуі қажет деген де айтылды. Өйткені, Семейге келген басшылар, министрлер, табиғат қорғау мекемелерінің өкілдері жағдайды көзбен көріп кетті. Бірақ ақша түспеді. Ал биыл 2017 жылы дюкерге мән беріп отырған ешкім жоқ.
Семейде бір емес, екі дюкер бар. Жоғарғы дюкер аспалы көпір маңында. Ал төменгісі қаланың Затон аумағы бөлігінде орналасқан. Ол жерде ағын суды ағытумен қатар, тазарту қондырғыларының жұмысы да атқарылады. Жоғарғы дюкердің жағдайы қалыпты. Біз сөз етіп отырған төменгі дюкер 27 жыл бұрын салынған. 1996 жылдан бері қарай сүңгуірлер оның техникалық мүмкіндігі нашарлап, тозып бара жатқандығын айтып, дабыл қағуда. Проблеманы әбден зерттеп, анықтаған соң, қала басшылығы су астындағы инженерлік құрылымдарды жөндеу үшін бюджетке тапсырыс берген болатын.
– Бұл проблема қала әкімдігі назарында, – дейді ТҮКШ бөлімінің бастығы Асан Дүйсембаев, – 2015 жылы «Семейстройпроект» институтымен бірлесіп, құбырлық дюкердің жобасына түзетулер енгізілді. 2016 жылы тамыз айында ол мақұлданды. Сөйтіп, 2016 жылы қалалық әкімдік облыстық әкімшілікке екі бюджеттік тапсырыс беруді сұрап, хат жазды. Жоба құны – 1 миллиард 292 милллион теңге.
2002 жылы дюкерді зерттеп қараған кезімізде 30 метрге созылатын құрылғының тіреуіш үшін төселген топырақты су шайып кеткендіктен салбырап қалғандығы анықталды. 2011 жылы сүңгуірлер тағы да сүңгіп, апатты жағдайдың ушығып бара жатқандығын мәлімдеді. Шынтуайтын айтқанда, инженерлік құрылымы әбден тозған.
– Біз, қала экологтары осы проблемаға алаңдаушылық танытып отырмыз, – дейді мемлекеттік экологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Оразғайша Мақанова, – апат орын алса, Ертіс ластанады. Ертістің төменгі жағында отырған ауыл-аймақтар, қалалар, шаруа қожалықтары түгелдей зардап шегеді. Өзендегі балық пен су жануарларының, жәндіктерінің түгелдей қырылып қалу қаупі төніп тұр. Суармалы алқаптарға да зияны тиеді. Адам да, мал да ішуге жарамды сусыз қалады.
Ал Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары комитетінің төрағасы Бейбіт Шахановтың айтуынша, 2017-2019 жылдардағы республикалық бюджетке бұл мәселе жөнінде ешқандай да ұсыныс түспеген. Егер тапсырыс берілсе, бұл мәселе бюджет заңнамасына сәйкес қаралар еді. Бірақ, оның мерзімі аяқталып та қалса керек. Сондықтан дюкер енді тағы да бірер жыл шыдас бере тұрсын деп тілейік.
Раушан Нұғманбекова
Семей.