Қоғам

Дүйсенғазы Мусин Сенат депутаты болып сайланды

Дүйсенғазы Мусин Сенат депутаты болып сайланды

Кеше бүкіл еліміз бойынша Парламент Сенатына депутаттарды сайлау өтті. Шығыс Қазақстан облысынан сенатор болып облыс әкімінің орынбасары, Парламент Сенатының депутаттығына кандидат Дүйсенғазы Мусин сайланды. Оған таңдаушылардың 291-і дауыс берді. Дауыс беру шарасы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратында ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетсек, сайлау алдында өз кандидатураларын төрт азамат ұсынған болатын, олар – Глубокое аудандық мәслихатының хатшысы Әкімғазы Баймолдинов, облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Димитрий Гариков және Глубокое ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Людмила Цыбенко.

–Азаматша Людмила Цыбенко кандидат ретінде тіркелмеді, өйткені, ол бізге қажетті құжаттар пакетін ұсынған жоқ. 23 маусымда сайлауға түсуден тағы бір үміткер – Димитрий Гариков өз еркімен бас тартты, – деп түсіндірді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев.

Нәтижесінде, Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі бюллетеньге Д.Мусин мен Ә.Баймолдиновтың есімдері енгізілді. Атап өтерлігі, дауыс беру Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюктің төрағалығымен таңдаушылардың бірлескен отырысында өтті. Оған барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 318 депутаттың 312-сі, яғни, 98 пайызы қатысты. Сайлау барысын ТМД бақылаушылар миссиясының өкілдері қадағалады, атап айтсақ, бақылаушылар Ресейдің Алтай Республикасы мен Алтай өлкесінен және Өскемендегі Ресей Федерациясы бас консулдығынан келді. Мұнымен қоса, сайлау үрдісінің әділдігі мен ашықтығын Сенат депутаттығына кандидаттардың сенімді тұлғалары, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері да қадағалап отырды. Атап өтерлігі, кандидаттар туралы барлық ақпарат акт залының фойесінде орналасты, ал таңдаушыларды тіркеу электронды түрде өткізілді.

–Сайлау үрдісі Қазақстан Республикасы заңнамасының, халықаралық құқықтың және демократиялық ұстанымдардың күллі талаптарын сақтай отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Таңдаушыларды есепке алудың электронды жүйесінің қолданылуы, дауыс беру шарасының және дауыстарды есептеудің әдістері сайлаудың деңгейін көтеріп, оны бақылаушылар үшін де, өзге үрдіске қатысушылар үшін де барынша ашық етті, – деп ойымен бөлісті Алтай өлкесі (Ресей) сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Евгений Суворов.

Жоғарыда атап өткеніміздей, сайлауға 312 адам қатысты. Сайлау комиссиясының мүшелері 322 бюллетень алды, олардың оны пайдаланылмаған, ал біреуі жарамсыз деп танылды. Қорытындысында Парламент Сенатына депутат болып Шығыс Қазақстан облысынан Дүйсенғазы Мусин сайланды. Оған таңдаушылардың 291-і дауыс берген. Ал Әкімғазы Баймолдинов үшін – 20 таңдаушы дауыс берді.

– Маған осындай зор құрмет көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін ризашылығымдыбілдіремін. Бұл – үлкен сенім және зор жауапкершілік. Бар білімім мен тәжірибемді Елбасы алға қойып отырған асқаралы міндеттерді атқаруға жұмсайтын боламын. Оның ең бастысы – Қазақстанды әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосу. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолында сіздермен тығыз қарым-қатынаста еңбек етуге ниеттімін, – деді жиналғандар алдында сөз алған Дүйсенғазы Мусин.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button