Руханият

ДУЛАТТЫҢ ДАУЫЛ ЖЫРЛАРЫ

Өр Алтайға арқасын тіреп, сол қапталында қара Ертістен Қараталға дейінгі қырқалы-құйқалы өлкені ен жайлап, еркін өскен, оң қапталында Аягөзден бастау алып, Сарыарқаның құландар жортқан құба белін көктей өтіп, Сырдарияның саялы сағасына дейінгі сайын далада сайран салған, өңіржиекте «арғы шеті Аягөз, Лепсі, Үржар» сияқты «тоқсан сала қосылып, тоғыз өзен түйіскен» өзенді-өрнекті өлкеде тұлпар мініп, ту алған наймандай қалың нудың киесі, «бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын көзі бар» тұмадай тұнық жырдың иесі, «тастан шыққан бұлақтай, жайқалған жасыл құрақтай, толықсыған сынаптай» жойдалы сөздің жүйесі Дулат бабамыздың  мұрасы – жыраулық поэзия мен ақындық әдебиеттің алтын көпірі.

Дулат – арысы түгел сөздің түбі бір – түп атасы Майқы биден тартатын, ортада Орманбет заманының ордалы билері Асан Қайғы мен Сыпыра жыраудан салатын, берісі – Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар жыраулармен тұйықталатын төбе билер мен жойқын жыраулардың соңы. Ол – өзі жырлаған: «Еркін өскен қайран ел, дәулетің бейне шалқар көл, айдының бейне асқар бел. Тауыңа малың аунаған, дәулетің өсіп қаулаған, тел емес малды саумаған» Қазақ хандығының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған аңызға айналған заманының азып-тозып: «күнбатысқа көз салмай, күншығысты еске алмай, бізді алатын жау жоқ деп, бізден мықты дәу жоқ деп… болашақты болжамай, жол сауданы олжалай, ақбөкендей алданып, жылқыдай делбе сандалып, ортасына кәпірдің, аңдамай келіп түскеніне» дейінгі аралықтағы аласапыран заманның бар қитұрқысын бастан кешірген, көзбен көріп, шермен жуған қазақ қоғамының поэтикалық шежіресі.

Осы орайда Дулат заманының, жалпы ғасырлар бойы қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамының кескін-келбетін өзгерткен орыс отаршылдығының  үш кейпіне тоқтала кеткен жөн деймін.

Мұның алғашқысы – хандық биліктің жойылуы. Ақын жиырмаға енді толғанда 1822 жылы ормандай көп Орта жүздегі хандық билік биік бәйтерегінің тамырына балта шапқан Сперанскийдің «Сібір қырғыздары туралы» әйгілі жарғысы шықты. Мұның алдындағы бес жыл ішінде ұлы хандардың сарқыты Кіші жүзде – Бөкей, Орта жүзде Уәли дүние салып, қазақ қоғамы саяси-құқықтық дағдарысқа душар болған еді. Патша отаршылары қазақ даласын Батыс Сібір генерал-губернаторлығы құрамындағы округ, болыс, ауылдарға жіктеп-жіліктеп, ондағы жан басы, шаңырақ санына дейін тізімдеп, ауылға – старшын, болысқа – болыс басқарушысы, округке аға сұлтандарды қойды. Хандық билік жойылып, есесіне «аға сұлтандар» қаптады. Аз ғана уақыт ішінде 7 округ ашылды. Аягөз (Сергиополь) округі құрылған 1831 жылы Дулат орда бұзар отызға таяған, от ауызды, орақ тілді ақын ретінде танылып үлгерген еді. Сол заманның келбетін ақын: «Батыста патша түнегі, Жеріңе келіп түнеді. Жоныңнан таспа тіледі, Ішіне әбден кіреді. …Дуан салып ішінен, Айырып қуат-күшінен, Ақ патша десе үрпиіп, Оянып шоршып түсінен, Аға сұлтан қазының, Ел сілкінді ісінен», – деп асқан дәлдікпен суреттейді.

Дулат заманының екінші сиқы – әскери отарлаудың орасан зор озбырлықпен жүргізілуі еді. Қазақстанның өзге аймағын айтпағанда, Дулаттың аты жетер жерде Ертіс, Бұқтырма әскери шептері, Ямышевск, Семей, Өскемен бекіністері, Коряковск, Убинск форпостары салынып, 1846 жылы Аягөз, ал 1847 жылы «қалың нудың» талмау тұсы Қапалда жаңа приказдар қоныс тепті. Осылайша бас-аяғы жарты ғасыр ішінде көшпенділердің көк түрік дәуірінен жеткен құдіретті рухын тұқыртып, жігерін жасыту мақсатында Ресейдей алып империяның құрамында жасақталған 11 казак әскери құрамасының бесеуі қазақ жеріне орнықты. Осы 11 құрамадағы жалпы саны 1 миллионнан асатын мұздай қаруланған казактар 5 миллионнан астам қазақтардың азаттық жолындағы әрбір күресін аяусыз басып-жаншып отырды. Бұлар да қырғи тілді, қыран үнді ақын назарынан тыс қалған жоқ: «Жағаңа дуан түскен соң, Суыңды орыс ішкен соң, …Жеріңнің алды шұрайын, Дуан салып жайланып, Датыңды айтсаң майырға, Сібірге кеттің айдалып. …Орыстың заңын қуаттап, Жол ашып елді суаттап, Баладай алдап уатпақ.  …Ел тандыры құрыды, Орыстың түсті құрығы. …Серпілуге шама жоқ, Дәнің кетті, қайран ел», – деп дәуірдің ащы да ақиқат шындығын дөп басып айтады.

Хандық билікті жойып, шаш ал десең бас алуға әзір миллионнан астам баскесер казактарын қазақ даласына қоныстандырып үлгерген орыс отаршылдары енді отарлаудың үшінші кезеңіне – қазақ жерін сұраусыз-сотсыз тартып алуға көшті. Бұған қазақ жерінің әр тұсында болған Саржан сұлтан, Исатай-Махамбет, Кенесары хан бастаған халық азаттығы жолындағы ұлт-азаттық күрестер отаршылдық өртін тоқтата алмады. 1844 жылы Сперанский Ережесі жаңартылса, 1867 жылы ІІ Александр патша «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесін» бекітті. Осылайша 1866 жылы Аягөз жаңадан құрылған Жетісу облысының қарамағына берілді. Бұл кезеңнің шындығы да Дулат ақынның шамырқанған шымыр жырларынан көрініс тапты: «Жау қарасы көрінді, Қабыңдап басты жеріңді, Кетпенсіз-ақ қаздырды, Өзіңе өз көріңді. Хан сарқыты – Кене хан, Қан жорық боп қаңғырды. Елің қалды қамауда, Елің қалса қамауда, Малың кетер талауда, Басың түсер санауға. …Батырдың туы жығылды, Ел шұңқырға тығылды».

Осылайша елі қамауға, малы талауға түскен екіталай заманда Дулат кешегі «босағасын борлатқан, керегесін торлатқан, тегеріші манаттан, жібектен ызып бау таққан» ақ ордалы заманды аңсайды. Халықты сілкінуге, серпілуге шақырады, ел жігерін қайрайды. «Батыр деме батырды, Шеп құрып жауға шаппаса; Төре деме төрені, Ел тілегін таппаса. …Батырлықтың сәні жоқ –  Түн ұйқысын төрт бөліп, Елерген тұлпар ерттеліп, Толғаулы найза қолға алып, Тұйғын құстай қомданып, Сары садақ асынып, Егескен жауды қашырып, Елін қорып жауынан, Ереулеген егер дауынан, Тұтамдап оқ жонбаса», – деген жолдар – біреулер айтып жүргендей зарлаудан да, сарнаудан да емес, ұлт намысын қайраудан туған құдіретті жыр.

Дулат шығармашылығы поэтикасын талдауды әдебиетшілер қауымына қалдыра отырып, біз оның ұлт тарихы мен руханиятына қосқан үлесінің төрт қырына: Дулат шығармашылығындағы қазақ тарихы,  Дулаттың Қазтуған, Доспамбет бастаған ұлы жыраулармен үндестігі, Дулат және дін, Дулат пен Абай тақырыптарына арнайы тоқталуды жөн көрдік.

ТАРИХ ТАМЫРШЫСЫ

 Дулат жыр-толғаулары ауызша шығарылып, халық арасына ауызекі жолмен таралған қазақ жырауларының соңы десек те, өз заманына сай алған білімі мен білігі бар, туған халқының арғы-бергі тарихынан да, сол тарихты алдаспанның жүзімен жазған тарихи тұлғалар өмірінен де хабары мол білімдар жан болған. Оның «Әуелгі қазақ деген жұрт» атты ұзақ толғауы Қазақ хандығының XV-XVII ғасырлардағы тарихи шежіресі іспетті. Дулат жырау осы өлеңінде: «Емін-еркін ен жайлап, Өсіп едің Бұхарда», – деп толғайды. Шындығында Қазақ хандығының негізін салушылар – Жәнібек пен Керей хандар билік құрған заманда мемлекеттің шекара-шебі айқындалып, іргесі бекіді. Қасқа жолды Қасым хан Сырдың бойын түгелдей қазаққа қаратып, мемлекеттің қанатын кеңге жайды. Жайыққа жеткен Хақназар хан Ноғай ордасының шығыс бөлігін дәргейіне келтіріп, Қазақ елін алыс-жақын жұрт түгел мойындаған қуатты мемлекетке айналдырды. Кешегі Дешті Қыпшақ жұртындағы ең құдіретті әміршіге айналған Тәуекел хан Ташкент, Ферғана, Әндіжан мен Самарқанды түгелдей өзіне бағындырып, Бұхардан бергі жерді қазақтардың еркін тұрып, ен жайлауына жол ашты. Көзі қарақты, сауаты мол Дулат дәл осы тарихты көзбен көріп, қолмен қойғандай дәлме-дәл суреттеп: «Сен Бұхарда кезіңде, Бәтуа бар сөзіңде, Келелі биің сенімді, Қара бір халқы көнімді, Тыныш еді еліміз. …Бұхар-ай  шәрі дейтұғын, Өскен, өнген жеріңіз», – деп көрсетеді.

Дулат жырау қазақтың басынан бақ тая бастаған заманда Қаратау мен Түркістанды тастап, үдере көшкенін: «Тобыршық атты бүгілтіп, Құйрық-жалын сүзілтіп, Езді бордай үгілтіп, Тұйғындай ерді ширатып, Тас ошақты қиратып, …Үдере тартып көшкенсің», – деп өкініш өзегін өртей жырлайды.

Дәл осы толғаудың мазмұнына қарап Дулаттың қазақтың ауызекі тарихын ғана емес, сол заманда тасқа басылған, кітапқа түскен, жарияға жеткен қазақ тарихына қатысты еңбектермен де жақсы таныс болғандығы айқын аңғарылады. Ол ары қарай: «Сыр, Қуаннан кеткенде, Арыс, Келес өткенде, Талас, Шуға жеткенде, Түйенің қомын шешкенсің. Шу бойына ығыр ғып, …Сарыарқаға түскенсің», – деп қазақ көшінің қия жолдары мен тайғақ кешулерін кәнігі тарихшыдай тарқатады. Бұл Дулаттың ескі бише мақалдап өлең айтқан көптің бірі емес, оқыған-тоқығаны мол, ата-бабаның ауызша шежіресін жазбаша тарихпен ұштастыра білген сұңғыла жырау екендігін тағы бір қырынан дәлелдей түссе керек.

Дулаттың «Ата қоныс Арқадан» атты толғауы жоңғар шапқыншылығының шерлі шежіресіндей әсер қалдырады. Мұнда да Дулат бос сөз, орынсыз зарлауға бой алдырмай, қазақтың басына түскен зор қайғыны қаз-қалпында суреттейді. Ол: «Ата қоныс Арқадан, Басында қазақ ауғанда, Күзді күнгі нөсердей, Көзінің жасы жауғанда, Ақтабан боп шұбырып, Асып асқар таудан да, Алқакөлді айналып, Ақ қайыңды сауғанда», – деп ел басына түскен шер-шеменді егіле толғайды. «Торғайдай тозып, Сырға түскен халықтың»  ата-баба кегін алу үшін қайтадан бір тудың астына басы қосылғанын айтып, осы кезде ел тізгінін  ұстаған «Әбілмансұр хан болды: Хан болмады қазаққа, Ағарып атқан таң болды», – деп Абылай хан бастаған қазақ қолының жеңісті шерулеріне зор шабытпен үн қосады.

Дулат толғауларының басты ерекшелігі тарихи оқиғалар тізбегін сол күйінде тарқата отырып, оған үнемі өзінің көзқарасын білдіріп, бағасын береді. «Сандықтас», «О, Сарыарқа», «Сауыр жерден айрылып» атты өлеңдерінде «Атам қонған иен далам! Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен қай балаң!», – деп, талауға, тонауға түскен ата қонысының қазіргі аянышты халіне жаны ашып,  туған өлкесін «көл қорыған қызғыштай» қорғайды. Дулаттың азып-тозған заманға деген наласы: «Мынау азған заманда, Қарасы – антқор, ханы арам, Батыры көксер бас аман, Бәйбіше тантық, бай сараң, Бозбаласы – бошалаң, Қырсыға туды қыз балаң. Нары – жалқау, кер табан, Құсы – күйшіл, ат – шабан», – деп зар-запыран болып төгіледі. Қазақтың абыройы асып, мейманасы тасқан заманның шет-жағасын көрген Дулат азған-тозған заманның адамын былай қойғанда жан-жануарларын да іске алғысыз етіп суреттейді. Әрине, мұның біразы бояуды қалыңдатып, экспрессивті-эмоционалды реңкті күшейту үшін қолданылған тәсіл.  Шортанбай, Дулат бастаған ақындардың бір тобына ұлы Мұхтар Әуезовтің «зар заман ақындары» деп баға беруі де олардың шығармашылығының осы ерекшелігінен туындаған деп білеміз.

Дулаттың наркескен жырларынан қазақтың өткен заманының ғана емес, сол дәуірдегі адамының кейпін, тарихи тұлғалардың тұтас портреттер галереясын көруге болады. Ол кейде бірауыз сөз, ұтымды тіркес, айшықты теңеу, бейнелі сөзбен салынған сурет арқылы Әбілпейіз хан, Абылай хан, Кенесары, Ер Қабанбай, Ақтамберді жырау, Нар дауысты  Нарынбай, Қу дауысты Құттыбай, Ақтайлақ би, Барақ сұлтан, Ер Еспембет сияқты қазақ тарихының төрінен орын алған тұлғалардың кескін-келбетін жасап,  олардың өмір тарихынан кесек-кесек мағлұматтар береді.

Дулат не жазса да шындықтың текеметін тіліп тұрып жазады. Оның «Бараққа», «Кеңесбайға» атты жырлары – осының айқын айғағы. Дулат оңдырмай сынап отырған хан тұқымы, аға сұлтан Барақ Солтабайұлы осал жан емес. Ол – Еуропаның аристократ ортасынан шыққан поляк бекзадасы Адольф Янушкевичке: «Барақ сұлтан – Шыңғыс ханнан тарайтын хандардың ұрпағы.  Ол әлі дер шағында. Бұл – жүзінен нұр төгілген және бойын кереметтей күш-қайрат билеген айбынды адам. Дала Геркулесінің бойына жомарт табиғат асқан ақыл мен қайсар мінездің үстіне жүрек жұтқан батылдықты да сыйлаған. Феодалдық заман баронының ұлы есепті ол серілік дәстүрінде тәрбиеленген: садақты ешкім одан дөп атпаған, асауларды ешкім одан тез үйретпеген, ауыр тасты ешкім одан оңай көтермеген. Қазақ турнирі – бәйге, қызық-шыжығын жұрттан бұрын көрген аңшылық пен барымта бұл жігіттің есімін бүкіл далаға кеңінен жайған. Оңай олжаға құмар аңшылар оның жасыл туы астына жан-жақтан келіп жиналатын. Жас батыр өзінің қолын шыңдарын қар басқан Алатауға талай бастап апарған. Суылдап келіп құсқа түскен қырандай ол үйсіндердің жер қайысқан табындарына талай шүйілген. Олардың өзінен тоғыз есе басым күштерін қиратып, көп олжаға қарық болып, аман-сау ауылына қайтқан», – деген сөздерді айтқызған өз заманының озық тұлғасы.

Дулат дәл осы сұлтан Бараққа қаймықпай қарсы шығып: «Құрық бердің ұрыға, Момынды алдың қырыңа, Малсыздарды таптадың, Малдыларды жақтадың, Тентекті жасқап қақпадың, Арамдарды ақтадың, Өсекшіні мақтадың, Арамдық болды баққаның, Орыс болды жаққаның», – деп бабасының алтын тағы мен асыл рухына кінәрат келтірген сұлтанды оңдырмай сынайды. Бұл – Бұқарекеңнің Абылайға, Марғасқа жыраудың Қатағанның хан Тұрсынына, Шернияздың Баймағамбетке, Махамбеттің Жәңгір ханға, Дулаттың өз замандастары Жанақтың Рүстем төреге, Орынбайдың Ерден сұлтанға   айтқан    қатулы   жырларымен рухтас туынды. Мұндай семсер сөзді айту үшін ақындық қабілет аз, оған өжет мінез, қайсар жүрек керек. Дулаттың отты жырларының қай тұсынан болсын, бұл қасиет әрдайым менмұндалап тұрады.

Дулаттың орысқа жаққан Барақты оңдырмай сынауының тағы бір себебі, найманның қалың қолын бастап, ол кезде әлі империя құрығына іліне қоймаған Жетісу жеріндегі бейбіт жатқан үйсін ауылдарын шабуы болды. Бұл туралы Сүйік Абылайханов бастаған Ұлы жүз шонжарларының Батыс Сібір губернаторы князь Горчаковқа жазған ғарызнамалары орыс мұрағатында сақталған. Янушкевич мұны дала батырлығының көрінісі деп сипаттаса, қашанда ел бірлігін көксеген Дулат: «Жақсы болса ұлығы, Өз елін жаудай таламас. …Алтын еді бір кезде, Ағаш болды тұғырың. Тыюсыз, тентек төлеңгіт, Шығарды елдің ығырын», – деп сын тезіне алады.

Қазақта «батыр аңғал» деген сөз бар. Осы аңғалдығымен орыс отаршыларының арандатуына еріп кеткені болмаса, Барақ – намысын ешкімге бермеген нағыз баһадүр. Янушкевич жазбалары бойынша Барақ Шәуешекте қытай губернаторымен кездескенде империя хаттамасына сай оған тізе бүгіп сәлемдесуді талап етеді. Ол тек қолын кеудесіне қойып амандасып: «Мен бір Тәңірдің алдында ғана тізе бүккен Шыңғыс ханның тұқымымын, ал сен жай ғана адамсың», – деп талапты орындаудан бас тартады. Амалы құрыған губернатор орнынан ұшып тұрып, құрақ ұша қызмет көрсетіп, төрден орын ұсыныпты.

Дулаттың Бараққа айтылған арнауына орай Ақтайлақ би оның әкесі Бабатаймен кездескенде аға сұлтанды көтермелеп, ақынды тұқырта сөйлеген екен. Сонда сөзге де, уәжге де тоқтаған Бабатай: «Жақсы да болса қарағым, жаман да болса қарағым. Солтабай маған бере ме, асып туған Барағын», – деген екен. Бұл Дулаттың әкесінің де ділмәр сөз, шешендік өнерден хабары мол жан болғандығын көрсетеді.

Дулаттың аяусыз мінегендерінің бірі – Кеңесбай мырза. Бұл да жеті атасынан билік үзілмеген, арғы бабасы Нар дауысты Нарынбай, бергі атасы – Қу дауысты Құттыбай, өз атасы – Байғара би, әкесі атақты Ақтайлақ би – нағыз шынжыр балақ, шұбар төстің өзі. Дулат оның текті аталарының бар еңбегін зор құрметпен тізбелей келіп, дәл өзіне келгенде: «Тұқымың дегдар болғанмен, Кеңесбай, азғын туғансың. …Ел білерлік ісің жоқ, Дегдар емес, будансың», – деп ауыр-ауыр сөздер айтады. Бұл – өшпенділіктен емес, өжеттіктен, шымырқанған шындықтан туған арнау.

Ақын шығармашылығындағы «Біреуге», «Екінші біреуге» деген шартты атаулармен азып-тозған заманның төрт міскініне берілген сипаттамалары да – Абайдың «Күлембайға», «Көжекбайға» атты уытты жырларымен үндес арнаулар.

Дулат өзі көрген, естіген, оқыған қазақ тарихының бел-белестері мен арғы-бергі кезеңдерін бір-бірімен салыстыра, шендестіре жырлаған, отаршылдық тонауына ұшыраған туған халқының қайғы-қасіреті мен шарасыз халін мұңлы жүрекпен толғаған өз заманының шерлі шежірешісі болды.

 ЖЫРАУЛАР СОҢЫ…

 Қазақ жерінің шығысында өмір сүріп, өзі туған өлкеден тым алысқа ұзап шықпаған Дулат жырлары орта ғасырларда – Еділдің арғы бетінде, Азаулының жерінде, Ноғайлының елінде өмір сүрген, арыда Асан Қайғы, Қазтуған мен Доспамбеттің, беріде Махамбеттің отты жырларымен ұштасып жатыр. Дулат толғаулары халқының қамын жоқтап, жайлы қоныс іздеген Асан Қайғының бізге там-тұмдап болса да жеткен жырларымен жүлгелес. Дулат та арыда жоңғар мен қалмақтың, беріде орыс отаршыларының талауына түскен ата-бабаның киелі қоныстарын аңсайды, сол мекенді, ен жайлауды көксейді. Осы тұрғыдан келгенде, оның мұң мен зарға қоса, болашаққа деген үміт пен сенім өрілген қайрауық жырлары Асан Қайғымен сарындас. Дулаттың «Асқар таудың сәні жоқ» атты термесі ұйқасы ғана емес, мазмұны, мақсат-мұраты тұрғысынан да Асан-Қайғының «Құйрығы жоқ, жалы жоғынан» тамыр тартып тұр. Бұл – қазақ ауыз әдебиетіндегі жыраулар поэзиясындағы ғажайып поэтикалық дәстүрдің ғасырдан ғасырға үзілмей жетуінің айқын көрінісі.

Дулаттың «Ақжайлау мен Сандықтас – Атамның қонған қонысы. …Жоның жайлау кең алаң, Атам қонған иен далам!», – деп басталатын жыры Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұртымен» астасып тұрса,  ақынның тағы бір толғауындағы: «Тай туып, тайлақ қайыған, Тоқты қоздап байыған, Малың қысыр қалмаған, Қулығың құлын салмаған», – деген жолдар ұлы жыраудың: «Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер, Жатып қалып бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер, …Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған», – деген бедерлі суреттермен тақырып жағынан да, өлең өрнегі тұрғысынан да үйлесіп-ақ тұр. Дулаттың «Сандықтасы» мен «Сарыарқасы» – Доспамбеттің «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын ақ Жайық» сияқты ата-бабаның құтты қоныс, киелі мекендерін тебірене толғаған жырларымен үндес, рухтас туындылар.

Бұдан Дулат ақын Доспамбет пен Қазтуғанды сыртынан білген, жырларын естіген деген қорытынды тумаса керек. Бұл ұқсастық пен үндестіктің құпиясы – қазақтың батысы мен шығысына бірдей тараған Ер Едіге мен оның баһадүр ұрпақтары Орақ-Мамай, Қарасай-Қази, Бегіс, Көгіс, Жаңбыршы, Телағыс туралы қаһармандық дастандар, Ноғайлы дәуірінде дүниеге келген «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырының алтын жүлгесі. Оларды, сөз жоқ, Доспамбет пен Қазтуған заманында өмір сүрген жыраулар дүниеге әкелгені анық. Сондықтан бұл ортағасырлық поэтикалық дәстүр ХІХ ғасыр ақын-жыраулары шығармашылығының әр тұсынан қылаң беріп отырады. Махамбет жырларында Шалкиіз толғауларындағы тұтас тіркес пен шумақтардың тура сол күйінде кездесетіні де осыдан. Мұны түркі халықтарының көк түрік заманынан үзілмей жеткен ескі дәстүрінің жаңа замандағы жаңғыруы деп қабылдаған жөн.

Махамбет дегеннен шығады. Дулат жыраулар поэзиясының алтын көпірі арқылы бірде Шалкиіз, ал енді бірде Махамбеттің өзімен ұштасып кетеді. Дулат ақынның: «Батырлықтың сәні жоқ – Түн ұйқысын төрт бөліп, Елерген тұлпар ерттеліп, Толғаулы найза қолға алып, Тұйғын құстай қомданып, Сары садақ асынып, Егескен жауды қашырып, Елін қорып жауынан, Ереулеген егер дауынан, Тұтамдап оқ жонбаса!», – деген түйдек-түйдек жырлары Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмайына» тартып-ақ тұрған жоқ па?! Дулаттың: «Шамшырақтай жайнамай, Ер деп атақ алмайсың, Алмас семсер асынбай, Кезенген жауды қашырмай, Асудан ары асырмай, …Болат найза қайрамай, …Тобышақ атты жайламай», – деген төгіліп тұрған жырлары Махамбеттің «Беркініп садақ асынбай, Біртіндеп жауды қашырмай», – деп келетін ерлік жырларымен үйлесіп тұрғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Дулаттай жойқын жырау мен Махамбеттің ұқсастығын шалқып-тасыған ақындық дәстүрдің ғана емес, аспандап, әуелеген өршіл рухтың үндесуі деп қабылдау керек.

Ақынның хан-сұлтан, бай-бағландарға арналған жыр-толғауларынан бір парасы үлгі-өсиетін жастайынан санасына сіңіріп өскен Бұқар жыраудың Абылай хан мен Бөгенбай батырға арнауларын еске түсіреді.

Дулат толғаулары домбыра мен қылышты қатар ұстаған Ақтамбердідей жорық жырауының алдаспан жырларымен де астасып жатыр. Екеуі бір атадан, бір өлкеден, бір ауылдан деуге болады. Тіпті Ақтамберді Дулаттың «Ер Еспембет» дастанына кейіпкер ретінде де еніп кеткен. Дулат жырларынан Ақтамбердінің өршіл рухты поэзиясының лебі есіп тұр. Тіпті мазмұн мен түр жағынан алғанда, Дулаттың дауылдай екпінді жырлары Ақтамберді поэзиясының жалғасы іспеттес. Қолданылған теңеу, метафора, эпитетті былай қойғанда, кейде Ақтамбердінің тұтас шумағы да ауысып, түрленіп келіп, Дулатта  жалғасын табады. Егер Ақтамберді: «Жарлауға біткен жапырақ – Жамылсақ, тоңар ма екенбіз?! Жазыққа біткен бүлдірген – Сұғынсақ, тояр ма екенбіз?!», – деп түйдектетсе, Дулатта бұл шумақ: «Жапанға біткен жапырақ, Жамылсаң, тоңар ма екенсің? Жазғы шыққан бүлдірген, Сұғынсаң, тояр ма екенсің?» – деп түрленеді. Дулаттың «Ақтан жасы» – басы бүтін Ақтамберді поэзиясының үлгісімен жазылған туынды. Қос жыраудың шығармашылығын салыстыра зерделейтін болсақ, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Дулат – өзіне дейін өмір сүрген қазақ жырауларының өлең өрнегін кейде тікелей рух еркіндігі атой салған қаһармандық жырлардан, кейде солардың замандастары тудырған дастандар арқылы жастайынан бойына сіңіріп, оны кемел ой, кестелі тілмен өрбіткен, жаңа заман әдебиетінің жаңа лебімен дамытқан жыраулық поэзияның соңы, ақындық әдебиеттің басы.

ДУЛАТ ЖӘНЕ ДІН

Дулат поэзиясы оның мұсылманша сауаты мол, сол кезде Ташкент, Қазан, Уфа жақтағы баспалардан шығып, қазақ арасына тарай бастаған діни әдебиет пен сопылық поэзия өкілдерінің шығармашылығымен жақсы таныс болғандығын көрсетеді.

Сопылық поэзия – Абай да тағылым алған, сұлу сезім мен құпия сыры қатар өрілген үлкен философиялық мектеп. Данышпан ақынның жырында есімі аталатын Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафиз – түгелдей дерлік сопылық поэзияның классиктері. Діни дәстүрлердің қатал заманында өмір сүрген оларды азат ойлары мен еркін көзқарастары үшін ислам жолынан ауытқыған еретиктер ретінде кінәлағандар да аз болмаған.

Сопылық мектептің қазақ ақын-жазушыларына жақындығы – Алланың хақтығын, Мұхаммедтің расулдығын мойындап, дін-исламға деген адалдықты сақтай отырып, ойға, пікірге, көзқарасқа ерік беруі болды. Бұл Дулаттың таным-түсінігі мен өмірлік ұстанымына өте жақын еді.

Сопылық поэзия өкілдері Ұлы Жаратушы алдында өзін күнәһар санап, өмірде біліп-білмей жасаған жаза басушылықтары үшін кешірім сұрап, Алладан медет тілейді. Мұндай үрдістерді «мінажат жырлар» деуге болады, ал Қожа Ахмет  Яссауиде бұл жанр «хикмет» түрінде көрініс тапқан. Дулат сопылық поэзиямен, оның мазмұнымен, жанрлық ерекшеліктерімен, басты қағидаттарымен, Яссауи хикметтерімен таныс болған. Бар ғұмырын қырда өткізіп, сопылық дәстүрді ұстана алмаған Дулат: «Адал сопы мен емес, Пірдің сөзін тұтынған», – деп анық жазады. Осы жолдар Дулаттың сопылық дәстүрдегі пір мен шәкірттің, яғни мүршид пен мүридтің арасында болатын дәстүрлік иерархиядан да хабары бар екендігін аңғартады.

Дулаттың сопылық поэзия мен діни кітаптармен жете таныстығы оның: «Софы аллия кітаптар, Сұрап көрсең сорымды. Кітап сөзін тұтпасақ, Тәңірім ісі қиын-ды», – деген жолдардан да байқалады. Жыраудың мұндағы айтып отырғаны – есімі қазақтар мен татарлар  арасына кең тараған сопылық поэзияның көрнекті өкілі, мистик ақын Софы Аллаяр. Оның аты данышпан Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде кездеседі. Дулат шығармашылығы өте күрделі Софы Аллаяр сияқты философ ақынның қыр-сырын ұққан, өмірбаянынан да хабардар болған. Софы Аллаяр өз шәкірттері үшін 11 бөлмелі құжыра және олардың бәрінің басын қосып дәріс өткізетін ортақ ханака салдырған.  Мұны да білген Дулат: «Он екі хат шалғыны, Қияда сұңқар таратты», – деп жазады.

Дулат – ислам тарихынан, мұсылмандық ілімнің негізгі постулаттарынан хабары мол жырау. Оның шығармаларында «Алла», «шариғат», «иман», «обал», «сауап», «қайыр», «дұға», «күнә», «нәпсі», «пейіш», «тозақ», «бәтуа», «шарафат», «медет», «рахым», «сабыр», «ақирет», «тәуба», «таупиқ» сияқты исламдағы аса күрделі философиялық категориялардың жиі ұшырасуы және оған деген ақын көзқарасының қазақи ұғымға сай жыраулық поэзия тілімен берілуі оның діни сауатының молдығын дәлелдесе керек.

Кезінде хакім Абайдың «Құранды молда теріс оқырын» «ғылыми тұрғыдан» талдап, оны атеист ақын ретінде зерттеу жазғандар да болған. Дулаттың «Ишанға» атты өлеңінен оны дінге қарсы ақын шыққан деушілер де табылды. Бұл – әрине, қисынға келмейтін, ақиқатқа жанаспайтын әрекет. Дулат шығармашылығымен толық таныс адам мұндай қиянатқа бармауға тиіс. «Ишанға» жыры, керісінше, ислам мен оның құндылықтарын аяр молдадан қорғауға арналған. Дулат нәпсіні тыйып, шариғат жолын ұстануға, иманның тазалығына шақырады. Ол: «Ақылы жоқ молдалар, Иман алмақ тиынға. Оңайлықпен келмейді, Иман деген қиын да», – деп нәпсісін тия алмаған арамза молданы ащы сынға алады.

Софы Аллаярды білген Дулат, әрине, Қожа Ахмет Яссауиді де терең таныған. Оның «Әуелгі қазақ  деген жұрт» атты толғауының: «Мәдине мен Меккеде, Әулие зада мол екен. Әзірет қонған Қаратау, Аса алмаған онан жау», – деген жолдарындағы ишара арқылы ел арасында «Әзірет сұлтан» атанған Қожа Ахмет Яссауи меңзеліп отырғаны   даусыз.

Яссауидің пайғамбар жасына келген соң «ендігі тірлікте маған күннің көзін көрудің өзі артық» деп, қылуетке түсіп, бар ғұмырын бір Аллаға мінажат етумен өткізгені әмбеге аян. Сондықтан оның шығармашылығындағы негізгі мотив адам бойындағы нәпсіқұмарлық, тойымсыздықпен күрес болды. Оны жеңудің басты жолы – күнәні мойындау, тәубеге келу. Нәпсі менмендіктен туады, сондықтан ол – адамның «альтер эгосы».

Нәпсі – «Құранда» жиі айтылатын, сопылар тарапынан жиі тәпсірленген өте күрделі философиялық категория. Нәпсіқұмарлық адам бойындағы көрсеқызарлық, қанағатсыздық сияқты теріс пиғылдарды тудырады. Нәпсі, күнә мен тәубе – Яссауи хикметтерінің басты тақырыбы. Ол: «Көңілім қатты, тілім ащы, өзім залым. …Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл», – деп өзін-өзі қатты шенейді. Дулат та өзін үнемі оңдырмай сынайды.

Яссауи – дүниеқоңыздық пен нәпсіқұмарлықтың қас жауы. Ол өз хикметінде: «Дүние – нәжіс, талап етіп итше жүрдім, Ұстап оны арқасынан күн-түн қудым. …Нәпсі шайтан тұтқын қылды адам ұлын, Түйедей ғып байлап алды екі қолын», – деп жазады. Дәл осы идея өзін жойқын сынға алатын Дулат шығармашылығының алтын қазығы деуге болады. Ол «Дүние – жемтік, мен – төбетінде»: «Күнәм – жойқын, тәубем – аз, Тіршіліктен не таптым?» – деп назаланса, тағы бір өлеңінде: «Заманақыр болғанда, Нәфсі жақын баладан», – деген тұжырым жасайды.  Адам өз бойындағы теріс пиғылдарды жеңуі үшін: «Молдадан сабақ алыңыз, Иманды жақсы біліңіз, Мен есіттім кітаптан, Ғақыл, иман нұрмен тең. …Мал – дүниенің опасы, Иман – жанның сапасы, Ауыздағы иманың, Раушан болған нұрмен тең», – деп оқу-білім меңгеруге, нұрға теңдес ақыл мен иманды қатар ұстануға шақырады. Дулаттың «нұрмен тең» иманы: «Бихамдиллах «нұр-и-иман» аштым міне», – деген Яссауи негіздеген «нұр-и-иман», яғни «иман нұры» ілімімен ұштасып жатыр.

Яссауиден басталып, Дулатпен жалғасқан «иман нұры» ілімі Абайда кемелдікпен толығады. Ол отыз алтыншы сөзінде «ұят кімде болса – иман сонда» десе, отыз сегізінші сөзде: «кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ», – деп түйіндейді. Ұят пен ар, ынсап пен таупиқ – Абай мен Дулат поэзиясындағы имандылыққа бастар баспалдақтар. Абай имандылықты Алланы сүю, адамзатты сүю, Хақ жолын сүюмен қабыстырып, «иман нұрын» үш сүюден құралған «имани гүлге» ұластырады.

Жалпы, Дулат пен сопылық поэзия, Дулат пен Яссауидің үндесуі және оның Абай шығармашылығында кемелдік деңгейге көтерілуі арнайы зерттеуді қажет етеді. Қазір діни сауаты мол, ұлт әдебиеті тұнығынан қанып ішкен сауатты жастарымыз көп. Солар «Құран Кәрімді» түсініп оқып, Мұхаммед пайғамбарымызды қадыр тұтып, «тоқсан тоғыз машайық пен отыз үш мың сахабаның» (Дулаттың сөзі) өмірін үлгі тұтқан Дулат ақынның шығармашылығына тереңірек үңіліп, зерделі зерттеулерді дүниеге әкеледі деп сенеміз.

ДУЛАТ ЖӘНЕ АБАЙ

 Дулат туралы әңгіме айтыла қалған жерде данышпан Абайға соқпай кету мүмкін емес. Және ол Абайдың бәрімізге мектеп оқушысы кезімізден жақсы таныс: «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» атты өлеңінен басталады.

Шындығында, Абай айтқан үш ақын – қазақ поэзиясының үш үлкен биігі. Оларсыз ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін елестету қиын, тіпті мүмкін емес. Бұқарекең – жырау ғана емес, хан Абылайдың ақылман кеңесшісі, айтқан сөзіне ел де, хан да тоқтаған әрі би, әрі абыз, өз заманының қабырғалы мемлекет қайраткері. Хандық дәуірдегі қазақ әдебиетін зерттеген ғалымдардың бәрі бірдей жыраулық поэзияның классигі ретінде мойындаған тұлға.

Шортанбай да қара жаяу жан емес. Дулаттың «Өсиетнамасынан» көп бұрын шыққан оның «Бала зары» атты кітабы төңкеріске дейін қатарынан бірнеше рет басылып, қазақ арасына кеңінен тарады. Ең бастысы, сынға ұшырап отырған әдебиеттің үш тірегінің үшеуі де – Абай елімен ауылы аралас, қойы қоралас жерде өсіп-өніп, атақ-даңқы әлдеқашан Алаш жұртын шарлап кеткен алыптар. Сондықтан Абай үшеуінің есімін ғана емес, шығармашылығын да бала күнінен-ақ құлағына сіңіріп өскен. Мұны жақсы білетін Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай» романының «Қайтқанда» атты тарауында әжесі Зеренің қыстауындағы он үш жасар Абайдың екі шешесінің айтуынан Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек хикаяларын, Күдеріқожа, Шортанбай, Шөже жырларын ынтыға тыңдайтыны суреттеледі. Күндердің күнінде бұл үйге қос қонақ – Дулат ақын мен Байкөкше жыршы (өмірде болған адам) келіп, бала Абайға кезектесе «Қобыланды батыр» мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» келістіре жырлайды. «Ел айығып, оңаша қалғанда Дулат өз жырларын, өзі құрбы – Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын жырларын термелеп кетеді». Кейін амалдың жоқтығынан есімі Барлас деп өзгертілген Дулаттың ныспысы алғашқы басылымда өз атымен аталып, оның жырлары «Өсиетнамада» жарияланған төл нұсқасында беріледі. Мұхаңның жазуынша, қос ақын Зере ауылында бір айдай жатып, бала Абайға бұрын естімеген өлең, жыр, айтыс, дастандар әлемін армансыз аралатқан.

Ұлы Мұхаң романда суреттеп отырған кездесудің өмірде болуы да әбден мүмкін. Абай 13-ке 1858 жылы келген. Бұл кезде Дулат – әлі тірі, жасы 56-ға шығып, сол заман ұғымынша мосқал тартқан қарт жырау. Мекені де Абай ауылынан арыса бір көш жерде. Сондықтан мұндай кездесу орын алған да шығар, өтпеген күннің өзінде Абай Дулат жырларын бала күнінен-ақ естігені анық. Ал бертінде, 1880 жылы шыққан «Өсиетнаманы» онсыз да сирек жарық көретін қазақ кітаптарының біреуін де қалт жібермейтін Абайдың оқығаны еш күмән келтірмейді. Ендеше, неге Абай оларға осыншама қатқыл баға берген?

Абайдың үш ақынға арналған бұл сөзі оның 1888 жылы жазылған «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол» атты өлеңінде айтылады. Бұл – Абайдың кемеліне келген кезі. Өзі жас күнінде қызыға, құмарта оқыған шығыс ақындарын тауысып, орыс, батыс поэзиясына ден қойған, Пушкинді аудара бастаған тұсы. Өлеңге, әдебиет атаулыға қоятын талабы жоғарылап, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасының» жазылған шағы. Тұжырымдап айтсақ, Абайдың әлемдік поэзия мен ақыл-ой биігіне еркін көтерілген кезі. Абайтанушылардың бірыңғай мойындауынша, 1988 жыл – оның поэзиядағы ең өнімді еңбек етіп, «Күз», «Қыс», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Айттым сәлем, Қалам қас», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» сияқты классикалық туындыларды дүниеге әкелген жылы.

Әрине, ақыл-ой мен поэзияның шырқау шыңында тұрған данышпан Абайдың бұл кезде өзі үшін «кемшілігі әр жерден көрініп тұрған» ақын-жыраулар жайлы басқаша жазуы мүмкін емес еді. Оның бұл бағасы – үш ақын шығармашылығын тұқырту, төмендету емес, оларды өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің үш белесі, үш биігі ретінде мойындауы. Абайдай ұлттың әділ ұстазына, кемеңгер данасына не десе де жарасады. Өйткені ол өзінің данышпандық биігінде тұрып айтады. Ал біз хакім сөзінің астарын аңдап, ишарасын шамалап, жұмбағына бойлап барып қорытынды жасауымыз керек. Ендеше, Абайдың Дулатқа берген бағасын сын емес, оның поэзиясын өзіне дейінгі әдебиеттің биік белесі ретінде бағалауы ретінде қабылдауымыз керек.

Дулат дүние салған 1871 жылы алғашқы балаң жырларын жазғаны болмаса, Абай әлі үлкен әдебиетке келе қоймаған. Сондықтан Дулат пен Абай поэзиясындағы үйлесімді «алдыңғы толқын ағаның – кейінгі толқын ініге» тигізген тәлім-тағылымы, жыр дәстүрінің үлгі-үндестігі ретінде қарастырған жөн.

Дулат пен Абай поэзиясынан ұқсастық іздеушілер ұлы ақынның өмірінің соңына қарай жазылған «Көлеңке басын ұзартып» атты өлеңіндегі «Адасқан күшік секілді, Ұлып жұртқа қайтқан ой» атты ғажайып образдың төркінін Дулаттың «Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай», – деген жолдардан іздейді. Дұрыс-ақ. Түп-төркіні Дулаттан басталып, Абайда қайталанбас деңгейде түрленген ұқсастық мұнымен ғана шектелмесе керек. Дулат: «Әуелгі қазақ деген қалың жұрт, Миығыңды  көрсетпей, Ұстарасыз өскен мұрт. Ұйқы басып сезбедік», – деп уайымдаса, Абай: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың», – деп күңіренеді. Дулат: «Орыстың заңын қуаттап, Жол ашып елді суаттап, …Шен-шекпенге сатылып, Батпаққа елін батырып», – десе, Абай: «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жапқанға», – деп толғайды. Дулат: «Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады-ай», – деп мінесе, Абай: «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап», – деп шенейді. Тіпті Абайдың «Жаз» атты хрестоматиялық өлеңіндегі бәріміз бала күннен жаттап өскен белгілі жыр жолдары Дулаттың: «Маңғаз байың балпаңдап, Мақтангөйің талтаңдап, Жас өспірім жар таңдап, Бәйбішелер былқылдап, Ақпейіл шалдар аңқылдап, Ақкөңілдер жарқылдап», – деген ұйқастарымен үйлесіп-ақ тұрған жоқ па?!

Абай сыны дегеннен шығады, ол «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырауды» ғана қаламына іліктірген жоқ. Ол «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты шығармашылық кредосын айқындаған әйгілі жырында есімдерін айтпаса да өзінің ақындық мектебінен шыққан үш ақынды да шарпып өтеді. Абай осы өлеңінде: «Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз», Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз». Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз», – деген жолдарда шәкірті Көкбай ақынды, қиссашыл ақын Әріп Тәңірбергенов пен атақты Шәкәрімнің өзін сынға алған.

Абайдың ақын ұлы Тұрағұл әкесі туралы естелігінде осы өлеңнің тарихы туралы айта келіп, оның кезінде Әзірет Әлінің айдаһармен алысқаны жайында жыр жазған Көкбайды, суреттеген қыздың дене мүшелерін алуан түрлі асыл тастарға теңеп, жер-көкке сыйғызбай мақтайтын Әріп Тәңірбергеновті және Шәкәрім қажының жас күнінде кәрілікті жамандаған өлеңдерін тұспалдап тұрғанын ашып көрсеткен.

Көкбай Жанатайұлы – Абайдың өзі тәрбиелеген, оқытқан, жанына жақын тұтқан шәкірттерінің бірі. Абай «Жаз», «Күлембайға» атты өлеңдерін алғашқыда Көкбайдың атынан жариялап, «Дала уәлаятының газетінде» бастырған. Көкбай молда әуелде қиссашыл ақындарға еліктеп айдаһармен алысатын Әзірет Әлі туралы дастан жазса керек. Абай осыны ишаралап тұр.

Әріп Тәңірбергенов – орысша, қазақша білім алған, араб, парсы, қытай тілдерін меңгерген, бүгінде есімі қазақ әдебиетінде еркін мойындалған тұлға. Оның «Зияда-Шаһмұрат», «Қожа-Ғаффан», «Таһир», «Бахрам» атты дастандары бірнеше рет қатарынан басылып, төңкеріске дейін қазақ арасында кеңінен таралған. Пушкин мен Лермонтовты да аударған. Міне, осындай мүмкіндігі зор талант иесінің «Зияда-Шаһмұратта»  Хорлы, Ғайын атты қос ханшаны бейнелегенде «Ақ маңдай, қас зүбәржат, көзі гауһар», «Інжуден отыз тісі, ерні лағыл», «Ақ тамақ, алтын иек мойындары», «Ханшаның отыз тісі меруерттен», «Мүшесі, кеудесі алтын, зүбәржаттан», – деп шығыстық үлгідегі ғашықтық дастандарда жиі кездесетін жеңіл-желпі теңеулерді қуып кеткенін Абай орынды сынайды. Тұрағұл: «Ол өлеңге Әріп кектеніп: «Біржан мен Сара деген қыз айтысыпты» деп өлең жазып, біздің ақсақалды жамандайды. Біржанның арғын емес, Керей екендігін білмейді»,  – деп баяндайды. «Біржан-Сара» тақырыбын қаузасақ алысқа кетіп қалатындықтан Әріп туралы әңгімені осы жерден доғарайық.

Абай екі ақын туралы ойын екі-ақ жолмен астарлап айтса, өлең тұтастай алғанда, кәрілікті жамандаған Шәкәрімге арналғандай әсер қалдырады. Ондағы «қызшыл», «қызықшыл», «сәнқой», «даңғой», «кербез-керім» деген сынның бәрі «өлеңі бар өнерлі» інісіне арналған. Абай бұл өлеңінде «улы сия, ащы тілге» ерік берген. Неге? Енді осыған келейік.

Шәкәрім 21 жасында «Сегіз аяқтың» үлгісімен «Жастық туралы» өлеңін жазады. Бұл – Шәкәрім поэзиясындағы ең көркем, ең сұлу жырдың бірі. Кейін жастыққа қарама-қарсы етіп, қарттыққа жеткен адамның жүрегіне шаншудай қадалатын тұстары көп «Кәрілікті» ұсынады. Жиырмадан енді ғана асқан Шәкәрім: «Кәріде ақыл, күш болмас», «Қадірің кетіп, заманың өтіп», «Жан жуымас қасыңа», «Сүйегің қалып, ет кетсе, – Далаға барып сие алмай, Киімін жөндеп кие алмай», «Тұра алмай жатып, Былшылдап, шатып», «Оны да сезбей, Үмітін үзбей, Келмейді шалдың өлгісі», – деген сияқты зілмауыр сөздерді қолданады. Екеуінің арасы бір-ақ мүшел болса да, бұл оған да, ақын інісінің әбестігін бетіне басып хакімге шағымданған егде тартқан ел ағаларына да ұнамайды. Сондықтан Абай жаңылыс басқан інісі үшін «есіл өнер қор болып кетер түзге», «Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге», – деп елжірей, егіле толғайды.

Мұның бәрін тізбелеп отырғанымыз: осы өлеңде сын бар ма? Болғанда қандай. Бірақ Абай мұны ақын інілерін мінеу үшін емес, «жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп ақындық өнерді ұстанған шәкірттеріне жөн сілтеп, жоба көрсету үшін жазған.

Шәкәрімнің данышпандығы сонда – ол кейбіреулер сияқты ұстазының сөзін кек тұтқан жоқ. Қателігін түсінудің белгісі ретінде: «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық. …Жалыналық Абайға, жүр, баралық! Қой, ойлалық, шатылып, шатаспастан, Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?», – деген ұзақ өлеңін жазады. Ұлылар осылай үндесіп, осылай табысқан.

Абайдың Көкбай, Әріп, Шәкәрімді сынаған өлеңі туралы пікіріміз оның Дулатқа қарата айтқан сөздерінен басталды. Дулат туралы жазғанда  Абай сөзбен бірге тыңдаушысы да түзелген жаңа әдебиетке қойылатын талаптың да биіктегенін меңзеу үшін айтты деп ұққанымыз жөн.

Дулат пен Абай үйлесімін тұжырымдап айтар болсақ, Абай өзіне дейінгі қазақ поэзиясының озық дәстүрлерін бала күнінен құлағына сіңіріп, көкірегіне құйып өскен. Кем-кетіктерін де білген. Оларды өзі қазақ топырағына бейімдей дамытқан әлемдік поэзия үлгілерімен салыстыра, шендестіре отырып баға берген. Міне, сондықтан Мұхтар Әуезов әлем әдебиетіндегі ХХ ғасырдың ұлы романы саналатын «Абай жолына» Дулатты Абайдың ұстазы ретінде біліп қосқан. Бүгінгі күн оқырмандары да Дулат шығармашылығын дәл осылай қабылдауы керек.

***

Дулаттың өмірі қандай қиын болса, шығармашылық тағдыры да соншалықты ауыр болды. Патшалық цензура оны орыс отаршылдығының саясатын өлтіре сынағаны үшін қырына алса, кеңестік қызыл идеология ескішіл, кертартпа, хандық дәуірді дәріптеген ақын ретінде шеттетті. Оның «Өсиетнамасын» баспаға дайындаған Мәулекей есімді діндар ақын Дулат өлеңдерінің өзіне ұнамаған, цензураға жақпаған тұстарын қырқып тастап, наркескен ақынның қиғыр қылыштай өткір жырларын жұмсартып бергенге ұқсайды. Төрт аяғын тең басқан Дулаттың жорға жырларының кей тұста кібіртіктеп, шоқырақтап қалатыны да осыдан.

Дулат жырлары өзінің көзі тірісінде-ақ ел арасына, әсіресе өзінің туып-өскен Семей жұрты, Шығыс Қазақстан өлкесіне кеңінен таралды. Ол дүниеге келіп, бар ғұмырын өткізген Аягөзбен іргелес ауданда өскен біз де жас күнімізден ел ағалары, абыз ақсақалдар аузынан «Ақтайлақ би айтыпты», «Дулат осылай деген екен» деген өлең-жыр, шешендік сөздерді көп естідік.

Дулат атақты Ақтайлақ бидің өзімен сөз қағыстырған. Кезінде көненің көзі, тарихтың өзіндей болған, Абай ақындық мектебінің көрнекті өкілі Шәкір Әбенов ақсақал өзі білетін және аягөздік көнекөз қария Ғаббас Байділдаұлынан жазып алған Дулат мұрасын жіктеп, жүйелеп, Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырады. Өкінішке орай, осы бір ғажайып қазына әлі толық игерілді деп айта алмаймыз. Ғаббас ақсақал Дулаттың көзін көріп, сөзін өз аузынан тыңдаған екен әрі оларды ақынның  тірі кезінде-ақ хатқа түсіре бастапты. Сондықтан Шәкір Әбенов тапсырған мол мұраның дулаттанушылар үшін әлі айтар сыры да, берер өсиет-өнегесі де аз болмаса керек.

«Абай» энциклопедиясын дайындау барысында 1989 жылы біз академик Рымғали Нұрғали, профессор Мекемтас Мырзахметов, абайлық ақын Төлеген Жанғалиев бәріміз Құндыздыдағы Шәкір ақсақалға сәлем беруге бардық. Жады мықты қария Абай, Дулат, Шәкәрімнің жырларын жатқа соғып, әр өлеңнің жазылу тарихын баяндап, олардың тағдыр-талайына қатысты небір қызғылықты хикаялар айтты. Сол күні Ғылым академиясына өзі тапсырған ақын өлеңдерінің әлі жарық көрмегеніне өкініп, тіпті оларды өткізгеннен кейін де ел аузынан Дулаттың талай-талай желдей ескен, сеңдей көшкен дауылды жырларын естігенін жеткізіп еді. Әрине, қазір ондай қазыналы қарттарымыз қалмады деуге де болады. Дегенмен, қолжазба қорын тағы да ұқыптылықпен қағыстырар болсақ, арқалы ақынның бүгінгі оқырманға белгісіз, жарияға жетпеген ғибратты жырларының табылып қалуы да бек мүмкін.

Дулат жырлары Мұхтар Әуезовтің  қолдауымен әуелі «Абай» романында, кейін түрлі әдебиет оқулықтары мен хрестоматияларда там-тұмдап жарық көрді. Оның шығармашылығы жөнінде әр жылдарда академик Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, ғалымдар Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, М.Мырзахметов, М.Мағауин, Х.Сүйіншәлиев, Б.Омаров, Т.Шаңбай, Қ.Раев, т.б. тарапынан зерттелді.

Осы тұрғыдан келгенде белгілі дулаттанушы ғалым Құлмат Өмірәлиевтің құрастыруымен 1991 жылы жарық көрген «Замана сазы» атты жинақтың орны ерекше болғандығын атап өту ләзім. Дәл осы ғалымның ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ерекшеліктеріне, өлең түріне арналған «Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» атты 1983 жылы жарық көрген монографиясында Дулат поэзиясының қыр-сыры терең талданды.

Дулатқа арналған ғылыми-зерттеу еңбектер туралы ойымызды ақын шығармаларының тілі мен поэтикалық күш-қуатын жан-жақты қамтып зерттеген үлкен ғалым, академик, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рабиға Сыздықова апамыздың: «Дулат – Абайдың алдында өткен қазақ сөз зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Ол мәдени-рухани дүниемізден өз орнын, үлкен орнын алуға тиіс», – деген пікірімен қорытындылауға болады.

Дулатты тану, зерттеу, шығармаларын жинау мен жүйелеудің жаңа кезеңі енді басталды. Оның сан қырлы, алуан тоғысты бай шығармашылық мұрасы философ, социолог, заңгер, педагог, психолог, тарихшы, әдебиетші, тілші ғалымдарымыз тарапынан жан-жақты зерттеліп-зерделеніп, оның жыр-кестеге түсірген қайталанбас өлең-өрнегінің айшығы айқындалып, түс-таңбасы талданып, жаңа буын зерттеушілері арқылы жалғаса береді деген сенімдеміз.

Мұхтар ҚұлМұхаммед

Суреттерде: 1. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Дулат Бабатайұлының 200 жылдық тойында арнайы баяндама жасады, 2002 жыл.

2. Дулат Бабатайұлы

3. Қазан қаласында 1880 жылы басылған “Өсиетнаманың” факсимилесі

 

 

Осы айдарда

Back to top button