COVID-19 

Дұрыс шешім қабылдау маңызды

Елімізде ковидке қатысты эпидахуал айтарлықтай нашарлап кетпегенімен, COVID-19-ды таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметтері бойынша, күн сайын жаңа жағдайлар артып келе жатқаны байқалады. Тоғызыншы тамызда республика  аумағында 1650 науқас тіркелсе, бұл бір тәулік бұрынғыдан 522  науқасқа артық.

Облысымызда өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 52 адам анықталды, олардың барлығында аурудың белгілері анық білінеді. Бірінші шілдеден оныншы тамызға дейін өңірде барлығы 509 жағдай тіркелді, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 70,9. Өсім қарқыны тәулігіне 10,2% -ды құрады.

Өткен тәулікте анықталған жаңа жағдайлардың басым бөлігі – 45 науқас Өскеменде шоғырланған, сонымен қатар Глубокое, Самар аудандарында, Риддер мен Алтайда бірлі-жарым жағдай анықталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, өңірдегі эпидахуал қатаң бақылауда. Инфекциялық төсек саны мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, бұл жағынан еш алаңдаудың қажеті жоқ. Шілде-тамыз айларында ауырған науқастардың 284-і дертінен құлантаза жазылды. Соңғы тәулікте ғана 16 адам стационардан шықты.

Мамандардың айтуынша, облыста індеттің 223 ошағы мен науқастармен байланыста болған 37 адам әлі де бақылауда қала береді.

Елімізде коронавирус дертінен сақтануда әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға, егде адамдарға баса назар аударылып келеді. Осы топтағы тұрғындарға екпе салдыруда да, ревакцинация жасатуда да басымдық берілген.

Жүкті әйелдер тәуекел тобына кіреді

Облыстың штаттан тыс бас акушер-гинекологы Марат Куксегенов жүкті әйелдер КВИ-ден қорғану үшін қандай алдын алу шараларын сақтау керектігімен бөлісті. Бүгін облыста  алты мыңға жуық жүкті әйел есепте тұр.

– Жүктілік кезінде иммунитеттің әлсіреуінен аяғы ауыр әйелдер әрдайым және барлық инфекциялар бойынша тәуекел тобына кіреді. Болашақ аналар COVID-19 дертінің кез келген белгісі байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгінгені дұрыс. Коронавирустың негізгі белгілерін еске сала кетсем, олар: дене температурасының жоғарылауы, жалпы әлсіздік, дененің ауырсынуы, дәм мен иіс сезудің бұзылуы, құрғақ жөтел, тыныс алудың қиындауы немесе ентігу. COVID-19  инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдер медицина қызметкерінің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Дәрігер мүмкін болатын асқынуларды анықтау және аурудың ауыр ағымының алдын алу мақсатында дене температурасына, тамыр соғысына, тыныс алудың жиілігіне, артериялық қысымға үнемі мониторинг жүргізіп отырады, – деп түсіндірді Марат Куксегенов.

Марат Балағазыұлының айтуынша, қазір облыста коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинация белсенді жүріп жатыр. Соның нәтижесінде өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жүкті әйелдерге келетін болсақ, ауруханада ковид жұқтырған бір жүкті әйел ем алуда, тағы үш әйел амбулаториялық режимде ем қабылдап жүр.

– Біз болашақ аналарға COVID-19 инфекциясының алдын алу шараларын қатаң сақтауды ескертіп, дене температурасының жоғарылауы, жөтел, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралу туралы үнемі құлағдар етіп келеміз. Сонымен қатар бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау (егер жағдай мүмкіндік берсе) жүкті әйелдер үшін өзекті болып қала береді, – деп толықтырды облыстың штаттан тыс бас акушер-гинекологы.

Марат Куксегенов COVID-19 инфекциясының қазір жүріп жатқан және жаңа штамдарымен күресте КВИ-ге қарсы екпенің тиімді шара болып қала беретінін атап өтті.

– Жүктілік – бұл бірден екі өмірге қатысты ерекше жағдай, сол себепті бұл жағдайда дұрыс шешім қабылдау өте маңызды. Басқа адамдармен байланысты барынша азайтуға тырысыңыздар, – деп ескертеді болашақ аналарға бас акушер-гинеколог.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button