РуханиятТОП

Дұрыс жолды таңдауға көмектеседі

Енді бір жарым айдан кейін мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылмақ. Олардың әрқайсының алдынан «оқуды ары қарай қайда жалғастыру керек?» деген заңды сауал шығары түсінікті. Кейбіреулері зайырлы оқу орындарына баруды жөн көрсе, енді бірі теологиялық білім алғысы келеді. Теологиялық білімді Қазақстанда да, шетелде де алуға болады.

Мұндай кезде талапкерге аса сақ болған абзал. Діни оқу орындары көп, тек оларды дұрыс таңдай білу керек. Болашақта өзін тұлға ретінде тануға көмектесетін ондай оқу орындарының бірін қалай таңдауға болады? Шетелде теологиялық білім алған жастар көптеген қиындықтарға тап болып жатады. Оны да ескерген дұрыс. Мәселен, шетелдегі діни білім беру саласының ерекшелігін білмейтін жастарымыз өз еркімен қандай да бір теологиялық оқу орындарына түсе салып, артынан сан соғып қалатын жағдайлар аз емес. Сол себепті түлектер тиісті орындар ұсынған білім ордаларына иек артса адаспайды.

Иә, өмірлік тәжірибесі жеткіліксіз жастар әртүрлі манипуляцияға әлсіз болып келеді. Діни мәселеде қарапайым шындықтарды білмеуін пайдалана отырып шетелдік уағыздаушылар көбінесе жаңадан келген студенттерге жалпы қабылданған қоғамдық және мемлекеттік қағидаттарға қайшы келетін идеялар мен діни догмаларды сіңіре бастайды.

Құқық қорғау органдарының тәжірибесі мен статистикасы көрсетіп отырғандай, ел азаматтарының шетелде діни білім алуының реттелмеуі, жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсу қаупінің жоғары болуымен байланысты. Мұндай орталықтарда оқығаннан кейін экстремистік және радикалдық идеялар «сіңірілген» миссионерлер елге жиі оралады.

Отандық теологиялық білім алғысы келетін талапкерлер үшін республикада 2003 жылдан бері дін саласының мамандарын «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті даярлап келеді. Онда исламтанушы, дінтанушы және филолог мамандықтарына оқытады. Оқытылатын пәндер әлемге әйгілі «Әл-Азһар» университетінің оқу жоспары мен пәндеріне сәйкес келеді. Онда жоғары білікті мысырлық және отандық оқытушылар сабақ береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Яссауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік карьера университеті және Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ сияқты бес жетекші университеттің базасында мамандарды даярлау үш деңгейде – бакалавриат, магистратура және докторантурада жүргізіледі. Бұл жоғары оқу орындарының түлектері діни, педагогикалық, ақпараттық-талдау және мемлекеттік салаларда табысты жұмыс істеуде.

Теология саласында кадр даярлау жұмысы біздің өңірде де жүргізілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап облыстық дін істері басқармасы облыстық бюджет қаражаты есебінен отандық оқу орындарында оқуға ниет білдірген үміткерлерді іріктеумен айналысады.

Бүгінгі таңда «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Дінтану» және «Теология» мамандықтары бойынша оқитын алты студент және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Дінтану және философия» мамандығы бойынша оқитын бес студент дайындалуда.

Университеттегі оқуды аяқтаған соң түлектер облыс аумағында мамандығы бойынша жұмыс істейтін болады.

Шетелде қосымша білім алғысы келетіндер үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) екі оқу орнын ұсынады, олар – Мысырдағы «Әл-Азһар» университеті және Түркиядағы «Хасеке» мүфтилер даярлау орталығы.

Айта кету керек, ҚМДБ өз елінде бастапқы діни білім алуды, содан кейін ғана теологиялық білімді тереңдету үшін шетелге шығуды ұсынады. Бұдан бөлек, ҚМДБ беделді шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алу үшін тиісті бағыттар береді.

Білім беру саласындағы сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта Қазақстанда ел тұрғындарының қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретін сапалы теологиялық білім алуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бұл өз кезегінде азаматтарға радикалды діни идеологияның теріс көзқарастары мен қоғамдық қауіптілігін жеткізуге қабілетті отандық мамандар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Отандық және шетелдік теологиялық білім алу мәселелері бойынша толық ақпаратты Өскемен қаласы, Карл Либкнехт көшесі, 19, 504 кабинет мекенжайы, сонымен қатар 8 (7232) 608-277 телефоны бойынша алуға болады.

Д.Қасенов

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)

Осы айдарда

Back to top button