Қоғам

Дәулет Тұрлыханов спорт кешенін сыйға тартты

Дәулет Тұрлыханов спорт кешенін сыйға тарттыАРНАЙЫ РЕПОРТАЖ

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облысымызда есімдері әлемге әйгілі спортшылардың қатысуымен бірқатар ауқымды шаралар өтіп, әлеуметтік маңызы зор нысандар пайдалануға берілді.

Бас жүлде біздің облысқа бұйырды

Бұдан бұрын хабардар еткені-міздей, 13-20 наурыз аралығында Өскеменде оқушылардың респуб-ликалық олимпиадасы болып өтті. Білім сайысының Металлургтердің мәдениет сарайында өткен жабылу салтанатына облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.
Сондай-ақ, салтанаттың құрметті қонағы ретінде әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдеге-рі, еліміздің күрес федерациясының құрметті президенті Дәулет Тұрлыханов, грек-рим күресінен үш дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Александр Карелин сахна төріне шақырылды.
– Құрметті жас достар, қадірлі қонақтар! Өздеріңіз білесіздер, әрбір мемлекеттің болашағы оның денсаулығы мықты, білімі озық азаматтарына байланысты, – деді сал-танаттағы құттықтау сөзінде аймақ басшысы. Тек елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 20-дан астам Назарбаев зияткерлік мектебі, Назарбаев университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Мен бүкіл облыс жұртшылығы атынан алдымен Білім және ғылым министрлігіне, екіншіден, республикалық «Дарын» орталығына осынау олимпиаданы біздің өңірде өткізіп отырғандары үшін үлкен рақмет айтамын. Әсіресе, әлемге белгілі математик ағамыз Мұхтарбай Өтелбаевтың осы білім сайысына төрағалық еткеніне бек ризамын. Жас достар, мен білім деген телегей теңізге ерекше ден қойған барлықтарыңызға дәйім табыс тілеймін, – деп ақжарма тілегін арнаған облыс Әкімі білім сайысында қатарластарының алдынан көрінген 50 үздікке алтын медаль мен арнайы сыйлықты табыс етті.
Айта кетейік, олимпиадаға келген 700-ден астам 9-11 сынып оқушылары Өскемендегі химия-биология бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебінде, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да бақтарын сынады.
Жалпы, біздің команданың құрамында облыстың аудан- қалалары мен мамандандырылған мектептерінің 52 дарынды оқушысы тер төкті. Сонымен Білім және ғылым министрлігінің І дәрежелі дипломымен және алтын медальмен Семей-дегі қазақ-түрік мектеп-лицейінің оқушылары Алямдар Аскеров (биология), Азамат Смағұлов және Гулмурод Пулот (химия) марапатталса, «Үздік ауыл оқушысы» аталымына Глубокое ауданы, Ы.Алтынсарин орта мектебінің оқушысы Анна Фомина мен Үржар ауданы, Ә.Найманбай атындағы орта мектептің оқушысы Мүнира Нұрмұхаметова ие болды. Аталған оқушыларды олимпиадаға даярлаған мұғалімдерге «Үздік ауыл мұғалімі» деген атақ пен арнайы сыйлықтар табысталды.
Республикалық олимпиадаға қатысқан 18 команданың арасында біздің облыс командасы «Үздік олимпиада командасы» аталымы бойынша 1-орынмен марапатталды. Команданың барлық үздіктерін облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиев, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Жанат Айтпаева сахна төрінде қарсы алып, құрмет грамотасын тапсырды. Сондай-ақ, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Жанат Айтпаева «Олимпиада қозғалысына адалдығы үшін» аталымымен марапатталды.
Ал оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадасының жоғары деңгейде ұйымдастыры-луына қосқан үлкен үлестері үшін бірқатар білім қызметкерлері мен білім мекемелеріне Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Бұған қоса білім сайысында алдан көрінген бірқатар үздік оқушыларға Ресей мен Қазақстан-ның жетекші жоғары оқу орындарында, облысымыздағы Қазақстан- Американ еркін және Қазақстан инновациялық университеттерінде оқу үшін білім гранттары ұсынылды.
Жалпы, олимпиаданың барлық жүлдегерлеріне алған орындарына сәйкес, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан ноутбуктар мен планшеттер, смартфондар және сақтау дискілері сыйланды.
Сонымен алғырлар жиналған сайыстың қорытындысында «Үздік олимпиадалық команда-2014» атағы мен бірінші орынды біздің облыстың және Алматы мен Астана қалаларының командалары иеленсе, екінші орынға Павлодар мен Маңғыстау облыстарының командалары қол жеткізді.

Аңыз адаммен ашық сұхбат болды

Өскеменге Александр Карелин келді. Грек-рим күресінен үш дүркін Олимпиада, тоғыз дүркін әлем, он екі дүркін Еуропа чемпионы, Мемлекеттік Думаның депутаты, Ресейдің Батыры атанған аңыз адам облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Өскеменде өткен оқушылардың республикалық олимпиадасының жабылу салтанатына қатысып, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да студент жастармен кездесті.
Жарма ауданына бара жатқан жолда облыс Әкімі бастаған құрметті қонақтар Ұлан ауданы-ның орталығы – Қасым Қай-сенов кентіне ат басын тартып, Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы жергілікті жұртшылықтың ұсынған наурыз көжесінен, тіл үйірер қымыз-шұбатынан, тәтті бауырсағынан дәм татып, меймандос пейіліне тәнті болды. Ұлттық киімдерін киініп, әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің сазымен қарсы алған ұландықтар ресейлік делегаттарға қазақ даласында көктем мерекесінің басталып кеткенін аңғартты.
Университет қабырғасында ұйымдастырылған кездесуге студент жастармен бірге спортты жанына серік еткен мектеп оқушылары да қатысып, даңқты балуанға өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ашық сұхбат түрінде өрбіген шара барысында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Әлібек Қуандықов ресейлік мейманға аталған жоғары оқу орнының құрметті профессоры атағын беріп, Қазақ елінің тәуелсіздігін әйгілеген тамаша естелік-сыйлық тарту етті. Ал Карелиннің досы, даңқты жерлесіміз Дәулет Тұрлыхановтың иығына шапан жауып қошемет көрсетті.
– Бұл мен үшін үлкен мәртебе, жоғары құрмет. Осылай сый-құрмет көрсетіп жатқандарыңызға шын ниетпен ризашылығымды білдіремін. Біздің елдердің арасындағы ертеден келе жатқан достық қарым-қатынас спортта да, білім мен өнерде де, басқа да салаларда өзінің жалғасын тауып, өркендей береді деген ойдамын. Ал мынау залға жиналған жастарға айтарым, тәртіпті болыңыздар. «Тәртіп – кез келген жеңістің бастауы», – деп атап өткен Александр Карелин университет кітапханасына әйгілі балуан Иван Поддубныйдың кітабын сыйға тартты.
Артынша жиналғандар тарапынан қойылған көптеген сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың дені атақты балуанның жүріп өткен спорттық жолы, бапкерлері мен үлгі тұтқан тұлғалары, өткізген белдесулері туралы болды. Жиыннан соң өскемендік жас спортшылар Олимпида чемпионымен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды. Сол екі арада орыс халқының асыл перзенті Александр Карелинмен біз де тілдесуге мүмкін-дік таптық. Ол сұхбатты газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінде жариялайтын боламыз.

Тұрлыхановтардың тамаша тартуы

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында әйгілі қазақ балуаны Дәулет Тұрлыхановтың жармалық жерлестеріне тарту еткен спорт кешенінің салтанатты ашылуына қатысты.
Аудан орталығы Қалбатауда өткен салтанатты шараға Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаты, үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Карелин және Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев, сондай-ақ, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, белгілі қоғам қайраткері, жерлесіміз Дәулет Тұрлыханов бастаған мәртебелі меймандар қатысты.
Әйгілі балуанның әкесі, ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан Болат Тұрлыхановтың есімі берілген кең сарайдың тұсаукесер лентасын аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ бастап, даңқты азаматтың анасы Мәрзия Тұрлыханова қоштаған мәртебелі меймандар қиды.
Тұсаукесер рәсімінен соң қонақтар халықаралық талаптарға сай заманауи спорт кешенін аралап көрді. Еліміздің гандбол федерациясының президенті, балуанның жары Гүлнәр Смағұлқызының айтуынша, мұнда бір мың адам жаттыға алады. Зәулім нысан үш спортзалынан тұрады. Оның ішінде бокс, ауыр атлетика және күреске арналған әмбебап залдар бар. Спорт нысанында кез келген дүбірлі жарысты кеңінен өткізуге мүмкіндік жасалған. Жарысты бір мезетте 500 жанкүйер тамашалай алады. Жарқыраған спорт ғимаратының ашылуы жармалықтарға ғана емес, облыс үшін де елеулі оқиға болып отыр.
– Өмірге келген соң соңымыз-да қандай із қалдыратынымыз бар-лығымызды ойлантуы тиіс. Бұл орайда Тұрлыхановтар отбасы тек Жарма жеріне ғана емес, облыс бойынша ізгі шараларға қолдау көрсе-тіп, көптеген әлеуметтік жобаларды қаржыландырып келеді. Бүгінгі спорт кешені – туған жерге арналған ерекше тарту. Бұл – Болат ағамыз бен Мәрзия апамыздың балаларына берген тәрбиесінің жемісі. Соңғы жылдары облыста «Туған жерге – тағзым» акциясын өткізудеміз. Мақсатымыз – Шығыс өңірінен шыққан азаматтар туған елін қолдасын, өскелең ұрпақ сол азаматтардан тәрбие алсын деген игі тілек еді. Осы керемет кешеннен мемлекетіміздің көк туын бәсі биік спорт бәсекелерінде желбірететін, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұр-лыханов және Бақтияр Артаев сынды еліміздің мақтанышына айналатын спортшылар шығады деп сенеміз, – деді облыс Әкімі.
Аймақ басшысы әйгілі балуан Александр Карелин бастаған төрт Олимпиада чемпионының Шығыс өңіріне келуінің өзі үлкен оқиға екенін атап өтіп, барлық жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Жастар дұрыс таңдау жасайтын, жаттығатын, күш-қуатын арттыратын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын жаңа орталықтың тұсаукесеріне келіп тұрмыз. Мен Дәулетпен бір командада жаттықтым. Кейін бір-бірімізге мықты қарсылас болдық. Десе де, боз кілемнен тыс біздің арамызда ерекше сыйластық, достық болды. Бұл достық осы күнге дейін жібін үзбей жалғасып келеді. Бүгінгі досымның жерлестеріне жасаған ерекше сыйы – Қазақ елінің туған өлкесі мен аға буынын сыйлайтын қасиетін тағы бір жаңғыртқандай болды. Бұл – үлгі алуға болатын тамаша дәстүр! – деді ресейлік мейман Александр Карелин.
Ол Дәулет Тұрлыхановқа баспадан 1955 жылы жарық көрген атақты Поддубныйдың өмірі мен өнеріне арналған кітапты сыйға тартты.
Дәулет Тұрлыханов спорт кешені-нің салынуына себепкер болған облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ екенін ерекше атап өтті. Облыс Әкімінің бас-тамасымен қолға алынған «Туған жерге – тағзым» акциясына атсалысуды көздеп, ойға алған ісінің он айда жүзеге асуына қол ұшын созған азаматтар мен құрылысшыларға алғыс айтты.
Салтанатты жиында Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Бақтияр Артаев, Дәулет Тұрлыхановтың Сеул Олимпиадасында финалдық бәсекелесі болған Ким Ен Нам да ізгі тілектерін білдіріп, бұл шараның әйгілі спортшы өмірінің қоғамдық қызметін айшықтайтын айрықша шара болып тарихқа енетінін жеткізді.
Спорт нысанының салтанатты ашылу рәсімінен соң Шығыс Қазақ-стан және Ресей Федерациясының Новосібір облыстарының жасөспірімдер командалары арасында грек-рим күресінен жолдастық кездесу өтті.
Сонымен қатар, спортшылардың игі дәстүрімен облысқа арнайы келген даңқты палуан Александр Карелинге шығысқазақстандықтар жер тарпып тұрған боз сәйгүлік мінгізді.
Облыс басшысы мәртебелі меймандармен бірге аудан орталығында бой көтерген балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Онда волейбол, баскетбол, гандбол және шағын футбол ойнауға толық мүмкіндік бар. Спортзалында доп теуіп жүрген балалар әйгілі спорт жұлдыздарымен естелік суретке түсті.
Облыс басшысы өз сөзінде өткен жылы Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойы Шығыс Қазақстанда жоғары деңгейде аталып өткенін, оған ТМД елдерінің белгілі футбол клубтары қатысқанын әңгімеледі. Сондай-ақ, облыс көлемінде бір жылдың ішінде 182 спорттық құрылым, оның ішінде 110 футбол алаңы салынғанын атап өтті. Қазіргі кезде аймақта барлығы 3 мыңнан астам, оның ішінде 450 футбол алаңы бар. Александр Карелин Шығыс өңіріндегі спорттың соңғы жылдар бедерінде ерекше дами бастағанын байқағанын жеткізді.
Қонақтар Қалбатау ауылының көркіне көрік қосқан Тәуелсіздік монументінің салтанатты ашылуына қатысты.
Аймақ басшысы Елбасы саясатына қолдау көрсетіп, тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау керек екенін, бұл үшін ел бірлігін бекемдей отырып, әр қазақстандық тынымсыз еңбекпен айналысуы тиістігін атап өтіп, салтанатты іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан басшылығына алғыс айтты.

Ғафура Сәрсенбайқызы, Серік Әбілхан, Думан Нұрланұлы

Осы айдарда

Back to top button