Қоғам

Дәулет олимпиада чемпионы болсам дейді

Дәулет  олимпиада чемпионы болсам дейді

Он жастағы бала акробатика жолағының бойымен сатыр-сұтыр сальто жасап өте шықты. Жылдамдығына көз ілесер емес. Одан кейін батутта секіріп, ауада шыр айналды. Бейне бір аспанда ұшып жүргендей. Акробатиканың таңғаларлық трюктерін жасап жүрген Дәулет Рахатов есімді бала еді. Бар болғаны төрт жылдың ішінде биік белестерді бағындырған Дәулет – халықаралық деңгейдегі чемпион. Қазақстанның үш дүркін чемпионы.

– Атам Рахат атақты сынықшы. Аяқ-қолдарын сындырып алған адамдар атамның көмегіне жүгініп жататын. Бір күні үйге нар тұлғалы, денесі келісті кісі келіп емделіп жүрді. Сөйтсем, ол акробатикадан жаттықтырушы болып жұмыс істейді екен. Бір жерін зақымдап алса керек, атам біраз уақыт емдеді, – деп бастады әңгімесін он жасар Дәулет.

Дәулет  олимпиада чемпионы болсам дейді

Мықты балуандар әулетінің ұрпағы – кішкентай Дәулет ол кезде алты-ақ жаста еді. Бірақ әкесіне еріп, үнемі спортпен шұғылданатын. Жеңіл-желпі жаттығулар жасап, тау-таста жүгіретін. Шпагатқа да оп-оңай отыра алатын. Сөйтіп, Дәулеттің спортқа деген қабілетін байқаған жаттықтырушы акробатика залына алып барады.

Бірінші орынды бірден қанжығаға байлаған

Спортзалда екі айға жуық жаттыққаннан кейін Дәулет жарыстарға қатыса бастайды. Жас ерекшелігіне қарамастан жоғарғы көрсеткіштерге бірден қол жеткізеді. 2012 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен ашық турнирде бірінші орынды бірден қанжығасына байлаған. Кішкентай баланың бұл жетістігіне көпшілік тәнті болады. Ата-анасының да қуанышында шек болмайды. Жарыстағы жеңісінен жігерленіп, жаттығуды себепсіз босатпайтын Дәулет Рахатов өз деңгейінде Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанады. Кейіннен халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлделі орынды жеңіп алады. Былтыр Омбыда өткен батутта секіруден екінші орынды қанағат тұтты.

Дәулет  олимпиада чемпионы болсам дейді

– Жарысқа шыққанда аздап қобалжу болады. Бірақ мен тыңғылықты дайындаламын. Сондықтан да өз-өзіме деген сенім де болады, – дейді кішкентай спортшы.
Қазіргі жаттықтырушысы Виолетта Калинцеваның айтуынша, акробатика өте қауіпті спорттардың бірі. Мұнда жасалатын әр бір трюкке үлкен дайындық, қажырлы еңбек керек. Жаттығу залында балалар алғашқы қырық минут жалпы дене жаттығуларын жасайды. Бұлшық еттері қызғаннан кейін барып әр түрлі трюктерге көшеді. Акробатикаға алғаш келген балалар бірден сальто жасап, аспанда шыр көбелек айналмайды. Рет-ретімен дайындықтан өтеді. Бір ғана элементті жасау үшін жылдар бойы дайындалады екен. Бұл спорт шыдамдылықты талап ететіндіктен кез келген бала айтулы көрсеткіштерге жете де алмайтын көрінеді.
Ал бесінші сынып оқушысы Дәулет қала сыртында тұратындығына қарамастан күнделікті таңғы сағат онда акробатика залына барып, үш сағаттай жаттығады. Түстен кейін сабағына барады. Акробат бала спортта ғана емес, сабағында да үлгерімі жақсы. Үздік оқушы. «Зерде» ғылыми жобалар сайысының әдебиет бағыты бойынша облыста бірінші орын алған.

Павлодарда өтетін сайысқа дайындалып жүр

Дәулет  олимпиада чемпионы болсам дейді

– Дәулет себепсіз жаттығудан қалмайды. Әр трюкті аса жауапкершілікпен орындайды. Соның арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін бала, – дейді жаттықтырушысы В.Калинцева.
Виолетта Калинцеваның акробатика спортымен айналысқанына 35 жыл болған екен. Өзі КСРО-ның спорт шебері. Бүгінде жас акробаттарды жаттықтырумен айналысады. Жуықта Павлодарда өтетін республика чемпионатына тыңғылықты жаттықтыру жұмыстарымен айналысып жүр. Дәулет Рахатов Павлодардағы біріншілікте де айтарлықтай көрсеткіш көрсететініне сенеді.
Дәулеттің әкесі Дәурен де еркін күреспен айналысады. Арнайы жаттығу залына бармаса да, күнделікті аулада спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған. Атасы Рахат кезінде белдескеннің белін қайыстыратын балуандардың бірі болған. Бүгінде белгілі сынықшы. Сынған сүйекті салып, буынның сырқырап ауырғанын емдейді. Немерелерінің тәрбиесіне де үнемі көңіл бөліп отырады. Ал анасы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.
Балаларының айтулы спортшы болғанын қалайтын әкелері Дәурен екінші ұлы Бекарыстың күреске ыңғайы бар екенін айтады. Тұңғыш ұлын анда-санда бассейінге де апарып тұрады. Ал жазғы каникулда Дәулет футболды жанына серік етіп жүреді. Кейде атқа мініп серуендейді. Демалысын екі ұлына арнайтын Дәурен Рахатұлы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлетіні анық. Дәуреннің туған ағасы Талап Сәдібеков те еркін күрестен спорт шебері. Жалпы, бұл спортшылар әулеті Марқакөл өңірінің тумалары. Қалжырдан қалаға бұдан он бес жыл бұрын көшіп келіпті.
I разрядты акробат Дәулет Рахатовтың арманы – олимпиада чемпионы болу.
– Болашақта олимпиада алтынын аламын, – дейді Дәулет нық сеніммен. Баланың бүгінгі арманы болашақта орындалар.

Керек дерек

Он жасар акробат Дәулет Рахатовтың негізгі жетістіктері:
2011 жыл. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған жарыста 1 орын.
2012 жыл. Омбы қаласында өткен жалпыресейлік турнирдің жеңімпазы.
2013 жыл. Халықаралық турнирдің 2 орын иегері.
2013 жыл. Облыс біріншілігінде батутта және акробатикалық жолда секіруден 2 орын.
2013 жыл. Тұңғыш Президент күніне орай өткен батутта секіруден 1 орын.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button