Қоғам

Дулат, Әріп ақындарға ескерткіш орнатылады

Абыздар елі, ақындар елі атанған, тоғыз жолдың торабы саналатын Аягөз барша еліміздің мақтан тұтар мекені деген ойдамыз. Ауданның бүгінгі бет-бейнесі қандай, өңірде ауызсумен қамту, мал басын көбейту, елді мекендерді абаттандыру, халықтың әл-ауқатын көтеру, жылу, тазалық мәселелерін шешу жолында қандай істер атқарылуда? Осы сауалдарымызға жауап алу мақсатында Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевпен сұхбаттасқан едік.

 Қаладағы жылу мәселесі шешімін табады

 – Ділдәбек Тәжібайұлы, сіздің көршілес Ақсуаттан Аягөз ауданына әкім болып келгеніңізге он ай болды. Осы өңірге басшы болып келгеннен соң істі неден бастадыңыз?

– Аягөз ауданына әкім болып тағайындаларда ішкі толқыныстың болғаны рас,өйткені халық саны да, жер көлемі де үлкен аудан. Осыған дейін қызмет еткен Тарбағатай ауданында 40 мыңдай жан болса, бұл жердің халқының саны 72 мыңнан асады.

Көңілге медеу болары, екеуі– көршілес аудандар. Оның үстіне, аудан орталығы – абыздар елі, ақындар елі болған Аягөз қаласы. Маған осындай үлкен ауданды сеніп тапсырған облыс басшысына ризалық білдіргім келеді. Облысәкімінің маған берген бірінші тапсырмасы Аягөздегі жылу жүйесін қалпына келтіру болатын.Өйткені былтыр қалада жылу мәселесі ушыққан. Облыс басшысы жылу қазандығын іске қосу керек деп тапсырды. Ол орындалды. Осыған көмектескен жігіттерге рақмет!

Жылу қазандығын дер кезінде, 9 қазанда іске қостық. Дәл сол күні облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының өзі келген болатын. Рас, қалада одан басқа да үлкен проблемалар бар. Былай жасайық деп отырмыз. Мәселен, жылу маусымы 15 сәуірде аяқталады. 16 сәуірде жылуға қосылып келген барлық үй иелерінің қолына хат береміз де, әр үйге, ғимаратқа келіп тұрған жылу құбырларын кесіп тастаймыз. Сосын барып «Техникалық шарт» құжатын алғаннан кейін орталық жылу қазандығымен келісімшартқа отырады. Осының бәрі рет-ретімен шешімін табуы керек.

– Күрделі мәселелердің бірі – қала тазалығы. Осы бағытта қандай шаралар атқарылуда?

– Дұрыс, аудандағы екінші күрделі мәселе қала тазалығы еді. Осыған дейін бұл іспен «Ақтоғай тазалық» мекемесі айналысқан екен. Алайда бұл мекеме дұрыс жұмыс істеген жоқ. Өзіне тапсырылған шаруаның 40 пайызын ғана атқарды. Көп жұмысын аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі арқылы жүргізіп отырдық. Себебі қала тазалығы басты орында болуы керек. Келісімшарт жыл аяғына дейін жасалғандықтан, жыл соңына дейін күтуге тура келді. Бұл тұрғыда біршама қиындықтар бар. Жаңа жылдан бастап басқа мекеме жұмыс істеп жатыр. Аяқ алысы жаман емес.

Одан кейінгі үлкен мәселенің бірі – абаттандыру. Аягөз қаласының сән-салтанатына, абаттандыру мәселесіне назар аударуымыз керек. Тұрғындардың серуендейтін, демалатын орындары болуы тиіс. Менің ойымша, бір ауданды толық қалпына келтіру үшін біршама мерзім қажет. Жаңа басшының өңірмен танысып, жоспар құруына әжептәуір уақыт кетеді. Жалпы, аудандағы мәселелерді ретке келтіреміз деген ойдамын. Қандай басшы болмасын бірден барлық мәселені шешіп тастай алмайтыны анық. Оған уақыт, қажыр-қайрат, ынта-жігер керек. Аудан халқының өте білімді, еңбекқор екеніне көзім жетіп отыр.

 

Тұрғындардың 91 пайызы ауызсумен қамтылған

 – Ауданда ауызсу мәселесі күрделі болып отыр. Осының шешімі қашан табылмақ?

– Ауызсу мәселесі қай елді мекен болмасын бірінші кезекте тұрады. Аягөз қаласы бойынша 5-ші кезекке ауызсудың жобалық-сметалық құжаттары жасалуда. Таяуда мемлекеттік сараптамаға беруге дайын болады. Екі жылда қала халқын ауызсумен қамтуымыз керек. Негізі, аудан халқы таза сумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Аудандағы 52 елді мекенде 72738адам тұрады, оның ішінде орталықтандырылған ауызсумен 66699адам қамтылған. Бұл – аудан тұрғындарының 91,7 пайызы. Қалада болсын, ауылда болсын, тұрғындар бірдей жағдайда өмір сүруі керек. Тарбағатай ауылында су 5-7 сағат беріледі. Мұнда тағы бір скважина қазамыз. Ауыл ақсақалдарымен бірге барып, қай жерден қазатынымызды көрдік. Қаздырдық, су шықты. 12 млн. теңге бөлінді. Биыл Тарбағатай ауылына 24 сағат су беретін боламыз. Малтүгел ауылында да жаңа скважиналар қойдық. Биыл 100 пайыз сумен қамтамасыз етіледі. Ақшиде де су 5-6 сағат беріліпті. Мұнда да екінші скважинаны қаздырдық, арасы 300 метрдей. Қаражат бөлгіздік. Көктем шығысымен жұмыс жалғасады. Қарағаш, Сарыарқа ауылдарында 24 сағат су беріліп тұр. Ақшәулі ауылында биыл суды іске қосамыз. Таяуда Парламент депутаты Нұртай Сабильяновпен осы ауылға барғанымда халық мұң-мұқтаждарын айтты. Оларға менімен үнемі байланыста болуларын, қандай да бір кемшілік орын алса, Уатсап арқылы тікелей маған жіберіп отыруларын айттым. Бір сөзбен айтқанда, бақылауды күшейту керек. Қарабұлақ ауылында да су қорын зерттеу – кезек күттірмес мәселе. Мыңбұлақта да су құбырын тартамыз. Нарын ауылында қосымша скважина қаздырып, резервуар қойдырамыз. Мұнда да су 24 сағат берілетін болады. Ақшатау ауылында су күні-түні беріліп тұр. Су бармаған тоғыз үй қалды, көктем шыға мұнда да жұмыстар жалғасады. Айғыз, Өркен, Бидайық ауылдарында тәулік бойы су беріліп жатыр. Ендігі мәселе – әр үйге су апару. «Ақбұлақ» бағдарламасының ерекшелігі де осында. Су құбыры көшемен тартылған соң, әр отбасы суды үйлеріне өз күштерімен тарттырады.

Көктемнен бастап әр ауыл әкімі бір-бір экскаватор табуы керек. Елді мекендегі 80 үйге су кіргізу керек болса, ақшасын жиып тракторшыға береді. Ол су кірмеген үйлерге тартып беретін болады. Жалпы, биыл ауызсуды үйлерге кіргізу жылы болады. Қосағаш ауылында да бес скважина қаздырып қойдым. Көктем шыға бес скважинаға бес сорғы қоямыз да, резервуарға тастаймыз. Сонымен, бұл ауылда да толық су берілетін болады.

Ауыл тұрғындарының әрбірінің үйінен су ағып тұруы қажет. Сол себепті ауыл әкімдеріне тапсырма бердім. Ауылдарды аралап, жай-күйімен танысу барысында деніне су 24 сағат ақпайтын болып шықты. Қазір осы олқылықтарды жою үшін «СУ» мекемесі жұмыс жүргізуде. Осыған дейін Нарын, Тарбағатай, Ақши, Қосағаш, Мәдениет, Бидайық, Баршатас округтерінде су 2-6 сағат қана ағатын. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Қосағаш ауылында топтық су беру жүйесі орналасқан. Бұл жерден Мәдениет, Бидайық ауылдарына су барады. Баршатас ауылдық округінде былтыр атқарылған жұмыс нәтижесінде 24 сағат ауызсу берілуде. Алайда 30 үйге ғана су тартылған. Биыл осындай кемшіліктермен күресетін боламыз. Байқошқар мен Малгелді ауылдарына ауызсу құбырын тартудың жобалық құжаттары дайындалуда. Барлық ауылдық округтерде ауызсу мәселесі таяу жылдары шешімін табуы тиіс. Менің ұстанымым: бірінші – ауызсу, екінші – жол.

– Өткен жылы өңірде ауыл шаруашылығы саласында жағымды өзгерістер орын алды. Оның сыры неде? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Былтыр күзде Нұр-Сұлтанда өткен «Nur Otan» партиясының жиынында ауыл шаруашылығына мемлекеттік бағдарламалар жетпей жатыр деген әңгіме айтылды. Мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың игерілмей жатқаны сөз болды. Шыны керек, мемлекеттен салаға мол қаржы бөлінуде. Өкініштісі, осы қаражатты ала алмай жатамыз. Бұған шаруа қожалықтары, серіктестіктер кінәлі емес. Бұл жерде мәселе насихаттың дұрыс жолға қойылмауында болып тұр. Бұған, ең алдымен, басшы кінәлі, яғни біз. Неге 40 мың халқы бар Тарбағатай ауданы 3 миллиард теңге субсидия алады, ал біз 1 миллиард теңге аламыз? Үш есе кем алғанбыз. Неге Тарбағатай ауданында 200-300 құдық қазылады? Бізде неге бірде-бір құдық қазылмаған?! Неге күннен қуат алатын бірде-бір панель орнатылмаған?! Осыны елеп-екшей келе, арнайы топтар құрдық. Олар әр ауылдық округке, шағын елді мекенге барып, тоқсан сайын мемлекеттік бағдарламалармен таныстырды, халыққа жай-жапсарын ұғындырды. Нәтижесі жаман емес. Ауданда 205 шаруа құрылымы жайылымдық жерлерінен 194 құдық қаздыртып, осы жайылымдарды суару бағдарламасы арқылы мемлекеттен 216 млн. теңге субсидия алды. Сөйтіп, облыста бірінші орынды иелендік. Жайылымдық жерлерінде құдығы бар шаруа құрылымдары  күннен қуат алатын574панель құрды. Осы сатып алынған панельдер шығындарының 80 пайызын мемлекет 1 млрд. 292 млн. теңге субсидия арқылы төледі. Қазір «Жайылымдарды суару» бағдарламасы бойынша ауданымыз республикада алдыңғы қатарда. Жыл қорытындысы бойынша облыста бірінші орынға шықтық. Былтыр шілде-тамызда басталған шаруаның жемісі бұл.

Бос жатқан шөлейт жерлерге құдық қазылып, күн панельдері орнатылғаннан кейін әлгі жерлер бірден шалғынды өңірге айналады. Жыл басынан құдық қаздырып, панель орнатуға 250-дей тапсырыс түсті. Құдық қазылып, су шыққаннан кейін мал басының өсуі де байқалды. Ендігі мақсат – шаруашылық аумақтарындағы кезінде мал суаруға арналған, қазір бітеліп қалған құдық көздерін табу. Ауданда су тапшылығынан 2 миллион гектар жер бос жатыр. Ескі құдықтар орнын тапсақ, ол жерлерге мал өсіруге болады.

Алғаш келгенде қаладағы «За линий» шағын ауданының халқымен кездескен едім. Сондағы тұрғындардың өтініші өзен бойынан жаяу жүргіншілер көпірін орнатып беру еді. Аягөз қаласы бойынша Кіші Аягөз өзені бойына бес көпір, Мамырсу ауылдық округінде алты автомобиль көпірін салдық. Сонда бір жазда 11 көпір салынды. Биыл Кіші Аягөз өзені бойындағы екі автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз.

 

Ақын мерейтойы аясында ауқымды іс-шаралар атқарылады

 – Болашақта аудан халқының әл-ауқатын арттыру жолында қандай іс-шаралар атқарылмақ?

– Біз халықтың әл-ауқатын арттыру үшін арнайы бағдарлама қабылдадық. Бүгінде ауданда мемлекеттен берілетін грантты жоспардағы 110 адамның орнына 175 адам иеленді. Биыл 300 адам алады деп отырмыз. Қазірдің өзінде 60 адам тапсырыс беріп қойды. Осы жұмыстарды жандандыру мақсатында мамандардан құралған топтарды ауылдық округтерге жіберіп, түсіндірме жүргіздік. Нәтижесінде бұл жұмыстар 159 пайызға орындалды.

Бізде үй кезегінде тұрған 167 отбасы бар. Бүгінде көпбалалы 11 отбасы облыстық «Парыз» қоры арқылы үймен қамтылды. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 23 отбасы баспанаға ие болды.

– Аягөз – ақындар елі, абыздар елі. Осы ақындарымыз бен абыздарымызға биылғы Абайдың туғанына 175 жыл толып отырған мерейлі жылда қандай құрмет көрсете аламыз?

– Биыл Абайдың 175 жылдығына байланысты Аягөзде оның ұстазы Дулат Бабатайұлына ескерткіш орнатамыз. Зиратының маңайын абаттандырамыз. Абай паркіндегі Абай ескерткішін ауыстырамыз. Сондай-ақ оның шәкірті Әріп Тәңірбергенге ескерткіш қоямыз. «Ту түбінде тулап өлген» Қазымбет бабамызға ескерткіш орнату жоспарда бар.

Біз Шұбартау өңірін де ұмытпауымыз керек. Бұл жерден де елге белгілі тұлғалар көптеп шыққан. Әйгілі Шақантай батырға, Жобалай, Байқотан билерге, Абайдың алдында еркін, именбей сөйлейтін, әйгілі Бегеш шешенге ескерткіштер орнатпақ ниеттеміз. Сосын Қосағаш ауылының жанынан, жол бойынан үлкен парк салып, осы үш алыпты сол жерге орнатсақ деген ойдамыз. Айта кетерлігі, парк қана жергілікті бюджеттен жасалынса, қалған ескерткіштерді демеушілердің арқасында тұрғызбақпыз.

Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесінің басын да абаттандыруымыз керек. Осы кесене басына арнайы сапарлар ұйымдастырылуы тиіс. Өскелең ұрпақ үшін бұл – таптырмас тарих. Таңсық маңайындағы қос ғашықтың мәңгілік мекеніне саяхатшылар тартуымыз керек. Абайдың 175 жылдығына жан-жақтан келген қонақтар легінің бір парасы осы кесенеге ат басын бұрары анық. Сондықтан алда атқарар істер көп.

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт

 Аягөз ауданы

Осы айдарда

Back to top button