Қоғам

Дүние кезек

 

Қара жамылған Сағира бүгін күйеуін қара жер қойнына тапсырды. Төрт баламен жесір қалды, енді қайтпек? Кім көмектеспек? Туыстан қайыр қайдан болсын, олардың да жетісіп жүргені шамалы… Ой деген терең ғой,  сол ойдың құшағынан  балаларын құшақтаған күйі таң ата құтылады. Бірнеше күн ой құшағында дел-сал жүрді.

Күйеуі Самат совхозда он жылдай тракторшы болды. Қатарының алды болмаса да, тапқан табысы төрт баласын асырауға жететін. Ешбір жанның ала жібін аттамай түзу жүретін. Көп сөзі жоқ томаға-тұйық жан еді.

Совхоз директоры Біржан көрші тұрады. Біржан жұмысшыларды жіберіп, күйеуінің зиратын тұрғызып берді. Обалы не керек, қал-жағдайларын біліп, қол ұшын созып тұрды. Әйтсе де, төрт баламен жалғыз қалу Сағираға оңай соққан жоқ.

Көршісі Біржан мен оның әйелі тіпті өз балаларына не алса, Сағираның балаларына да соны әперетін. Біржанның екі баласы бар,  бір ұл бір қыз.  Екі үйдің үлкен балалары  Әнуар мен Жанат құрдас, бірге ойнап, қатар өсті. Егіз қозыдай бірге өскен қос жеткіншек  мектепті тәмамдап, армандаған жоғары оқу орнына  түсті. Біржанның ұлы Әнуар тентектеу болатын, екінші курстан соң оқудан шығып қалды. Әкесі ұлын оқуға қанша сүйрегенімен оқуға деген ынтасы болмады ма, қайтадан оқығысы келмеді. Көрші Сағираның ұлы Жанат оқуын оқып жатты. Оның арманы – әкесі қайтыс болғанда жылаған анасын жұбатамын деген уәдесінде  тұру еді. Оқудан шығып қалған Әнуар әскерге кетті.  Әскерден келген жылдың күзінде үйленді. Жанат оқуын аяқтап, қаладағы зауыттың біріне  жұмысқа тұрды. Өзінен кейінгі бауыр-қарындастары да қалаға бірінен соң бірі  оқуға түсіп, оларға да бас-көз болып жүрді. Кейінірек ауылдағы анасын қалаға көшіріп алды.

Әнуар совхозда жүргізуші болды. Ара-тұра ішіп қоятыны тағы бар. Карта ойынына да әуестеніп алыпты. Тапқан табысын құмар ойынға салып құр алақан келетін күндері көбейе түсті. Әйелі бұған шыдамай бөлініп кетті. Кейін совхоз тарап, жұмыссыз қалды. Біржан зейнетке шығып, ауылда тұрып жатты.  Ауылда бос жүрген Әнуар жұмыс іздеп қалаға кетті. Амалы таусылған Біржан жалғыз ұлын қимаса да, көнбейтінін біліп қалаға жіберді. Қыздарын тұрмысқа берген соң, Біржан мен Жанар ауылда жалғыз қалды. Кеткелі бері ұлдан хабар-ошар болмады.

Бір күні таңертең телефон шыр ете қалды. Ар жақтан таныс дауыс: «Ассалаумағалейкум, аға! Мені таныдыңыз ба?»  – деп саңқылдап тұр. Сөйтсе, Жанат екен. Әнуарды көшеде ішіп жүрген жерінен тауып алыпты.  «Уайымдамаңыз аға! Бәрі жақсы, Әнуарды наркодиспансерге жатқыздым. Емделген соң,  қасыма жұмысқа алсам қарсы болмайсыз ба?» дейді. Не қуанарын, не жыларын білмеген Біржан: «Рахмет, ұлым қасыңда болсын» деп қуанып кетті.

Бірер жылдан соң Әнуар әке-шешесін қалаға шақырды. Жанат екеуі көрші екен. Әнуар келінмен қайта қосылыпты. Сағира қонаққа шақырып қуанып қалды. Жанат зауыт басшысы қызметіне көтеріліпті. Кешегі қара тентек Қанат наркодиспансерде бөлім меңгерушісі, Майра банкте менеджер, кенже қызы Сайра университетте мұғалім, оған қоса докторантура оқып жүр екен.

Жанат Әнуарды диспансерден емделіп шыққан соң өзінің жүргізушісі етіп алыпты. Қазір кезінде тастап кеткен оқуын сырттай оқып жатыр. Келер жылы оқуы бітіп, қолға диплом тиген соң   бөлім басшысы етіп алмақшы екен.

«Біржан аға, Жанар апай және менің анам үшеуіңізге Катонқарағайдағы бір шипажайға жолдама дайындап қойдық,  үшеуіңіз сол жақта демалып, шер тарқатып келіңіздер»  – деп Жанат жолдаманы Біржанға  ұстатты.

Дүние-кезек деген осы-ау, «Өркенің өссін, достықтарың үзілмесін» деп  Біржан мен Жанардың жүректері елжіреп кетті.

 

Әсем Искакова

Катонқарағай ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button