ӨзектіТОП

ДҮҢГІРШЕКТЕГІЛЕР НЕГЕ ДҮРЛІКТІ?

Өскемендегі дүңгіршектерде етік тігіп, сағат жөндеп, гүл сатып  күнелтіп келе жатқан  кәсіпкерлер бірнеше айдан бері жұмыстарын доғарып қойып, қала әкімдігінің есігін тоздырумен жүр.

Жергілікті атқарушы билік кәсіпкерлердің дүңгіршектері тұрған жерді жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартқан. Талапқа сай емес дүңгіршектер қала көркін бұзып тұр деген себеппен. Бірақ қала билігі кәсіпкерлерге дүңгіршектердің қандай талаптарға сай болуы керектігі туралы ешқандай құжат немесе  дүңгіршектердің арнайы бекітілген  нобайын да көрсетпеген.

«Облыс кәсіпкерлері палатасына қалалық әкімдіктің дүңгіршектер тұрған жерді жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартқандығы туралы арыз-шағымдар жиі түсіп жатыр. Бас тартуға негізгі себеп болып отырған жайт –дүңгіршектердің қаланың сыртқы келбетіне сай еместігі, сондай-ақ дәл сол дүңгіршектер тұрған жерге жылы аялдамалар орнатылатыны. Аяқ-киім жөндеу, сағат жөндеу шеберханалары, гүл сататын, газет сататын, азық-түлік сататын дүңгіршектер мен шағын павильондар  тұрғындарға қолайлы, үйреншікті жерде – жол бойында орналасқан. Дүңгіршектер қаланың келбетіне нұқсан келтіреді деп отырған қала әкімдігі өздерін жұмыспен қамтып, осы кәсіптен нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлердің қала бюджетін толтыруға үлес қосып жатқанын қаперіне алмай отыр», деп хабарлайды облыс кәсіпкерлері палатасының баспасөз қызметі.

Көп хаттан қайыр болмаған соң 8 ақпанда қаладағы  дүңгіршек иелері облыс кәсіпкерлері кеңсесіне  жиналды.

– Мен  жер учаскесін жалдау мерзімін ұзартуға өтінім бергенмін. Екі жыл бұрын дүңгіршек құрылысын жүргізуге рұқсат берген болатын, оны салуға бір жарым жыл кетті. Бар-жоғы үш жыл ғана жұмыс істедік. Енді, міне, бұл жерге жылы аялдама салынады дегенді желеу етіп  жалға алу мерзімін ұзартудан бас тартты. «Ровесник» ықшам ауданы тұрғындарынан әкімге петиция жинап әкелдік, бұл дүкен – бізге де, тұрғындарға да аса қажет әлеуметтік нысан, өйткені  бағалар төмен. Ол жерде жылы аялдама салуға жер жетеді, – дейді Серікбаев көшесіндегі азық-түлік павильонының иесі Татьяна Смирнягина.

Кәсіпкердің сөзінше, павильон сүрілсе, өзінің бизнесінде жұмыс істеп жатқан алты сатушы табыссыз қалады. Дүңгіршектер жойылса, палатадан көмек сұрай келген гүл саудасымен айналысатын кәсіпкердің де төрт бірдей сатушысы жұмыссыз қалмақ. Газет-журнал сататын «Регион» АРП» ЖШС-нің басындағы жағдай да дәл осындай.

– Біздің 19 сауда нүктеміз бар. Бәрінің де сыртқы көрінісі талапқа сай, жинақы. Дүңгіршектің төменгі жағындағы бөлігі ғана металл, қалғаны түгел шыныланған.  Қай жері, несі талапқа сай емес? Әкімдіктегілердің  көздеген мақсаттары не? – дейді «Регион» АРП» ЖШС директорының орынбасары Марина Ингачева. Бұл кәсіпкерлік субьектісі жабылса, 50 адам жұмыссыз қалмақ.

Кәсіпкерлер қаланың сиқын кетірмей, қала сәулетінің сәнін арттыруға қарсы емес. Алайда олар пандемия кезінде онсыз да саудасы тоқтап, қалт-құлт етіп күн кешіп жатқан өздеріне, қала тұрғындарына үйреншікті кәсібін жабу, тоқтату, жаңа орын іздеп жүгіру «жығылғанға жұдырық»,  ауыр соққы болатынын айтады.

«Жер учаскелерін жалға беру мерзімін ұзартудан бас тартқан шешімдерді оқып отырып, Өскемен қаласы әкімдігі оның себебін дүңгіршектердің қаланың көркіне әсер ететіндігімен, ол жерлерде жылы аялдамалар салынатындығымен түсіндіретінін көріп отырмыз. Бірақ біз жылы аялдамалардың салынуы дүңгіршектерге ешқандай кедергі келтірмейді деп есептейміз. Дүңгіршектердің жұмыс істеп тұрғаны  бір жыл ғана емес, 15-20 жыл өтті. Кезінде ол нысандар қалалық ТҮКШ бөлімі бекіткен эскизге сәйкес пайдалануға берілген. Егер оларда жалға беру келісімшарты болса, онда жалға беру мерзімін ұзартпау ешқандай нормативтік-құқықтық құжатпен анықталмайды. Соның өзінде кәсіпкерлер қаланы көріктендіруге қарсы емес, бекітілген эскиз болса, соған сәйкестендіріп өз дүңгіршектерінің сыртын өзгертуге дайын отыр. Қазір Өскеменде сауда павильондарын орналастыруға байланысты жобаларды қарауға қатысты жұмыс тобы қайтадан іске кірісті. Бұл – өте өткір әлеуметтік мәселе. Біз қала әкімдігімен қандай да бір оңды шешімге келеміз деп ойлаймын, қазір сауал жіберілді, жауабын күтіп отырмыз, – дейді облыс кәсіпкерлері палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әлия Мұқашева.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button