
Тоқсан жылды артқа тастаған тарихтың доңғалағы ғасырға қадам басты. Межелі мерзім, мерейлі күнді қарсы алған DIDAR газеті дүбірлі тойын өткізіп, қалам ізіндегі қария тарихқа тағзым жасады. Дидардың думанды тойына ойдан-қырдан оқырман қауым мен қаламгерлер жиналып, салтанатты жиынға билік өкілдері қатысты. Қаламы жүйрік журналистер марапатталып, газеттің алдағы қадамына қалың жұрт сәт-сапар тіледі.
DIDAR газетінің дүбірлі тойына келген жұрт облыстық драма театрына жиналды. Жауапкершілік жүгін арқалаған газет ұжымы жыл басынан бері тоқсан жылдық тойды күтіп толқып жүрген еді. Алыс-жуықтан жиналған ардагерлермен қатар, қара шаңырақтан қанат қаққан жас журналистер де театр төрінен табылыпты. Олардың өзара жарасымы ұлттық руханият қазанындағы ұрпақтар сабақтастығының үлгісіндей көрінеді. Өйткені жиналған көпшілік арасында газеттің тоқсан жылдық тарихын өз құлақтарымен естіп, кемі жарты ғасырлық тарихын бірге өткізген көнекөздер бар. Кеше ғана газеттің ұстаханасынан шыңдалып шыққан жастар жүр. Салтанатты жиын басталғанға дейінгі аз-кем уақыттың ішінде олар Тайшыбаевтан Тоқпатаевқа дейінгі газеттің тоқсан жылдық тарихын бір аунатып тастады. Оқырман есіне сала кетсек, Мақсұт Тайшыбаев –DIDAR-дың (ол кезде «Жұмысшы» деп аталған) алғашқы редакторы. Ал Уәлихан Тоқпатаевты білесіздер, қазіргі бас редактор. Тарихтың дөңгелегі тағы бір айналар еді. Күмбірлі күй, дүбірлі жырмен көп күткен шара басталып кетті.
– DIDAR газетінің тоқсан жылдық торқалы тойы құтты болсын. Бас басылым облыстың саяси, рухани, экономикалық және тағы да басқа саладағы жаңалықтарын жұртқа жеткізіп келеді. Газет өз тарихының 90 жылы мен Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде елдің жетістігі мен артықшылықтарын жазып келеді. Аудан, ауыл жаңалықтарын жазып, билік пен халықтың арасындағы дәнекер бола білді, – деді облыс әкімінің орынбасары Азамат Маратұлы құттықтау сөзінде.
Осылай деп ой қорытқан Азамат Маратұлы алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатты оқып, газет редакторына табыс етті. Осыдан кейін Парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваның ізгі тілегі мен облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтауларын жеткізді. Сонымен қатар газеттің алты бірдей азулы тілшісін облыс әкімінің атынан марапаттады. Салмақты құттықтаулардың соңы «Сұржекей» әнімен мерекелік ән-шашуға ұласты.
Ұлттық рухтың ұстаханасы
Облысымыздың даму үрдісінің дәйегі мен дәлелін, жетістігі мен кемшілігін DIDAR газетін парақтаған адам парықтай білмек. Өйткені газет жылдар бойы халық пен биліктің хабаршысына айналып келеді. Жаңалықтың жаршысы ғана болып қоймай, Шығыста журналистиканың өзіндік мектебін қалыптастырып, қазақ баспасөзіне қаламы қарымды жауынгерлер дайындап берді. Тоқсан жылдың ішінде тоқпағы мен соқпағы қатты ұлттық рухтың ұстаханасына айналды. Бұл –газетке оқырмандар мен қаламгерлердің берген бағасы. Басылымның бұл еңбегі әр жылдары бағаланып, жетістігі тарих парағына қатталып та келеді.
– DIDAR газеті – облыстағы ұлттық рухтың қасиетті қара шаңырағы. DIDAR – ақпарат айдынында, ақпарат керуенінде жүрісінен жаңылмай келе жатқан қатепті қара нар. DIDAR – азулы журналистер мен қарымды қаламгерлер шыққан рухани мектеп. Бүгінгі таңда жаңа медиа қалыптасып, хабар жеткізудің сан қыры қалыптасты. Алайда DIDAR газеті жаңа үрдістің көшінен қалып, жаһандық үрдістен ұтылған жоқ. Ол – жұмыс істеп келе жатқан журналистер мен басшылықтың нәтижелі еңбегінің арқасы, – деп ықыласын білдірді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Өткен тарихты бағамдамай, болашаққа қадам басу – қателік. Қай уақытта болмасын өткеннен сабақ алып, болашаққа болжам жасап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету үрдісі қалыптасқан. Дәстүрлі үрдісті бұзбаған қала әкімі Жақсылық Омар ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов пен газеттің қазіргі бас редакторы Уәлихан Тоқпатаевқа «Өскемен қаласының дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» медалін тағып, ел алдында ерекше құрмет көрсетті. Сонымен қатар бірқанша журналиске арнайы марапаттар табыс етті.
Алаштың астанасы, руханияттың шаңырағы бола білген қанаттас қала Семей әкімдігінің өкілі құттықтау хатын табыстап, елдің сәлемін жеткізді.
Ой мен қырдың дәнекері
Шығыстың шежірелі басылымы шалғайдағы жұрттың да мұң мен зарын, қуанышы мен шаттығын, жетісітігі мен кемшілігін жазып келеді. DIDAR газеті тоқсан жылдың ішінде ой мен қырдың дәнекері бола білді. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасы да ізгі тілектерін жеткізіп, жұмыла жұмыс істеп жүрген журналистерді марапаттады.
Қалың бұқараны жаңалықпен құлақтандырып, руханиятпен сусындататын газеттің торқалы тойынан аудандар да қалыс қалмады. Мерекелік жиынға Риддер, Курчатов қалалары мен Тарбағатай, Катонқарағай, Үржар, Аягөз, Абай, Ұлан, Бесқарағай, Күршім, Глубокое қатарлы аудандардан арнайы келген қонақар қатысып, жұрттың ыстық ықыласы мен құттықтауларын жеткізді. Сонымен қатар газетпен тығыз байланыс орнатып, бірге жұмыс істеп келе жатқан білім, ауыл шаруашылығы сынды бірқата басқарманың өкілдері де ақжарма тілектерін арнап, сый-сияпаттарын тарту етті. Облысымыздың әр өңірінен арнайы келген әріптестер де торқалы тойдың төрінен табылды.
Осылайша, ой мен қырдан жиналған жұрт DIDAR газетінің дүбірлі тойына, думанды кешіне куә болды.
– Газетіміздің тоқсан жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында шағын әңгімелер байқауын жариялаған едік. Оқырмандарымыз сөз сайысына белсене қатысып, отыздан астам шығарма келіп түсті. Бұл – газеттің оқырманының көп екендігінің, болашағының зор екендігінің дәлелі. Міне, газетіміз ғасырға аяқ басып, көңіл толқытып, жүрек тебірентер тілектер айтылып жатыр. Газетіміздің болашағы баянды болсын, – деді салтанатты шараны қорытындылаған DIDAR газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев.
Газет оқырмандары арасында өткен шағын әңгіме байқауында бірінші орынды катонқарағайлық Бейімбет Болаев жеңіп алды. Оған түрлі-түсті теледидар тарту етілді. Жүлделі екінші орынды еншілеген тарбағатайлық Жаухаз Санатова смартфонға ие болды. Үздік үштікті Абай ауданынан қатысқан Қуаныш Байғабылов түйіндеді. Оған қысқатолқынды пеш бұйырды. Осы жерде айта кетер бір жайт, бұл байқауға Өскемен қаласының әкімдігі демеушілік етті.
Сонымен қатар Мүсілім Құмарбеков атындағы арнайы жүлдені Гүлжан Қазымова, Серік Ғабдуллин атындағы арнайы жүлдені Жұмабақыт Рахметова, Тұрғазы Нұқаев атындағы арнайы жүлдені Совет Махметов, Ғалым Байбатыров атындағы арнайы жүлдені Ақмарал Зияданова иеленді. Жеңімпаздар DIDAR газетіне бір жыл тегін жазылу мүмкіндігіне ие болды.
Баба жыршы Бұқар жырау «тоғызыншы тілек тілеңіз, тоқсандағы қарт бабаң топқа жаяу бармасқа» деген еді. Қарт басылымның беделі биіктей түсуіне тілекші болайық. Шығыстың шежірелі басылымы ғасырлық тарихының соңғы он жылдығына да оң қадаммен аттанғай.