«Дудкиннің» тауарлы-сүт фермасы
Қабырғаларына аппақ кафель жапсырылған бұл ғимаратты мал қорасы дегенге қимайсың. Іші тап-таза, көлденең жатқан бір шырпы жоқ. Қаз-қатар тізіліп, сауын аппаратына қосылған күйлі сиырлар алаңсыз күйсеп тұр.
– Осыдан жарты жыл бұрын ғана бұл қораның шаңырағы ортасына түсіп, иен жатқан болатын. Жиырма жыл бойы қаңырап тұрған ферманы әкем Сергей Дудкин сатып алды. Құлаған ғимаратқа жан бітіріп, ішін малға толтыру оның арманы еді. Өкінішке қарай, ол кісі мезгілсіз дүние салды. Әкемнің арманы болған істі аяқсыз қалдырғым келмеді. Қала әкімдігінің қолдауымен осыған бар қаражатымды салып, бүгін міне тауарлы-сүт фермасын іске қостық. Әкем тірі болса бүгін 60-қа толар еді, ферманың ашылуының дәл осы күнмен тұспа-тұс келуі де кездейсоқтық емес болар, – деп бастады әңгімесін Риддер қаласындағы «Дудкин» шаруа қожалығының басшысы Александр Сергеевич.
«Дудкин » шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасы 400 басқа лайықталып ашылды. Алайда, ферманың ауданы мұнда 1100 бас малды ұстауға қауқарлы. Сауын сиырларын бұл межеге жеткізу – қожалық басшысының жақын болашақта жүзеге асыратын жоспарларының бірі. Бүгінде мұнда 200-ден астам сауын сиырлары мен 100-ден аса бұзау бар. Тауарлы-сүт фермасын Александр Сергеевич өз қаражатына салған. Қала әкімдігі де, бұл істің басы-қасында жүріп, құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, қысқа жіп күрмеуге келмеген кезде қожалық басшысының жігерін жани түскен.
– Марқұм Сергей Дудкин тау бөктерінде орналасқан осы ферманы қайта ашу үшін біраз күш жұмсаған болатын. Қала әкімдігі оның бұл жоспарын қолдап, ғимаратты төмен бағаға сатып алуға қол ұшын созды. Бұл ферманың ашылуы әке арманын орындау ғана емес, жергілікті тұрғындар үшін өте маңызды оқиға. Өйткені Риддер өндірістік аймақ, ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің тек бір пайызын құрайды. Мұндай жерде тауарлы-сүт фермасының ашылуы қаладағы сүт өндіруді жылына 600 тоннадан екі мың тоннаға дейін арттырмақ. Алдағы уақытта мұнда сүт қабылдау пунктін ашу да жоспарланып отыр. Егер бұл іс ойдағыдай жүзеге асса, қожалық басшысы сүт өңдеуді де қолға алмақ. Ферманың жанында оған лайықты ғимараттар көп, – дейді Риддер қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Евгения Нужных.
Өткен жыл шаруа қожалығы үшін оңай болмаған. Тауарлы-сүт фермасын ашамын деп жүргенде малдарынан бруцеллез шығып, қожалық басшысына ауру малмен қатар, індеттің алдын алу үшін 600 бас ірі қараның көзін жоюға тура келген. Артынан ферма үшін Зырян, Глубокое және Ұлан аудандарынан екі жүз бас сүтті сиыр сатып алды. Күні бүгінге дейін олардың жартысы бұзаулап үлгереді. Әрқайсысына ат қойылып, нөмірленген сол бұзаулар ферманың қосалқы қорасында ойнақтап жүр. Олардың тәуліктік салмақ қосуы, өсіп-жетілуі мұқият қадағаланады. Әрқайсысына төрт-бес төлден сиятын жеке орындар дайындалған.
Сауын жүйесі немістің осы заманғы, ең озық технологиясымен жабдықталған. Қора ішіндегі германиялық аппаратта бір мезгілде 16 бас сауылса, жаздық қорада тағы осындай сегіз құрылғы орнатылған. Желіндегі сүт сарқылған кезде автоматтандырылған техника өзінен-өзі тоқтайды. Сауылған сүт бірден құбырлар арқылы салқындатқыш танкерге жөнелтіліп, ол жерден сүт машинасына құйылады. Бүгінде шүйгін шөпте жайылған ферма малының майлы сүтіне «Эмиль» ЖШС қызығушылық танытып отыр. Жергілікті сүт өнімдерін өндіруші «Милка» кәсіпорыны да мұндағы сүтті сатып алады. Тауарлы-сүт фермасының өнімі осындай жаңа технологияның арқасында сапалы әрі сенімді деуге толық негіз бар. Сұрыпталып сатып алынған сиырлар тәулігіне 10-15 литрге дейін сүт берді.
– Ол үшін мал азығы сай болуы керек. Аталмыш қожалық- Риддердегі ең ірі шаруашылық құрылымы. Оның иелігінде 2200 гектарға таяу жер мен 30-дан астам ауылшаруашылық техникасы бар. Егістікке көкөністермен қатар, алты гектар жерге мал азығына арналған бидай да егілді, – дейді ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Евгения Нужных.
Бұл ферманың ашылуын осы іске жанын салған азаматтар төрт жыл күтті. Қоқыс үйіндісіне айналған ғимаратты қалпына келтіріп, ондаған адамды жұмысқа алған азаматқа тұрғындар алғыстарын да айтып жатты.
Лаура Тілеубайқызы