Қоғам

Дуальді оқытуда облыс тәжірибесі негізге алынады

Дуальді оқытуда облыс тәжірибесі негізге алынады

Кеше Өскеменге Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА бастаған, Парламент депутаттары қостаған үкіметтік делегация келді. Астаналық құрметті қонақтар, сондай-ақ, республиканың әр өңірінен келген өкілдер облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге «Алтай» технопаркінде өткен «Техникалық және кәсіптік білім беруге дуальді оқыту жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс тәжірибесі» атты III республикалық форум жұмысына қатысты.
Түске дейін секциялық отырыстар өткізіліп, онда қатысушылар техникалық және кәсіптік білім берудің шығысқазақстандық үлгісі туралы фильмді тамашалады. «Серіктестікті ұлттық деңгейде дамытудың тиімді стратегиясы», «Серіктестікті басқарудың өңірлік жүйесі: басымдықтар мен тегершіктер», «Кадрлар дайындаудағы және серіктестіктегі менеджменттің нәтижелі жүйесі» деп аталатын тақырыптарды өзара талқылап, пікір алмасты. Салаға қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
Форум жұмысының түстен кейінгі бөлігі «Ерекше мамандық» атты арнайы ұйымдастырылған көрмемен басталды. Еліміздің басқа өңірлерінде оқытылмайтын мамандықтарды дайындау үшін республиканың кәсіпорындары арасында әріптестер тартуды мұрат тұтқан аталмыш көрмеде облыстық білім, денешынықтыру және спорт сияқты басқармалар мен бірқатар оқу орындары өздерінің төл жобаларын қонақтарға таныстырды. Өскеменнің көпсалалы технологиялық колледжі мен құрылыс колледжінің оқушылары көпшіліктің алдында арнайы аппарат арқылы металл дәнекерлеу ісінен өзара сайыс ұйымдастырды. Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінің шебері Азамат Сабырбаевтың айтуынша, бүгінгі күні аталған оқу орнында қолданылатын жаңа технологияға негізделген дәнекерлеу аппараты шығынды едәуір азайта отырып оқытуға мүмкіндік береді. Оқушылар оның көмегімен дәнекерлеудің түрлерін, амал-тәсілдерін өз қолдарымен істеу арқылы үйренеді.
Сонымен қатар, көрмеде ұсынылған Өскемендегі №3 мектептің 11-сынып оқушысы, республикалық ғылыми жобалар жарысының және халықаралық ғылыми конкурстың жүлдегері Мадина Еркінова мен №17 мектептің 10-сынып оқушысы, республикалық, халықаралық шығармашылық конкурстың робототехника секциясының жүлдегері Сергей Мокиннің ойлап тапқан мультикоптер құрылғысы көпшіліктің назарын аударып, қызығушылығын туғызды. Еліміздің басқа аймақтарынан келген меймандар шығысқазақстандық дарынды оқушылардың жасаған дүниелерін таңдана тамашалады.
Форумды облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты. Президент тапсырмасына сәйкес оқытудың дуальді жүйесін енгізудің ұлттық моделін қалыптастыру мен мемлекет экономикасының инновациясына білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығына ерекше тоқталған аймақ басшысы: – Бұл форум кейінгі екі жылда облысымызда қолға алынған оқытудың дуальді жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жобаның нәтижелі жүзеге асырылуына ықпал етіп, өнеркәсіп пен оқу орындарының арасындағы байланысты нығайта түсуге қосымша серпін береді деген сенімдеміз. Жалпы, облыстағы барлық білім беру мекемелері тиісті стандарттарға толықтай жауап береді. Олардың әрқайсысы сұранысқа сәйкес кадрлар даярлауды басшылыққа алған. Бұған қоса Мемлекет басшысы тарапынан жүктелген үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні облысымызда үш ауысыммен оқитын білім беру мекемесі жоқ десек, апаттық мектептердің саны 36-ны құрап отыр. Кейінгі екі жылда 22 апаттық мектептің орнына жаңасын салдық. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 19 жаңа білім ошағы қолданысқа берілмек. Сөйтіп, 2015 жылға дейін аймақтағы барлық апаттық мектептерді жоямыз. Дегенмен, осы тұста бір айтатын мәселе, Білім және ғылым министрлігі апаттық мектептерді анықтаудың нақты тегершігін жасауы тиіс. Ал енді балаларды мектепке дейінгі тәрбие беру орындарымен қамтуға келсек, мұндағы облыстың көрсеткіші – 97%. Шағын орталықтар ашу және бұрынғы балабақша ғимараттарын қайтарып алу арқылы бұл көрсеткішті 2015 жылға қарай жүз пайызға жеткіземіз, – деп түйді.
Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдегі бұқаралық спорттың даму барысы, жаңадан ашылып жатқан спорттық нысандар туралы айтып өтті.
Естеріңізге сала кетейік, біздің облыс кәсіптік және техникалық білім беруде тиімді жұмыс істейтін индустриялық-аграрлы дамыған аймақ ретінде дуальді оқыту жүйесін жаңғырту бағдарламасының қанатқақты жобасын іске асыру құрметіне ие болған-ды. Жаңғырту бағдарламасының тетіктері – облыстық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кадрлар қажеттілігін болжау, кадрлар даярлауда мемлекеттік тапсырыстың адам басына қаржыландыру, оқу орнын бітірген түлектердің еңбекпен қамтылуы және бекіту мониторингі, инженер-педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру сияқты бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер.

Еуропада кәсіптік-техникалық мамандықтарға ерекше мән береді

Қазір кадрлар даярлау жүйесіне өңірдегі 1207 кәсіпорын мен мекеме тартылған болса, мұның 87-сі дуальді оқытуға белсенді қатысуда. Соған қарамастан жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, облысымыздағы кәсіпорындарда 2018 жылға дейін ҮИИД бағдарламасы бойынша техникалық және кәсіптік мамандықтарға сұраныс азаймай тұр. Айталық, «Азия Авто» АҚ-ның металлургия және машинақұрастыру саласындағы кадрға деген жалпы сұраныстың үлес салмағы 45,1 пайызды құраса, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің геология, тау-кен өндірісі және пайдалы қазбаларды игеру саласында бұл көрсеткіш 17 пайызға тең. Сол сияқты кадр жетіспеушілігі «Қазцинк», «ГРК МЛД», «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» тәрізді бірсыпыра жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде байқалады.
– Форумның тақырыбы біздің еліміз үшін өте маңызды. Себебі, әрбір қарапайым жұмысшы мамандығы ел экономикасының бәсекеге қабілетті болуына өзінің септігін тигізбей қоймайды. Индустрияландырудың сәтті жүзеге асырылуы ең бірінші кезекте өнеркәсіп орындарына байланысты десек, ал сол кәсіпорындардың дамуы техникалық және кәсіптік білімі бар білікті мамандарға тікелей тәуелді екені анық. Айталық, Австрия, Бельгия, Нидерландыда оқушылардың 70 пайызы жұмысшы мамандығын таңдап, меңгеретін болса, Германия, Швейцария, Норвегия, Швеция елдерінде бұл көрсеткіш алпыс пайызды құрайды. Яғни, дамыған еуропалық мемлекеттерде жұмысшы мамандықтарына баса көңіл бөлінеді. Ал елімізде өкінішке қарай, 9-сыныптан кейін кәсіптік-техникалық мамандықтарға баратындар қатары он пайыздан әрең асады. Сондықтан дуальді оқыту жүйесін енгізу бойынша қанатқақты жобаны сәтті жүргізген Шығыс Қазақстан облысының тәжірибесін басты негізге ала отырып, аталған проблеманы шешуге кірісуіміз қажет, – деген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова туындаған мәселенің себептерін де атап өтті.
Оның айтуынша, кәсіптік-техникалық білім беру үдерісіне бизнесті тартудың нашарлығы, мектеп оқушыларын қызықтыратын, ынталандыратын тетіктердің болмауы және басқа да жағдайлар жинала келе өнеркәсіп орындарында кадр тапшылығының туындауына әсер етуде.
Форум барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов және басқалары баяндама жасап, тақырыпты тарқата түсті. Аслан Сәрінжіпов дуальді оқыту жағдайында кадрлар даярлаудың жүйесіне кеңірек тоқталса, әріптесі Тамара Дүйсенова «Кәсіби стандарттар – дуальді оқытудың негізі» деген тақырыпты қаузады.

Қарапайым жұмысшы күшіне сұраныс артады

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев «Кадр даярлаудағы мемлекет пен бизнестің өзара қарыс-қатынасын дамытудың болашағы», Серебрянка технологиялық колледжі директорының міндетін атқарушы Ольга Антоненко «Бұқтырма цемент компаниясы» Қазақстан-Герман кәсіпорынымен бірлесіп дуальді оқыту жүесін жүзеге асыру туралы ақпараттар берді.
– Жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, жасалған болжамға сәйкес 2014-2018 жылдары елімізде өнеркәсіп орындарында, құрылыста істейтін қарапайым жұмысшы күші сұранысқа ие болмақ. Одан басқа дәрігерлер, құрылғылар бойынша механиктер, слесарь-құрастырушы және слесарь-монтаждаушы, құрылысшы-монтаждаушы секілді мамандық иелеріне деген сұраныс күшеймек. Сол себепті кәсіптік-техникалық білім беру саласында дуальді оқыту жүйесін енгізудің маңыздылығы уақыт талабы, – деп нақтылады Тамара Дүйсенова.
Форумның соңына қарай ел экономикасының салалары үшін мамандар даярлау мақсатында меморандумдар жасалды. Ең алдымен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов тұрғындарды еңбекпен қамту саласы бойынша меморандумға қол қойды. Содан кейін «Текелі тау-кен өңдеу кешені» ЖШС мен Қарағанды облысының Теміртау политехникалық колледжі, Астанадағы «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы» ЖШС мен Шығыс Қазақстан облысының радиотехника және байланыс колледжі, Ресей Федерациясы, Свердловск облысындағы Первоуральск металлургиялық колледжі мен Астанадағы «Кәсіпқор» холдингі арасында да тиісті меморандумдар жасалды. Алқалы отырыстың соңы форум жұмысының ұсынысын қабылдаумен аяқталды.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button