Дәстүрлі музыкалық мұраны дәріптейді

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргеніне де екі жылдың жүзі болыпты. Осынау мақаланың халықтың рухани өміріне өзгеше бір леп әкелгені де шындық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде талай жоба қолға алынды. Сол жобалардың бірі – «Ертіс әуенінің әлемі».
Мәдени мекемелердің жұмысын ширатты
«Ертіс әуенінің әлемі» жобасының қолға алынуы әсіресе мәдени мекемелердің жұмысына қан жүгірткені ақиқат. Айлап, кейде жылдап ешқайда шыға алмай, өз қазанында ғана қайнап жатқан өнер ұжымдары үшін гастрольдік сапарлар күрт көбейді. Күміс көмей әншілер мен күйшілер халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде өтіп жататын түрлі өнер байқауларынан қалмайтын болды. Жалпы, «Ертіс әуенінің әлемі» жобасының мақсаты – дәстүрлі музыкалық мұраны сақтау, өңірлік орындаушылар мен композиторлардың шығармашылығын мәдени-бұқаралық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру арқылы жұртқа танытып, насихаттау. Жоба аясында байқаулар, фестивальдар, гастрольдер, концерттер, көріністер және т.б. маңызды мәдени-бұқаралық шараларды өткізумен қатар, халықаралық, республикалық, облыстық қызмет гастрольдерін ұйымдастыру да қарастырылған. Сонымен қатар репертуарларды іріктеу, жаңарту және толықтыру үшін жетекші музыканттар мен хореографтардан (композиторлар, орындаушы–вокалистер, көркемдеушілер, хореографтар, аспапта орындаушылар мен т.б.) жұмыс топтарын құру, материалдық-техникалық базаны нығайту (аспаптарды, сахналық костюмдерді, бейне, жарық және дыбыс аппаратураларын, кеңсе техникасы, бейне және фото аппаратураларын сатып алу, репертуарды, партитураларды, автокөлікті жаңарту) да жоспарға енгізілген. Мұнымен бірге мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында кәсіби қызмет бағыттары бойынша шеберлік-сабақтары мен оқулар өткізу басты назарда ұсталуда. Өткен жылы бұл жобаға 349,4 млн. теңге бөлінсе, биыл 600,8 млн. теңге бөлініп отырған көрінеді.
Аталған жобаның игілігін көріп отырған мәдени мекемелердің бірі – Семей қаласындағы облыстық Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония.
Филармония директоры Адай Азаматовтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Ертіс әуенінің әлемі» жобасының берері көп.
Бүгінгі күні аталған ұжымда 156 адам қызмет істесе, таза өнер саласының адамы 130-дың үстінде көрінеді. Филармония құрамында Бибігүл Төлегенова атындағы халық аспаптар оркестрі, «Славянка» орыс халық аспаптары ансамблі, «Кербез» фольклорлық ансамблі, камералық ансамбль мен «Тұмар» бишілер тобы бар. Дәстүрлі, классикалық, эстрадалық әншілердің өзі отыздан асып жығылады екен.
– Былтыр «Ертіс әуенінің әлемі» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының 20 жылдығына арналған үлкен шараға қатысып қайттық. Сонымен қатар «Кербез» ансамблі Польшада өткен фестивальге барып қайтты. Алыс-жақын шет елдерден бөлек, өзіміздің өңірдің Абай, Жарма, Зайсан аудандары мен Курчатов қаласына да гастрольдік сапармен барып, аралап қайттық, – дейді филармония директоры А.Азаматов.
Сондай-ақ осы жоба шеңберінде 19 миллион теңгеге Бибігүл Төлегенова атындағы халық аспаптар ансамблі, «Кербез» фольклорлық ансамблі мен «Славянка» орыс халық аспаптар ансамблі, «Тұмар» бишілер тобына сахналық киімдер тігіліпті. Мұнан өзге 16 миллион теңгеге түрлі аспаптар сатып алынған. Оның ішінде 9 миллион теңге «Ямаха» деген жапондық рояль сатып алуға жұмсалған екен. Сондай-ақ дәстүрлі әншілер мен оркестрге керекті қобыз, домбыра, контрабасс, бас домбыра секілді аспаптар алыныпты.

Филорманияға бір ғимарат қажет ақ
– Ал енді биыл Жастар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты біз қазір 25-30 жастағы әншілердің өнер кештерін өткізуді қолға алдық, – дейді филармония басшысы А.Азаматов.
Жыл басында филармонияның екі әншісі (Еркебұлан Мұсаев пен Әйгерім Тоқтыбаева) Павлодар қаласында өткен «Классика әлемі» атты халықаралық байқаудан екінші орын алып қайтыпты. Екеуі де еліміздің Мәдениет қайраткері Нұрлан Көшеровтің шәкірті. Қазір филармонияның жас әншілері өзге де байқауларға дайындық үстінде. Биылғы республикалық «Жас қанат» байқауына Олжас Оспан атты жас әнші қатыспақ.
¬- Қазір Моңғолияға баруға дайындық жүріп жатыр. Өйткені күзде Моңғолиядағы Баян Өлгей аймағының 90 жылдық және осындағы қазақ ұлттық оркестрінің 60 жылдық мерейтойы болмақ. Бізді соған арнайы шақырып отыр. Сондай-ақ Қытайдың Алтай аймағына бір жұмаға гастрольдік сапармен баруды көздеп отырмыз. Ал «Кербез» фольклорлық ансамблі Түркияда өтетін фестивальға шақырту алды. Министрлік жолақысын шешіп берсе болды, қалған шығынның бәрін сол Түркия жағы көтеріп алмақ, – дейді Адай Азаматов.
Оның айтуынша, филармония әншілерінің барлығы әнді жанды дауыста орындайды екен. Фонограмма дегеннің қалғаны қашан. Содан кейін, әншілер өз репертуарларында Теміржан Базарбаев, Мәуліт Рахымбаев, Тұрсынғазы Рахимов, Болат Сыбанов секілді Шығыс өңірі композиторларының әндері болуын қатты қадағалайды екен. Филармонияда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Үдербаева, Баян Сағымбаева секілді өңірге есімі кеңінен танымал, өнерде өзіндік жолы бар әншілер де еңбек етеді.
– Аға буын әншілердің жастарға берері көп. Денсаулығы жараса болды, біз оларды сахнадан қумаймыз, – дейді филармония басшысы.
Филармония жанында бес адамнан тұратын көркемдік кеңес бар. Өнерпаздардың барлығы үш жылда бір рет аттестациядан өтіп тұратын көрінеді. Адай Зейнолдаұлы кейде аттестациядан өте алмай қалатын өнер адамдарының да болатынын жасырған жоқ. Бірақ, оларға үш ай уақыт беріледі. Тіпті аттестациядан өте алмай жұмыстан шығып кететіндер де болады екен. Мұның өзі өнер адамының үнемі ізденіс үстінде болу керек екенін аңғартса керек.
Әңгіме барысында А.Азаматов 74 жылдық тарихы бар филармонияда әлі шешімін таппаған мәселелердің де бар екенін жасырмады. Ол – өнер мекемесінің басында жеке ғимаратының жоқтығы. Қазір қалалық Мәдениет үйінің төрт-бес бөлмесін жалға алып отырған жайы бар. Жоқ, ертеректе филармонияның өзінің жекеменшік ғимараты болыпты. Бірақ кейін орталық саябақтың ішіндегі сол ғимараттан айырылып қалыпты. Қазір ол меншіктің қолында көрінеді.
Жоғарыда айтқан «Ертіс әуенінің әлемі» жобасы аясында тіккізген киімдер, сатып алынған аспаптардың барлығы бүгінде қалалық Мәдениет үйінің жертөлесінде тұр. Ал ол жер болса ылғал. Бұл мәселені қалалық әкімдік те, жауапты басқарма да жақсы біледі. Филармония басшысы А.Азаматов өз сөзінде Семейде «Еңлік-Кебек» атты кинотеатрдың бос тұрғанын, «сол ғимарат бізге тиіп қалса жақсы болар еді» деген ойын да жайып салды. «Далада жүргеннен гөрі, жақсы ғой», – дейді Адай Зейнолдаұлы.
Сонымен қатар жыл сайын өнер ұжымына келіп жатқан жастарды баспанамен қамтамасыз ету де үлкен мәселе екен. Филармонияға қарасты төрт бөлмелі жатақхана-үйде төрт отбасы сығылысып тұрып жатыр.
– Жастарымыздың барлығы талантты. Ең қиыны – тұрақты жатақханамыз жоқ. Соған қатты қиналамыз. Былтыр консерватория бітірген үш адамды қабылдадық. Биыл тағы да екі жас әнші келетін болып жатыр. Жыл сайын жоқ дегенде екі немесе төрт адамды жұмысқа қабылдаймыз. Шындығында, өнер адамы үшін жағдай жасалуы керек қой. Ол таза өнермен шұғылдануы тиіс. Басында баспанасы жоқ болса, ол қалай жұмыс істейді? – дейді филармония басшысы.
Жалпы, «Ертіс әуенінің әлемі» жобасы аясында былтыр Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының қазақ труппасы да Моңғолияға гастрольдік сапармен барып қайтыпты. Өскемендегі «Ертіс концерт» мекемесі де «Шырайлы Шығысым» деген концерттік бағдарламамен облыстың біраз ауданын аралап, ауыл тұрғындарын саф өнермен сусындатып қайтты. Мекеме басшылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған осынау жоба биыл да жалғасын табатынын айтады.
Мейрамтай Иманғали