Дәстүрлі емес медицина: аңыз ба, ақиқат па?

Медицина ғылымы дамыған қазіргі кезеңде емдеудің дәстүрлі емес түрлері де қолданылып жүр. Тіпті сондай оқиғаларды естіп те, көріп те жүрміз. Оның төңірегінде дау-дамай туындап, медицина мамандарының өздері де түрлі пікір айтады. Басқасын былай қойып, қазақы ем-дом жөніндегі пікірлер де бір арнаға тоғысқан емес. Сөйтсе де дәстүрлі емес емдеудегі оқиғалар таңғалдырумен келеді.
Су қараңғы қыздың жанарын ашқан
Ресейдің атақты хирург-офтальмологі, ғылым докторы, профессор, туристік спорт түрінен КСРО-ның үш дүркін жеңімпазы, Федералдық мемлекеттік «Бүкілресейік көз емдеу, пластикалық хирургия» орталығының бас директоры Эрнст Мулдашев жөнінде осыны айтуға болады. Оның ұлты – башқұрт.
Аты аңызға айналған Эрнст медициналық ғылымға негізделген және дәстүрлі емес емдеу жүйелерінің тізгінін қатар ұстап келеді. Ол Тибетке төрт рет сапар шеккен.
Эрнсті тибеттіктердің тұрмыс-салты ғана емес, халықтық емінің құпиясы да қызықтырған. Ол Тибетке жасаған төртінші сапарынан оралған соң, ота жасау арқылы зағип болып қалған қыздың көзін ұясынан алып, оны қайта орнына салыпты. Бастысы, тумысынан су қараңғы болып дүниеге келген қыз жарық дүниені көргенде қатты қуанған екен.
Бұл – әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған оқиға. Бәрінен де көзді қайта ұясына салған кезде оның қаны қалай тоқтатылды, тамырлары қалай жалғанды деген заңды сауалдар туады. Әрине, ол хирургтің асқан шеберлігін ғана емес, тибеттік емдеудің құпиясын терең меңгергендігін де танытса керек.
Керімбек емшілікке қалай келді?
Емдеудің дәстүрлі емес түрін қолдануда қазақтар кенже қалмаған. Биыл жолым түсіп, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сарытауқұм ауылында тұратын Керімбек Мәдиевтің емші екенін естіп, оның үйіне бардық. Елулердің ішіндегі жігіт ағасына:
– Емшілікті қалай еншілеп жүрсіз? Бәлкім, медициналық оқу орындарының бірін бітірген шығарсыз, – деп едік, ол:
– Медицинаға үш қайнасам сорпам қосылмайды. Бұрын жүргізушік болғам. Ал емшілікпен шұғылданғаныма ширек ғасырдай болды, – деді.
Керімбек емшілігін әйелі Розаны емдеуден бастапты. Бұрын бес қызға өмір сыйлаған Роза 1987 жылы алтыншы баласына жүкті болады. Айы-күні жеткеннен кейін, Дастан атты ұлы дүниеге келіп, шілдехана тойын жасайды.
Бірақ бұл қуанышы ұзаққа бармаған. Келіншегінің қолы мен кеудесі, арқасы мен аяғы ақтаңдақтанып кетеді. Медицина тілімен айтқанда, ол псориоз деген ауру болып шығады. Әйелі осы дертінен именіп, ел назарына түскісі келмейді. Қоғамдық моншаға да бармайды. Тіпті ол Керімбекке «Денеме беймәлім бір дерт жабысты. Саған жар болып жарытпаймын. Басқа біреуге үйлен» дейді. Бірақ Керімбек сүйіп қосылған жарынан ажырасқысы келмеді.
Оны Ыстықкөлге апарып емдетсе де, бес мың долларын төлеп Израильдің сәуле камерасына түсіртсе де, оңалмады. Тіпті сырқаты одан сайын асқынып, бала-шағасының берекесі қашады. Осындай сергелдеңге түскен күндердің бірінде әжесі Орынбасар Көпшілбаева түсіне кіреді. Көзі тірісінде ол кісі көріпкел болған екен.
Әжесі түсінде:
– Келінімді емдетпей неге жатырсың? Анау Ақтөбе қаласының батыс жағында сайлар бар. Соның табанынан тас қазып әкеліп, келінімді емде, – дейді. Оянғаннан кейін түсін жақсыға жорып, сонда аттанып кетеді.
Ақтөбе қаласынан 120 шақырымдай батысқа қарай жол шегіп, мұндағы сайлардың үлкендеу біреуіне ат басын тірейді. Сапер күрегімен жерді қазған кезінде әуелгіде дәнеме де шықпайды. Мөлшері 30 сантиметр тереңдіктен ғана саусақтың ұзындығындай екі дана кішкене тас шығады. Бұған қуанған Керімбек жерді қазуын жалғастырып, тағы да оншақты тас шығады. Салмағы екі келі тартқан сол тастарды дорбасына салып, ауылына қайтады.
Керімбек үйіне оралғанмен, әкелген тастарын қалай ұқсатарын да білмеді. О дүниелік болып кеткен әжесі қайдан тіл қатсын. Тас дегені тас та емес, сыртқы қоңырқай қабығын қырғаннан кейін, іші ізбес сияқты шымқай ақ керішке айналады. «Осы ақ керіштің шипасы бар шығар» деген оймен керішті уатып, қайнатып, оның тұнбасын ішкізу үшін келіншегіне ұсынады.
– Әжеміз түсінде аян берген екен деп қайдағы бір тастарды алып келіпсің. Бұл тастарыңның емдік қасиеті бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Жасаған тұнбаң дәрі емес, у болып шықса қайтпекпін. О дүниеге аттанар жайым жоқ. Ішпеймін, – деп азар да безер болады.
-Тас деген аты болмаса, түсі ақ маржандай емес пе? Денсаулық керек болса, іш. Әжем түсімде бекерге аян бермеген шығар. Аруаққа шет болмайық, – дейді.
Керімбектің аузынан «аруақ» деген сөз шыққаннан кейін, ішпеске лажы қалмайды. Алғашқы айларда ешқандай әсері білінбейді. Бір ай өтеді, жазылмайды, екі ай өтеді, тағы да еш өзгеріс байқалмайды.
«Қой, мұны ішуді тоқтатайын» деген тоқтамға келеді. Бірақ Керімбек:
– Қазақта «Ер кезегі үшке дейін» деген мақал бар.Тағы бір ай байқап көрсеңші, – деп келіншегін жігерлендіреді. Айтқанындай үшінші айда Розаның қолындағы ақтаңдақтар кете бастайды. Ал алтыншы айдан кейін ғана денесіндегі ақтаңдақтар жойыла бастапты. Қазір сырқатынан ада-гүде айыққан жары үй шаруасын дөңгелетіп жүр.
Керімбек кейін өзі тапқан емдік тастардың құпиясын білмек болып Мәскеудегі Евгений Петров деген танысына тексертуге жіберген екен. Евгений бұл тастарды фармакологиялық лабораториядан өткізгенде, ол 7-8 миллион жыл бұрын өмір сүрген су жәндіктерінің денесі болып шығыпты. Оның құрамындағы химиялық заттардың 80-90 пайызы кальций, қалғаны т. б. заттар екен.
Әйелін емдеп жазғаннан кейін, Керімбек ел-жұртты емдеумен шұғылдануға көшіпті. Оның үйіне Алматы, Ақмола, Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарынан емделуге келіп, ауруынан айығып жатқандар баршылық.
Алмаспен емдеу аса қауіпті
Дәстүрлі емес емдеудің тағы бір мысалын келтірелік. Ұмытпасам, 1976 жылы Ақжар ауылында тұратын Мәкен деген апайымыз облыстық ауруханадан емделіп келген бетінде төсек тартып жатып қалды. Ауруханада апталап, айлап жатса да, шоқпардай болып ісіп кеткен екі тізесі қалпына келмеген. Ісіктен аяғын баса алмайтын.
Бір күні әпкем:
– Емші Сапыш ақсақал нағашымыз ғой. Сол кісіні ертіп келші, – деді.
Емші ақсақалды әкелу үшін сол кездегі Ласты совхозына (қазіргі Жетіарал ауылдық округі) қарасты Тарбағатай тауының қойнауындағы киіз үйіне бардық. Жас мөлшері сексеннің ар жақ, бер жағына келген ақсақалдың саусақтары дірілдеп, үні де әзер шығып отырды. Жағдайы ауыр болса да, нағашымыз өтінішімізден бас тартқан жоқ. Зор денесін әзер қозғап, автокөлік кабинасына ешкімнің демеуінсіз өзі келіп жайғасты.
Сапыш ақсақал Мәкен апайдың мүшкіл халін көріп:
– Ауруыңды әбден асқындырып алған екенсің. Науқасыңды ертерек айтып шақыртпадың ба? Өйткені ширақтау кезіңде ем жасасам, дауасы тиіп қалар еді. Қазір нашарлап қалыпсың. Алмаспен емдеу – ойыншық емес. Емді көтерсең жақсы, көтере алмасаң обалыңа қалып, түрменің түбінен бірақ шықпаймын ба?–деді.
Бұған дейін нағашымыздың басынан мынадай бір жағдай өткен екен. Жасы егде тартқан бір малшы қайда барып емделсе де, сырқатына дауа таба алмапты. Ол Сапекеңе келіп, «Ендігі үмітім сенде, қолыңнан келсе мені емде» дейді. Ойына ешқандай күмән кірмеген нағашымыз әлгі адамды емдеу үшін алмасты қолданыпты. Ем жасалғаннан кейін ауру үш-төрт күн бойы сұлқ жатып қалады. Әкелерінің науқастанып тілсіз қалғанын естіген балалары ойдан-қырдан жиналып, олардың кейбіреуі: «Әкеміз қайдағы бір ем-домнан шейт болмаса не қылсын. Бүйткенше құдайдың ақ ажалынан өлгені жақсы еді» депті.
Түйсігі бар адамға мұндай сөзді есту қайдан жеңіл тисін. Сапекең де ет пен сүйектен жаралған жан, «Әттең, бекерге ем жасаған екенмін. Әкелері өліп кетсе, мені жайыма қалдырмайтын шығар» деп қуыстанады. Дес бергенде, төртінші күні сырқат есін жиып, бір кесе қан құсқан екен. Содан кейін құлантаза жазылған ол кеңшарға өткізіп тастаған малын қайта қабылдап, кәсібін одан әрі жалғастырыпты. Сірә Сапекеңнің Мәкен апайға емдік шараны бірден жасауға көнбегені де сондай себептерден шығар.
Ауру меңдеп, қиналып жатқан әпкеміз:
– Нағашы, еміңізді жасаңыз. Сіздің қолыңыздан өліп кетсем, арманым жоқ. Жасаған еміңіз қандай болып шықса да, осы бөлмеде отырғандар Сізді жаманатқа қалдырмайды, – деді. Бөлмеде отырғандар кілең ағайын-туысқандар болатын. Сапыш ақсақал:
– Жарайды, шама-шарқыңа қарай жеңіл ем жасайын, – деді.
Бұл жерде мына жайітты айта кеткен жөн. Медицина ғылымында адамды алмаспен емдеу аса қауіпті саналады. Өйткені ем үстінде науқастың бүйректері жұмыс істемей қалатын жағдай жиі кездеседі екен. Осы қатерді біле тұрып, Сапыш ақсақалдың ем жасауға тәуекел еткеніне әлі күнге дейін қайран қаламын.
Сапекеңнің «жеңіл емі» әпкемізге оңайға соқпады. Екі-үш күн өткенде барып ол есін әзер жиды. Біраз күннен кейін орнынан тұрып, үй шаруасына араласа бастады. Ал емін-еркін жүріп-тұра бастаған кезінде облыстық ауруханаға өзін емдеген таныс дәрігерлермен сәлемдесуге барғанда, олардың көзі атыздай болып:
– Сіз шынымен, өз аяғыңызбен келдіңіз бе? – деп таңғалыпты. Ал апайымыз:
– Әрине, біреудің аяғымен келіп тұрғам жоқ қой, – деп күліпті.
Апайымыз алмаспен емделгеннен кейін, 15-16 жыл ғұмыр сүріп, 1994 жылы дүниеден қайтты.
Осы оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып, дәстүрлі емес емдеудің дәруі мен киесінің қайсысына ен тағарымызды білмедік. Біздіңше осының екеуі де бар шығар. Ал бұдан гөрі таратыңқырап айтсақ, дәстүрлі емес емдеу түрі емшіден сұңғылалықты, білімдарлықты, тәжірибені, сәуегейлік пен көріпкелдікті де талап ететін тәрізді. Ал мұндай қасиеттер мыңнан бір адамның маңдайына ғана жазылмақ.
Амангелді Жанахмет
Өскемен қаласы.