Экономика

ДҮРЛІКТІРГЕН ДОЛЛАР 382 ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

ДҮРЛІКТІРГЕН ДОЛЛАР 382 ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ
АҚШ-тың таяуда Ресейге жаңа санкциялар салуына байланысты Ресей рублінің құны төмендеп, іле-шала теңгеміздің бағамы да құлдырап кетті. 11 қыркүйекте еліміздің өзге қалаларындағыдай Өскемендегі валюта айырбастау пункттерінде доллардың құны 380-382 теңге болып тіптен шырқап шыға келді. Мұның алдында Қазақстан қор биржасында 7 қыркүйекте ғана доллардың орташа бағамы 375 теңге 62 тиын болған.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап шетел валютасының 9 ай ішінде 50 теңгеге дейін қымбаттағанын көріп отырмыз. Доллардың күрт қымбаттағанына қарап, елімізге қос бүйірден қысатын қымбатшылық келе жатыр деп жорып жатқандар көп. Өткен аптада ОКҚ-да Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов теңгенің әлсіреуіне байланысты пікір білдіріп, Қазақстан экономикасы АҚШ-тың Ресейге салған санкциясының кез келген салдарына дайын екенін мәлім етті. «Біз Ресейге салынған санкциялардың бізге ықпалы қаншалықты екенін біліп отыру үшін, макроэкономикалық талдау жұмыстарын жүргіздік. Бірнеше әсер ету арналарын: инвестициялық, сауда және бағамдық ықпалын қарастырдық. Барлық макроэкономикалық, салалық есептер де қолымызда бар. Тіпті бұл жағдайдың жекелеген кәсіпорындарға қалай әсер ететіні туралы ақпарат қолымызда», – деп бұл жолы да ұлттық валюта бағамына қатысты жағымсыз болжамдар айқын байқала бастаған жағдайда іске асыратын жауапты ведомстволармен бірлескен әрекеттер жоспары жасалғанын айтты.
«Бұл жоспарлы іс-әрекеттердің ауқымы үлкен. Құпия бөліктері бар болғандықтан, мен ол туралы айта алмаймын», – деген экономика министрі теңгенің әлсіреуіне байланысты пікірін: «Инфляцияның мөлшері жылдың соңына дейін біз қалаған дәлізден сәл жоғары болады. Яғни, бізде дәліз – 5-7 пайыз. Қазіргі таңда 8 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейі – тура 6 пайыз болып отыр. Демек, біз дәліздің тура ортасында келеміз. Жылды шамамен 6 пайызбен аяқтауды жоспарлаған едік. Бірақ теңгенің әлсіреуіне байланысты бұл көрсеткіш – 6,7-6,8 пайыз мөлшерінде болады деп отырмыз. Бірақ 5-7 пайыздық дәлізден біз шықпаймыз», -деп түйді. Ал Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев келесі жылы Ресейге қарсы санкциялар әсерінен Қазақстанда инфляция деңгейі жоғарылайды деген болжам барын мәлімдеп, 2019 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде инфляция шектен асады деп болжанып отырғанын ескертті.
Осыған қоса «Дамушы елдердің нарқындағы жағдайды көріп отырсыздар ғой. Олардың валюталары әлсіреп жатыр. Қазақстан да сол елдердің санатында. Әлемдік валюталардың өзгерісі әсер етеді. Бұл қалыпты жағдай. Бұған бой үйрету керек», — деген Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ол Ресейге салынған санкцияларға, теңгенің әлсіреуіне, мұнай бағасының төмендеп, әлеуметтік шығыстар мен кредит көлемінің ұлғаюына байланысты қалыптасып отыр.
Кредит демекші, бүгінде қазақстандықтардың несие бойынша қарызы 5,6 трлн. теңгені құрады, деп хабарлайды ranking.kz сайты. 2018 жылдың маусым айының соңында жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша (екінші деңгейлі банктерде, микроқаржы ұйымдарында, онлайн және т.б.) жалпы несие қарызы 5,6 трлн. теңгені құраған. Бәрінен бұрын елдің уайымына айналып отырғаны – осы несие.
Бұған дейін ресейлік сарапшылардың бірі Наталья Мильчакова доллар құны 400 теңгеге көтеріледі деп болжам жасаған. Доллар болса қара күз түспей 380 теңгеден асып кетті. Ол 2018 жылдың қарашасында Конгресс сайлауына байланысты АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы шиеленісе түсіп, шетел инвесторлары жаппай Ресей облигацияларынан құтыла бастайды. Сол кезде рубль құнсызданып, теңгенің де жағдайы ауырлайды деген. Отандық экономистеріміз де бүгінгі ахуал теңгені құлдырата беретінін айтуда. Олардың пайымдауынша: елде өндіріс жақсы дамымаған. Барлық заттарды өзге валютада сатып аламыз. Өзге валютада сауда жасап отырғандықтан, импорттың арзандауына біз әсер ете алмаймыз. Сонымен бірге біз Ресейге аса тәуелдіміз. Теңге рубльге байлаулы. Қазір санкцияның кесірінен Ресейдің жағдайы өте ауыр болып тұр. Өндірістері құлап жатқан елдің рублі құнсызданып жатыр. Зияны теңгеге де тиіп жатыр. Девальвацияны тоқтататындай қолымызда ешбір тетік жоқ. Сондықтан да теңге құнсыздана береді. Кейде оның уақытша тоқтауы мүмкін екендігін айтып жатқан олар мұның бәрін елеулі өзгерістер ғана өзгертеді деуде.
Алайда еліміздің Қаржы министрінің түсіндіруінше, санкциядан еш қауіп жоқ, оның Қазақстанға тікелей әсері жоқ. Осындай санкциялардан бір жағынан біздің тауарларды Ресей нарығына жіберуге мүмкіндіктер пайда болады. Ресей Америка, Еуропа елдерімен сауда-саттықты үзсе, қайта Ресей нарығына біздің кәсіпкерлерге жол ашылады дейді.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ӘЛДЕН ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР

Ресей нарығындағы жағдайдың оған біздің өнімдерді шығаруға пайдасы болса болар, бірақ елімізде сырттан тасымалданатын тауарлармен бірге өз өнімдеріміздің бағасы да әлден-ақ өсіп барады. Еңбекақысын, зейнетақысын қалай үнемдеймін деп жүрген жұрт енді азын-аулақ теңгесін қалай жеткізем деп жүр. Облыс орталығындағы дүкендер мен базарлар да доллармен бірге дүрбелеңге түсіп, азық-түлік бағасын қымбаттатып жатыр. Өзіміздің өнімдеріміз де қымбаттауда. Қаржы нарығындағы кез-келген өзгерісті желеу етіп бағаны өсіріп келе жатқан сатушылар, өндірушілер бұл жолы да осы әдеттеріне басып отыр.

ДҮРЛІКТІРГЕН ДОЛЛАР 382 ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

– Екі күннен бері «Эмиль» мен «Восток молоконың» айраны, қаймағы 5-10 теңгеге қымбаттады. Сусындар, дәмдеуіштер, диеталық нанның бағасы, басқа да бірнеше өнім түрінің бағасы көтерілді. Толайым сауда жасайтын фирмалар жеткізіп беріп жатқан тауарларының бағаларын көтеріп жатыр, – дейді қаладағы «Сокол» азық-түлік дүкенінің сатушысы.
Ресми дерек – статистика бойынша біздің облыста инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну баға индексі 2018 жылғы тамызда өткен айға қатысты алғанда 100,1%, 2017 жылғы желтоқсанға – 102,7%-ды құраған. Азық-түлік тауарларының арасында тамызда шілдемен салыстырғанда сұлы жармасы, балалар тағамы, құс еті 0,8%-дан, тары – 3,9%, тоқаш және ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер, ет өнімдері – 0,2%-дан, пісірілген шұжық, кетчуп, көк шай – 0,3%, балық консервілері – 1,0 – 2,4%, консервіленген сүт – 1,6%, айран – 0,4%, ірімшіктер – 1,0%, маргарин – 0,5%, күнбағыс майы – 0,6%, темекі бұйымдары – 1,1%-ға қымбаттаған.
Ел арасында қазан айында электроника, компьютерден бастап барлық тұрмыстық техника атаулы қымбаттайтыны туралы сөз де тарап жатыр. Қазақстандағы «Технодом» компаниясы өкілі Георгий Сосновский тамызда доллар құны 370-380 аралығына жетсе электроникка, тұрмыстық техникалар бағасының 5-10%-ға көтерілетінін айтты. Үш жыл бұрын бұл заттар күрт қымбаттап кеткен болатын.
2018 жылғы тамызда облыс халқының орташа жан басына шаққандағы күнкөрісінің ең төменгі мөлшері (шамасы жағынан тұтыну қоржынының ең төменгі құнына тең және адамның ең төменгі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін жан басына шаққандағы ең төменгі қажетті ақшалай табыс) бір айға есептегенде 30 646 теңгені құраған. Сарапшылар қазір қазақстандықтардың қаржысының тең жартысына жуығы азық-түлікке жұмсалып жатқанын айтуда. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30 пайыздан аспайды екен. Азық-түлік әрі қарай қымбаттай түсетін болса, елдің сатып алу қабілеті төмендеп, халықтың қалтасы одан бетер жұқармақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button