Дәрігерлерге жаңа көліктер мен баспана кілті тапсырылды

Еліміздің дәрігерлері жыл сайын дәстүрлі түрде маусым айының үшінші жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл осы мереке қарсаңында облыстың медициналық қызметкерлерін құттықтау салтанаты Семей қаласындағы орталық алаңдағы Абай атындағы театр алдында ұйымдастырылып, дәрігерлер қауымын облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.
– Адам өмірінің ең басты құндылығы – денсаулығы. Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ егемендіктің алғашқы сәттерінен-ақ елдегі медицинаны дамытуға ерекше назар аударып келеді. Егер әлемнің дамыған отыз елінің қатарынан көрінгіміз келсе, бірінші кезекте бізге білімді де дені сау азаматтар қажет. Сол себепті де «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып отыр. Салаға бөлінген қаржы көлемі де артып келеді. Тек біздің облыс бойынша ғана денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы мөлшері жыл сайын 20 пайызға өсіп отыр. Биыл денсаулық сақтауға 60 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталып отыр,-деді облыс әкімі.
Өңірдің медициналық нысандарының дамуы турасында сөз қозғаған облыс басшысы Семейдің тәжірибесін мысалға келтірді. Қазір шаһарда құны 11 млрд. теңге тұратын қалалық аурухана салынып жатыр. Сауд Арабиясы инвесторларының қаржысына туберкулезге қарсы балалар диспансерінің құрылысы аяқталып келеді. Жедел жәрдем ауруханасының да құрылысы басталды.
Сонымен бірге, өңір үшін жағымды жаңалықтың бірі – Денсаулық сақтау министрлігінің келісімімен елімізде тұңғыш рет Семей медицина университетінің базасында медициналық холдинг жасақталмақ. Облыс басшысының айтуынша, мұндай құрылымның бірінші кезекте Семей ядролық полигонының зардабын тартқан өңір тұрғындарының денсаулығын оңалтуға тигізер септігі зор.
– Облыстың медициналық қызметкерлерінің мерекесі Семей қаласында алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өткен орынды. Денсаулық сақтау саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан барша дәрігерлер қауымына алғысымды білдіремін. Баршаларыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Мұнан соң салтанатты жағдайда өңірдің бірқатар аудандық медициналық бірлестіктерінің жетекшілері аймақ басшысының қолынан су жаңа «УАЗ» жедел жәрдем және «Нива Шевроле» қызметтік көліктерінің кілтін алды. Осындай көліктер Зырян аудандық психоневрологиялық диспансері мен Өскемендегі тері-венерологиялық диспансерінің ұжымына да берілді. Бұл күні жиыны 60-қа тарта санитарлық көліктер тапсырылса, сатылып алынған жалпы көліктер саны -117. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковтың айтуынша, аталған жеңіл көліктерді алуға облыстық бюджеттен 300 млн. теңге шамасында қаржы бөлінген. Бұдан бөлек «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында Семей қаласынан, Көкпекті және Зырян аудандарынан келген алты дәрігерге баспана кілттері табысталды.

Сонымен бірге, облыс басшысы Семей қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысына жаңа санитарлық ұшақтың символикалық кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. Енді бұл қанатты көлікпен Семей өңірінің алыс ауылдарынан ауыр науқастар тасымалданатын болады.
Облыста жыл сайын «Жылдың үздік дәрігері» байқауы тұрақты ұйымдастырылады. Биыл жеңімпаздар тұғырынан Риддер қалалық ауруханасы хирургі Қырықпай Уашпаев пен Зырян аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бекжан Ғалиев көрінді. Оларға лайықты марапат көрсетілді.
Тағы 20 дәрігер саладағы жемісті еңбектері үшін облыс әкімінің грамотасын, Алғыс хатын алса, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төс белгісін курчатовтық онколог Аманжол Қойшыбаев, күршімдік терапевт Алмажан Қазиманова, зайсандық анестезиолог Ғалима Әбжанова, катонқарағайлық фтизиатр Күләй Қайырдолдина және басқалар кеуделеріне тақты.
Мерекелік шараға дәрігерлер назарына Семей медициналық колледжінің студенттері арнайы әзірлеген «Жүрек» композициялық қойылымы ұсынылып, соңы әдемі отшашуға ұласты.
Семей жаңарған шаһарға айналады
Дәрігерлерге арналған мерекелік шарадан кейін облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жақында ғана бекітілген Семей қаласының оң және сол жағалау бөліктерін дамытудың бас жобасымен танысты. Бұл жөнінде облыс әкіміне қала басшысы Айбек Кәрімов баяндады.
– Бұдан былай қаланың барлық шағын аудандары түпкілікті абаттандырылып, көріктендірілетін болады. Жергілікті атқарушы билікке түрлі нысандар құрылысын жүргізуге инвесторлар тарту мүмкіндігі пайда болды. Олардың кейбірі қаланың дамуы үшін қазірден қаржы салуға әзір. Нысандар қатарында жабық теннис корты мен Түйемойнақ аралында салынатын ашық футбол алаңының жобалары бар,-деді А.Кәрімов.
Бұлардан өзге жуық арада Спутник жаңа ықшамауданында Назарбаев интеллектуалды мектебінің жаңа ғимараты мен интернатының құрылысы басталмақ және бұл маңға жаңа тұрғын үйлер салынады.
Қаланың жобалау жоспарымен танысқан облыс әкімі оны мақұлдай келе, аталмыш ықшам аудандарды салу барысында алдымен инженерлік коммуникацияларын және су өткізу жүйелерін дұрыстап жүргізуге тапсырма берді.
Мұнан соң облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Семей қаласының бір топ қаламгерлерімен кездесіп, «Абай» журналының келешегі, шығармашылық жоспары жөнінде жиын өткізді. Кездесу барысында аймақ басшысы журнал редакциясының қордаланған қаржылық, басқа да мәселелері оң шешімін табатындығын айтты.
Қалада құрылыс қарқын алып келеді

Мұнан соң облыс әкімі қаланың бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Соның бірі – Жамақаев көшесі, 152 мекенжайындағы қырық пәтерлі төрт қабатты тұрғын үй құрылысы. Бұл баспана жекеменшік инвестицияға салынуда. Жобада тұрғын үй кешенінің айналасын абаттандыру, балалардың ойын алаңын салу және тұрғындардың көліктеріне арналған гараждар да қарастырылған екен. Үйді салушы кәсіпкер Ағиша Камалова құрылыс биылғы сәуірде басталғанын, барынша сапалы жүргізіліп жатқандығын айтады. Қазірдің өзінде екінші қабатының қабырғасын қалау басталған. Амандық болса, үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында қолданысқа бермек.
Биыл Семейдің әбден тозығы жеткен үш бірдей үлкен көшесі күрделі жөндеуден өтеді. Ұзындығы үш жарым шақырым болатын тағы үшеуіне орташа жөндеу жоспарлануда. 2014 жылда жалпы автокөлік жолын қамтамасыз етіп, жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттен 1 млрд. 100 млн. теңге қарастырылған. Бүгінгі уақытта ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген Аймауытов және Морозов көшелерінің жөндеуі соңына жетіп келеді.
Аймауытов көшесін жөндеумен «Семей жолдары» ЖШС шұғылдануда. Жолшылар міндеттелген жұмысты мерзімінен бұрын сәуірдің соңын ала бастап кеткен. Олармен бір уақытта жер асты коммуникацияларын жөндеу жұмыстарын «Семей Водоканал» мен «Теплокоммунэнерго» МКК жүргізген. Мекеме директоры Әділжан Құдайбергеновтің айтуынша, нысан құрылысы 1-тамызда аяқталады деп жоспарлануда. Жөндеу аяқталған жол бөліктерінде автокөлік қозғалысы қалпына келтірілген.
Ал Бауыржан Қайрамбаев басқаратын «Гордорстрой» ЖШС жасап жатқан Морозов көшесінде жұмыс барынша қарқын алған. Мұндағы 2,8 шақырымға созылған жұмыс ауқымы уақыты 24 сәуір мен 20 қыркүйек аралығында атқарылады. Оған қала қазынасынан 159 млн. теңге бағытталған. Қазірде жиектастар орнатылып, асфальт-бетон жабындыларды төсеу басталған.
Кәсіпорын өнімдеріне сұраныс мол

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қаланың батыс өнеркәсіп торабында орналасқан өндіріс ауқымы үлкен цехтардың бірі – Семей асбестцемент бұйымдары зауытында болды. Зауытта ирек және жазық шифер тақтасын, сонымен қатар, төбелік құм-цемент тақтасы мен сыртқы өңдеу тақтасын шығаратын 6 түрлі желі жұмыс істейді. Тұрғын үй және ғимараттардың төбесін жабуға және қаптауға арналған асбестцементті түрлі формадағы табақтар өндірілуде. Бір ауысымда түрлі-түсті 4 мың тақта шығаруға қауқарлы. «TERRAZZO» технологиясы бойынша да көптеген жаңа құрылыс материалдарын шығара бастаған.
Өнімдерді Семеймен қатар, еліміздің бірқатар аймақтары және Орта Азия елдері пайдаланады екен. Енді сәтін салса, отандық өнім Ресейге де жөнелтілмек. Зауытта 300-ден аса адам жұмыспен қамтылған.
– Егер бұрын зауытта тек шифер шығарылатын болса, қазір мұнда заман талабына сай жаңа технологиялармен жұмыс істелуде. Біраз үлгілерді Астана қаласындағы түрлі құрылыс фирмаларына жібердік. Енді Ресейге, одан кейін Батыс Еуропа елдеріне шығаратын боламыз. Жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы іске асырудамыз,-дейді зауыт директоры Константин Бужилов.
Облыс басшысына алда мұнда автоклавты газобетон шығару бойынша жаңа өндірістік желі орналасатын жер де таныстырылды. Өндірістік қуаты – жылына 100 мың текше метр болмақ, құны – 220 млн. теңге. Өндірісті жыл соңында іске қосу көзделуде.
Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қаладағы №3 консультативті-диагностикалық емханада болып, жұмысымен танысты. Мекеме бір жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік негізінде ашылып, соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Дәурен Аллабергенұлы