Дәрігерлер жатақханасы жыл аяғына дейін беріледі
Облыс орталығында жыл аяғына дейін төрт бірдей көпқабатты тұрғын үйді, бір жатақхана мен мектеп-интернатты қолданысқа беру жоспарланған. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өткен жексенбіде аталмыш нысандарды аралап, құрылыс қарқынымен танысты.
Әуелі облыс әкімі № 19 тұрғын ауданда салынып жатқан үйлерге бас сұқты. 39/1-жайғасымда орналасқан тоғыз қабатты, 90 пәтерлік үйдің әрлеу жұмыстарын аяқтау ғана қалыпты. «СтройЭлитСервис» ЖШС құрылысқа бөлінген 636,35 млн. теңге қаржының 471 млн. теңгесін кестеге сай игерген. Енді нысанға жылу және су құбырларын тарту жұмыстарын аяқтау қажет. Бір қызығы, мұндағы тұрғын үйлердің ғимаратын көтеру жұмыстары бір мердігерге, ал инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары екінші компанияға берілген. Даниал АХМЕТОВ шаһар басшысы Ерлан Аймұқашевқа мұндай жүйенің тиімсіздігін ескертті. Біз сөз етіп отырған 39/1-жайғасымдағы үйде де негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын болғанымен, су мен жылу құбырлары жартылай ғана тартылған. Құрылыс жобасына соңғы кезеңде түзетулер енгендіктен, оны аяқтау үшін 209,8 млн. теңге қажет болып отыр. Нысандағы құрылыстың қарқынына көңілі толған аймақ басшысы қосымша қаржы бөлуге болатынын атады.
Аталмыш компания бұдан бөлек тағы екі нысанның құрылысын қолға алған. Оның бірі 30-жайғасымдағы бесқабатты, 120 пәтерлік үй болса, екіншісі – Крупская көшесіндегі 70 пәтерлік жатақхана.
Аймақ басшысы бес қабатты үйді жыл аяғына дейін аяқтау үшін жұмыс қолын бірнеше есеге көбейту қажет деген ескерту айтты.
– Уақыт аз қалды. Есік-терезелері мен әрлеу жұмыстары жартылай ғана істеліпті. Белгіленген мерзімде аяқтау үшін бұл жерде кемінде 200 кісі жұмыс істеу керек. Бір аптадан кейін тағы келіп тексереміз, – деді аймақ басшысы.
Облыс басшысы нысандарды аралау барысында аулаға төселетін асфальтты жолдарға қатысты жаңа талаптың орындалуына баса мән берді. Осы талап негізінде тұрғын үйлер құрылысының жобасына түзетулер енгізілген. Жаңадан салынатын әр үйдің ауласында әр пәтерге 1,5 тұрақ орны қарастырылу керек. Ал аулаға төселетін асфальтты жолдың ені алты метрден кем болмауы тиіс. Осы талаптың сақталуын қатаң тапсырған облыс әкімі қала басшылығына бақылауды күшейтуді тапсырды.
– Қолданысқа беріліп қойған үйлердің маңайы абаттандырылмағанын да көрдік. Мұның бәрі бақылаудың жоқтығынан болып отыр. Осы салаға жауапты орынбасарыңыз қай нысанның мердігері қандай компания екенін білмейді. Салаға жауапты бөлім басшысының құрылыстан хабары жоқ. Өйткені, осы саланың ешбір сатысында жұмыс істеп көрмеген. Осының салдарынан бүгінгідей кемшіліктер орын алады, – деді аймақ басшысы.
«Service СМУ» ЖШС салып жатқан тоғыз қабатты үйлер де жыл аяғына дейін берілуі тиіс. Облыс басшысы мұндағы құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. 90 және 81 пәтерлік бұл үйлердің құрылысы 2014 жылы басталған. Мұнда да жеделсаты мен құбыр тарту жұмыстарын жылдамдату қажеттігі айтылды.
Бұдан кейін аймақ басшысы Севастопольская көшесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап салынып жатқан «Ақниет» мектеп-интернатында болды. 100 балаға шақталған интернат желтоқсан айында қолданысқа берілмек. «Парыз» қорының 571 млн. теңгесіне бой көтерген мекемеде 90 адам жұмыс істейтін болады.
– Мұндағы жұмыстарға көңіл толады. Өз міндетін мүлтіксіз орындаған «ПромСтройАвтоматика» ЖШС-не алғыс айтқым келеді. Бұл нысан мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерімізге болашақтың жолдамасын үлестіреді деп айтуға болады. Өйткені, мұнда олар орта білім алып қана қоймай, белгілі бір кәсіпті меңгеріп шығады, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Крупская көшесіндегі медицина қызметкерлеріне арналған қызметтік жатақхана да межелі мерзімде берілмек. 70 пәтерлік нысанның жылу және электр желілерін тарту жұмыстары ғана қалған. Оның өзі аяқталуға жақын.
– Жалпы, біздің облысқа 117 дәрігер қажет. Оның 67-сі облыс орталығына керек. Жатақхананы тұтас медицина мамандығының түлектеріне ұсынамыз. Осылайша, Өскемендегі дәрігер тапшылығын бір күнде шешеміз. Әр пәтерге қандай дәрігердің орналасатынын тікелей өзім қадағалаймын. Жалпы, облыс бойынша дәрігер тапшылығын жою үшін әрбір аудан, қала әкіміне ақ халаттыларды баспанамен қамту жөнінде тапсырма берілген, – дейді өңір басшысы.
Облыс басшысы жұмыс соңында журналистерге өңірде қалыптасқан ауа райы жағдайына қатысты мәлімет берді.
– Соңғы 3-4 күннің ішінде үш айлық мөлшердегі қар түсті. Тазалыққа жауапты мекемелердің техникасы мөлшерден тыс жауған қарды аршып үлгермей жатыр. Сондықтан өзге де кәсіпорындардың техникасын тарттық. Алдағы бірнеше күнде жағдай реттеледі. Барлық аудан, қалалардың әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Ал Семей қаласына орынбасарым Дүйсенғазы Мусинді арнайы жібердім. Бір апта бойында ол қала әкімімен бірге шаһарда қалыптасқан жағдайды ретке келтіреді, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Есімжан Нақтыбайұлы