Денсаулық сақтау

Дәрігерлер жасарып келеді

Дәрігерлер жасарып келеді


Бүгінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауыл-аймаққа тартылған жас мамандар қатары жылдан-жылға артып келеді. Жас мамандарды ауылға тарту тәжірибесін мықтап қолға алған өңірлердің бірі – Ұлан ауданы. Бүгіндері медицина саласына тартылған мамандар саны бойынша бұл аудан көш бастап тұр. Мұның бір дәлелі – соңғы жылдары ауданға тартылған 10 дәрігер мен 24 орта буын медицина қызметкерлері.

Бүгінде медициналық қызмет көрсету радиусы 250 шақырымды құрайтын бұл ауданда бір орталық аудандық, бір ауылдық аурухана, сегіз дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік және 20 медициналық пункт жұмыс істейді. 32 мыңнан астам тұрғын тіркелген медициналық мекемелерде соңғы жылдары қызмет сапасы жақсарып, ауруханалардың тәуліктік стационарына жататын пациенттер саны азайған. Бұл – медицина қызметкерлері тарапынан жүргізілетін медициналық профилактикалық шаралардың жақсарғанының бір белгісі.

Туберкулез сияқты әлеуметтік аурулар көрсеткіші де 59 пайызға төмендеп, қауіпті дерттің таралуы, одан көз жұматындар саны да мүлдем азайған.

Бала кезінен дәрігер болуды армандаған Біржан Қалибеков екі жыл бұрын Семей қаласындағы медициналық университетті «Жалпы медицина» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын ауыл-аймақтан бастауды жөн деп тапқан. Туған жері Күршім бола тұра, Ұлан өңірін таңдаған жас маман жұбайы екеуі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасқан. Ауылдық жерге келген ақ халатты абзал жанға аудан әкімдігі бірден баспана бөліп, балаларын балабақшаға кезексіз орналастырған.

– 2017 жылы Таврия ауылындағы Ұлан аудандық орталық ауруханасына жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмысқа орналастым. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында келгендіктен, маған әкімдік тұрғын үй берді. Бір жарым жылдай аудандық ауруханада педиатр жұмысын атқардым. Қазіргі уақытта өз мамандығым бойынша жұмыс істеудемін. Жергілікті тұрғындардың жас мамандарға деген қарым-қатынасы жақсы. Бізге сеніммен қарайды, – дейді жас маман Біржан Қалибеков.
Қазіргі уақытта учаскесінде 1500-ден астам пациенті бар жас маман ауылды жерде тәжірибе жинақтау әлдеқайда жеңіл екенін айтады. Әзірге басқа өңірге ауысу ойына келмегенін айтқан ол Таврия ауылын таңдаудағы басты себеп – оның облыс орталығына жақындығы екенін алға тартты. Жас дәрігер қарт Ертістің қай жағы болмасын, еңбек істеген адамға жайлы екенін тілге тиек етті.

Еңбек жолын Ұлан ауданынан бастап жатқан жалғыз Біржан емес. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауданға хирург Асылбек Шәріпов пен анестезиолог Еркеұлан Сәдуов те келген. Сондай-ақ осы бағдарлама арқылы ауылды жерді таңдағандардың бірі – Мұқатаевтар отбасы. Ауылды жерде тәжірибе жинап, жауапкершілік ала білуге тез машықтанатынын алға тартқан Бейбіт Мұқатаев бүгінде белді хирург болса, оның зайыбы Динара – терапевт маман.

– Соңғы жылдары ауданымызға 10 дәрігер, 24 орта деңгейдегі медицина қызметкері келді. Мұндай мамандардың ауылдарымызға тартылып жатқаны қуантады. Жалпы, ауылды жерлерге келген мамандардың жалақыларына 30 пайыз үстемеақы қосылады. Бұдан бөлек, пайызсыз несиелер беріліп, 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермеақы беріледі. Кейбір қызметкерлеріміз әкімдік тарапынан баспанамен де қамтылады, – дейді орталық аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Қарагөз Байділдә.

Оның айтуынша, аудандағы медицина мекемелеріне әлі де бірқатар мамандар қажет көрінеді. Сондай-ақ ол биыл жалпы мамандықтағы дәрігер, хирург, акушер-гинеколог және эндокринолог маманның келетінін атап өтті. Таврия ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Есбол Қызырханұлы соңғы бес жылда 20-дан астам жас маманға мемлекет тарапынан түрлі қолдау шараларының көрсетілгенін алға тартты. Жыл сайын медициналық білім беретін оқу орындарын аралап, ұсыныс жасауды дәстүрге айналдырған аудан басшыларының жас мамандарға ұсынатын ұсыныстары да қызықты – жақсы жұмыс жағдайы, жайлы баспана және әлеуметтік қолдау.

Атқарылған шаралар нәтижесінде соңғы жылдары ауданда медицина қызметкерлерінің жасару үрдісі байқалады. Атап айтсақ, дәрігер мамандардың ішінде 33,4 пайызын 50 жастан асқандар құраса, 44,5 пайызы 30 жасқа дейінгі жастар.
Қоса кетсек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта өңірдің медициналық мекемелеріне 240-қа жуық жас маман жұмысқа келеді деп күтілуде. Жас мамандардың жүзден астамы дәл бүгін ауыл-аймақтағы ауруханалар мен фельдшерлік пункттерді таңдап отырған көрінеді. Олардың ішінде жоғары білімді акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сәуле диагностикасы бойынша мамандар, психиатрлар мен хирургтер бар.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button