Руханият

Досына көмектесе алмағаны үшін өкінеді

Досына көмектесе алмағаны үшін өкінеді


Бес адамнан тұратын отбасын аман сақтап қала алмағаны үшін Әлішер (сұхбат берушінің қалауымен аты-жөні өзгертілді) әлі күнге дейін өкінеді. Жатса-тұрса аңқылдаған ақеділ досы мен оның әйелінің, «ағатайлап» алдынан жүгіріп шығатын бейкүнә балалардың тағдырын ойлап, іштей мүжіледі. «Қайғы бөліссе жеңілдейді» демекші, миын жегідей кемірген оқиғаны жұртпен бөлісудегі негізгі мақсаты досының қателігін өзгелер қайталамаса екен деген ниеттен туғанын ескертті кейіпкеріміз.

Әлішер айтады:
– Менің досым қарапайым, спортпен шұғылданатын жігіт еді. Оның әйелі және үш баласы, сондай-ақ, ата-анасы, туыстары болды. Жоғары оқу орнында оқымаған. Діни білім де алмаған. Күндердің бір күнінде мектепте бірге оқыған сыныптасының ықпалымен дінге бет бұра бастады. Әлгі сыныптасы сырт қарағанда жүріс-тұрысы түзу, адамгершілігі бар, аса діндар адам сияқты көрінді. Бастапқы кезде біз шынымен қуандық. Досым намаз оқып, арақ-темекі секілді зиянды заттардан бас тартып, түзу жолға түсті. Басқаларға ақыл-кеңесін айтып, күнәлі істерден тыйылуға шақырды. Кейін келе айналысындағы адамдарды дін ұстанбағаны үшін айыптауды шығарды. Тіпті, үйіндегілерге теледидар көруге, музыка тыңдауға, ән салып, би билеуге тыйым салды. Үйдегі бүкіл фотосуреттерді алдырып тастады. Мінезінде өзгерістер байқалды. Тез ашуланатын болды. Бұрын ондай емес еді. Сабырлық, төзімділік дегенді мүлдем ұмытты. Маңайындағы жұртқа дүрсе қоя беретінді бастады. Сөйтіп жүргенде сыныптасының сөзіне ерген досым үш баласы мен әйелін алып Сирияға кетіп қалды. Артынан теледидардан көріп, білгендей, оның діндар сыныптасы террористік топтың мүшесі болып шықты. Яғни, жазықсыз жандардың қанын төккен барып тұрған қанқұйлы қылмыскердің өзі екен. Досымды да осы жолға тартқанын сол кезде бірақ ұқтым. Көп ұзамай досымның қаза тапқанын, үш баланың жетім қалғанын естідік. Ал оның әйелін соғысып жүрген содырлар кезекпен пайдаланып жүргені де мәлім болды. Өздерінің арасында мұны «уақытша неке» деп атайды екен. Шын мәнінде бұл – ешқандай да «неке» емес, нағыз жезөкшелік. Сұм содырлар әйелдерді бірінен кейін бірі пайдаланып, артынан ешкімге қажеті болмай қалғанда «жиһад» деген сылтаумен өлімге айдап салады екен. Бұл сонда қандай дін? Мұны істеп жүргендерді мұсылман деп айтуға қалай ауыз барады?

Әкелерінің көзі жойылды, шешелерінің істегені анау болса, ертеңгі күні үш жетімнен қандай адам шығады? Өзінің тілі мен ділін білмейтін, тегін, салт-дәстүрін танымайтын жетесіз, дүбәра ұрпақ өседі ғой. Ол бергі жағы, ұлы әкесінің жолымен қолына қару алып лаңкес атанбайды, қызы шешесінің істегенін қайталамайды деп кім айтты? Осының бәрін ойлағанда өкініштен өзегім өртенеді. Досыма қол ұшын бере алмағыныма қатты опындым. Мүмкіндік болды ғой сол кезде. Бірақ мен де, оның ата-анасы да қорықтық. Тиісті орындарға, полицияға, жергілікті әкімдікке хабарласып, жағдайды айтсақ, оны түрмеге жауып, артында балалары шырылдап қалар деп ойладық. Алайда, қателесіппіз. Аяғын шалыс басқанның бәрін соттап жібермейді екен ғой.
Жағдайына қарай тиісті шара қолданылатынын енді ғана білдік. Өкінетініміз де сол. Егер мұны ертерек білгенде бес адамның тағдырын құтқарып қалатын едік. Әттең, әттең…

Мамандар не дейді
Ермек қажы ТАСБОЛАТҰЛЫ, ҚМДБ-ның Өскемен аймағындағы өкіл имамы:
– Сирияға кетіп жатқандар «ДАИШ» экстремистік ұйымының қатарын көбейтуде. «ДАИШ» деген ол ислам дінінің атын жамылып бейбіт елдің тыныштығын бұзушылар. Ислам мемлекетін құрамыз деген желеумен жазықсыз халықты қынадай қырған жауыздар.

Бұл ұйымның ұстанымында ислам дініне қайшы «тағут» және «тәкфир» түсініктері бар. Олар «тәкпір» деп үлкен күнә жасаған адамды айтады. Сондай-ақ, ислам шариғатын басшылыққа алмаған кез келген саяси жүйеге «кәпір» үкімін тағады. Яғни, мемлекеттік конституциялық құрылысы Құран мен сүннеттен тұрмаған әрбір жоғары саяси институт «кәпір» болады. Бұған қоса ДАИШ-тің осы пікірін құптамаған мұсылмандар да «кәпір».

ДАИШ лаңкестерінің түсінігінше, бұл ұйымға кірмеген және олардың шейхтарына мойынсұнбаған әрбір мұсылман «тағут» саналады.
ДАИШ туралы сараптамаларға зер салсақ, бұл ұйымның алдын ала әзірленген жоба екенін аңғарамыз. Өйткені, алдын ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек.
Жібек ҚҰНАФИНА, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының психологы:

– Теріс діни ағымдардың ықпалына түскендерді қайтару үшін ата-анасының, туыстары мен достарының көмегі қажет. Сондай-ақ, психолог мамандардың әңгімелесуі де артық емес. Ол адамның мінез-құлқында өзгерістер байқалса бірден қатты сөз айтып, айыптамай, әуелі оның сеніміне кіру маңызды. Яғни, ол ішкі сырын сізге ашып айта алатындай сенімде болуы керек. Әлішердің досының жағдайына келсек, айналасындағы адамдар оның мінезінің өзгергенін көре тұра, ешқандай әрекет жасамағаны, көмектесуге тырыспаған өкінішті-ақ. Егер басында оған ата-анасы немесе өзе де жақын адамдар ол таңдаған жолдың теріс екенін жайлап түсіндіргенде, дұрыс ақыл-кеңес бергенде, бәлкім соңы бұлай аяқталмас па еді? Қалай десек те адам баласы өзінің ата-анасынан, туыстарынан асып кетпейді ғой. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан да інінен шығады» дейді қазақ. Ендеше қиындыққа ұшыраған жандар болса, оларға жылы сөзбен, қамқоршыл ниетпен, риясыз көңілімен көмектесуге тырысқан абзал.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button