Досымға жедел көмек керек

9 жастағы Досымның жағдай күн санап ауырлап келе жатыр. Редакциямызға үлкен үмітпен келген Өскемен қаласының тұрғыны Анар Бабыжанова қалың жұртшылықтан көмек сұрайды.
Ойда жоқта пайда болған дерт кішкентай Досымға өткен жылдың күзінде жабысыпты. Оқу үлгерімінде үздік, би және вокал үйірмелеріне барып, футболдың да қыр-сырын бір кісідей меңгеріп алған ұл мектепте өте белсенді балалар қатарында болған. Тіпті, өзінен үлкен екі-үш жас үлкен ағасына еліктеп енді жеңіл атлетика жаттығуларына да жазылып қойыпты. Арманы, спорттың осы түрінен чемпион болу екен.
-Ұлымның аты-жөні жеңіл атлетика үйірмесіне үміткерлер қатарында әлі тұр,-дейді көкірегі қарс айырылып, көзіне жас үйірілген ана. – Былтыр дәл осы уақытта қатты ауырды. Біз қаралып жүрген невролог дәрігер қойған диагноздың атының өзі қорқынышты – созылмалы церебральды жетіспеушілік. Көптеген ем-дом шараларынан өттік, жағдай жақсарған жоқ, керісінше ауруы тіпті меңдей бастады. Баланың моторикасы бұзыла бастады, көру қабілеті қатты әлсіреді. Көктемде магниттік-резонансты томографияға жазылып көрдік, жергілікті дәрігерлер: «кезекке қойдық, енді күтіңіздер» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Қашанғы күтеміз!? Уақыт өтіп барады, баланың жағдай болса анау. Семейге бардық сосын, ол жердегі тексеріс қорытындысы тіпті қиын. Балам оптикомиелит немесе Девик синдромы деп аталатын ауыруға шалдығыпты.
Оптикомиелит – бұл қысқаша айтқанда жүйке жүйесінде пайда болатын ауру. Омыртқа жұлынынадағы қимыл-қозғалыс және көру қабілетіне жауап беретін тіндерді зақымдайтын сирек кездесетін дерт. Ересек адамдар үшін өте қауіпті саналатын бұл синдромға балалалар төтеп бере алуы мүмкін екен. Тек бұған дамыған елдердегі заманауи құрал жабдықтар мен өте білікті дәрігерлердің күші керек.
Семейден МРТ өтіп келген соң Досымды он күндей ауруханаға жатқызған. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бір аптадан кейін баланың сол жақ көзі мүлдем көрмей қалған.
-Ауру күн санап күшейіп келе жатыр, ары қарай не болатынын ойлауға да қорқамын, ұлым саңылаудай жарықты көре алмай қалса қайтемін, оның дертінен жазылып кететін күнді тосып жүрген үмітті жүзінен күш алып сіздерге келіп отырмын,-дейді даусына діріл араласып аһ ұрған ана.
Анаргүл Бабыжанова шетелдік клиникалармен байланысқа шығып көріпті. Германия дәрігерлері үлкен үміт беріп отыр екен. Бірақ, қаралудың өзіне екі жарым мың еуро керек. Емделу бағасы – бес мың еуроның айналасында. Бұл – дәрі-дәрмекті санамағанда. Өскеменнің іргесіндегі саяжай серіктестіктерінің бірін мекендеп жатқан қарапайым еңбек адамдарында мұндай қаражат қайдан болсын.
-Өзім наубайханада жұмыс істеймін, отағасы машинист-жүргізуші болып еңбек етеді. Екі жалақыны қосқанда 100 мыңға жетер-жетпес табысымыз бар. Біздің ендігі үмітіміз – халық. Сіздердің әрбір оқырмандарыңыз, қазақтың жанұясында бала бағып отырған әр ана мені түсінеді деп ойлаймын. Баланың денсаулығынынан маңызды ештеңе жоқ, соны айтқым келеді. Бізге енді кешігуге болмайды… «Көп түкірсе – көл» деген, аз да болсын көмегіңіз кішкентай Досымның дертінен құтылуына сеп болар еді,-деді Анаргүл Бабыжанова.
Құрметті оқырмандар, ауыруымен алысып жатқан өскемендік емделу уақыты өтіп бара жатқан Досым Кенжебекұлына, көмек қолыңызды созып, жүзіне күлкі силағыңыз келсе аянып қалмаңыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».
Реквизит
Шот нөмірі: KZ77722C000016467431
Kaspi Gold картасының нөмірі:
5169493129779578
ИИН
760825402075
KASPI-әмиян төмендегі телефон номері бойынша, ұлдың анасымен де осы нөмір арқылы байланыса аласыз.
87758541268
Дарын Нұрсапаров