Қоғам

«Достықтың» іргетасы қаланды

Азамат Темірбеков

Қазақстан халқының Бірлігі күні қарсаңында Алтай қаласында «Достық» аллеясының іргетасы қаланып, оған отыздан астам ағаш көшеті отырғызылды.

Бұл игілікті іске этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен Алтай аудандық мәслихатының депутаттық корпусы жұмылды. «Достық» аллеясы келешекте шағын шаһардағы халықтар достығы мен бірлігінің символына айналмақ.

– Біз халықты ұлтқа, диаспораға бөлмейміз. Бір отбасындай тату өмір сүреміз. Ал біздің жаңа аллея шынымен де көпұлтты өңіріміздегі бейбітшілік пен келісімнің символы болып табылады, – дейді аудандық мәслихат хатшысы Лариса Гречушникова.

Аталмыш шараның басты мақсаты – бірлік пен достықты, өзара түсіністікті, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың этникалық және мәдени әртүрлілігін сақтау екенін алға тартқан аудандық Достық үйінің этномәдени бірлестіктер өкілдері аллеяға ұлттық киіммен келіп, көшет отырғызу шарасын одан сайын салтанатты етті.

Жалпы, бұл – қаланы көркейтуге арналған жалғыз шара емес. Бұған дейін дәстүрлі экологиялық акция аясында Алтай қаласында 135 шырша көшеті отырғызылған болатын. Қаланы көгалдандыруға арналған жоспарға сәйкес өткен шара барысында шырша көшеттері Каюпов, Курчатов, Рудная, Комаров көшелері мен Тәуелсіздік аллеясына отырғызылған еді. Акцияға оқу орындары, қоғамдық ұйымдар, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорындар қатысты.

Осы айдарда

Back to top button