РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҚоғамТәуелсіздік - 30

Достық үйлері қайырымдылық акциясын бастады

Кеше Алғыс айту күніне орай облыстық Достық үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «30 игі іс» акциясының басталу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға офлайн режимде 20 адам қатысты. ZOOM бағдарламасы арқылы аудан-қалалардағы 13 Достық үйінің өкілдері, қоғам қайраткерлері атсалысты.

2016 жылы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурызды, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Алғыс айту күні деп белгілеген болатын.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, достық пен бейбітшілік мерекесінде өңірдегі барша Достық үйлері «30 игі іс» акциясын бастап отыр. Акция ұйымдастырушылары жалғызбасты қарияларға, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау білдіріп, көмек көрсетпек. Іс-шара нағыз жәрдем марафонына айналады.

– Бұл атаулы мейрам әрбір адамның жүрегіне жақын. Ұлтжандылықтың, отансүйгіштіктің, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты құрметтеудің айқын үлгісі нақты ізгі қадамдардан басталады. Этностардың өз мәдениеті мен тілін сақтауға мүмкіндік беріп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруді дәріптеуді мақсат тұтқан Ассамблея жасампаз жобаны қолға алып отыр, – деген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит акцияға табыс тіледі.

Ол сонымен қатар мемлекеттік этносаясатты іске асыруға, қоғамдық келісімді, достықты және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосқан бір топ Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшесіне Алғыс хаттар табыс етті. Марапатталғандар қатарында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Геннадий Пуссеп, аталмыш кеңестің мүшесі Серік Оразбайұлы, ғылыми-сараптама тобының төрайымы Нелли Краснобаева, кәсіби медиатор Төлетай Тәнекенова, аналар кеңесінің мүшесі Нәзигүл Ахметқалиева, қайта өрлеу мектебінің директоры Гүлжазира Ғабдуллина, армян, әзірбайжан, чешен-ингуш, корей этномәдени бірлестіктерінің белсенділері Кристина Теванян, Жамаладдин Әскеров, Адам Эльмурзаев, Кристина Дю, еріктілер Антон Ивлев пен Алина Наурызбаева және тағы басқалар бар.

Акция облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының игі ісімен ашылды. Достық үйі «Достық таксиін» ұйымдастырды, ол қала көшелерімен жүріп, адамдарға уақытында межелі жерге тегін жетуге көмектеседі. Достық үйі этномәдени бірлестіктерінің қарттары қажетті азық-түлік пакеттерін алды.

Іс-шараға онлайн режимде Семей, Курчатов қалалары мен Катонқарағай, Глубокое, Алтай аудандары қосылып, өз жобаларын таныстырды. Мәселен, глубокоелік «Ремдор» кәсіпорны Уварово ауылындағы балалар алаңы мен велотректі абаттандыруды өз міндетіне алып отыр. Ал алтайлықтар көпбалалы отбасыларға, курчатовтықтар жалғызбасты қарияларға көмек қолын созуда.

Ресейдегі Ханты-Мансий автономиялық округінің «Достар» қазақ диаспорасы да бейнебайланысқа шығып, диаспора жетекшісінің орынбасары Виталий Козинский акцияға табыс тілеп, игі ниетін білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының бірінші орынбасары Тимур Жұмырбаев та басталған істерге қолдау танытып, ыстық лебізін жеткізді.

Бұдан соң сахнаға Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері жасаған тайқазан шығарылды, қазірдің өзінде алғашқы 30 игі іске толған ол Тәуелсіздік мерейтойының нағыз символына айналмақ.

Ұсыныстар барлық қалалар мен аудандардан келіп түсуде. Игі істер тізіміне облыстық мәслихат депутаты, шаруа қожалығының басшысы Тимур Виситаевтың Веселовка ауылындағы жолдарды ағымдағы жөндеу, әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Мариф Фаражевтің Быструха ауылындағы көпірді қалпына келтіру, көшені абаттандыру, Шығыс Қазақстан облысы  Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы Майра Бейсеқанованың Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәби бақыты» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін кәсіптік бағдар беріп, оқытатын «Сұлулық салонын» ашу бастамалары еніп отыр.

Сонымен қатар кеше Алғыс айту күніне орай Достық үйлері мен Мәдениет үйлерінде «Ұлы дала әуендері» музыкалық эстафетасы ұйымдастырылды, онда түрлі ұлт өкілдері қазақ халық әндерін өз аспаптарында орындады, «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» қайырымдылық акциясы өтіп, Ұлан ауданындағы және Солнечный кентіндегі қарттар үйлеріне азық-түлік себеттері таратылды, облыстық тарихи-өлкетану маұражайымен бірлесіп, әлеуметтік желілерде «Мейірбан қазақ еліне мың алғыс!» атты этностардың Қазақстанға депортациялануы туралы және «Бір ел. Бір халық. Бір тағдыр» атты интернационалды отбасының тарихы туралы танымдық бейнероликтер көрсетілді.

Бұдан бөлек, «Ризамын, елім, саған» челленджі аясында депортацияланған және репрессияланған адамдардың ұрпақтары берген сұхбаттар де әлемжелі арқылы бұқараға таратылды.

Сондай-ақ Семей қаласының, Алтай, Зайсан, Үржар аудандарының Достық үйлері де акцияға белсене қатысты. Айталық, Семейдің Достық үйінде апта бойы алты этномәдени орталықтың өкілдері қызықты адамдармен кездесулер өткізіп, олар өз этностарының тарихы мен мәдениеті туралы мәлімет берді, осы күні Зайсан қаласында аз қамтылған тұрғындар үшін қоғамдық көлікте қатынау ақысыз болса, үржарлық кәсіпкер Мұхит Қанағатов Қаратұма ауылының көпбалалы отбасыларына 200 мың теңгенің оқу құралдарын сыйлады.

Облыстық Достық үйі іс-шараға қатысқандарға алғыс айтып, бастаған істеріне жеміс тіледі, жұртшылықты игі істерге қосылуға шақырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button