Халықтар бірлігі

Достық үйінде коворкинг орталығы жұмыс істейді – ШҚО

ШҚО-дағы Достық үйі – қоғамдық келісім орталығына күн сайын 700-ден астам оқушы дайындыққа келіп, әр ұлттың биі мен ән-күйін үйреніп жүр. Алайда бұл институттың қоғамдағы бүгінгі міндеттері тереңіректе жатыр.

Достық үйінде ашылған коворкинг орталығы – этномәдени бірлестіктердің жұмысына қатыспайтын басқа да жастарды тартып, бос уақыттарын пайдалы өткізуге жасалған жағдай. Қоғамдық келісім орталығының жұмысы жайлы Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков айтып берген еді,  деп хабарлайды Didar ақпарат.

 – Мақсаты ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту, ұлттардың тілін, мәдениетін жаңғырту, этносаралық келісім дәстүрлерін сақтау болып табылатын киелі шаңырақ қоғамымызда өзінің айрықша орны барын күн өткен сайын дәлелдеп келеді. Достық үйінің сонымен қатар қазақстандықтарды отансүйгіштікке баулу мақсатында өз орны бар екенін қазір халық көріп отыр. Күн Шығыстан ататыны белгілі. Сол сияқты еліміздегі халықтардың достығы мен бірлігіне қатысты барлық игілікті шаралар кезінде бастауын бізден алды. Тоқсаныншы жылдары алғашқы Достық үйі де,  «Возрождения» мектебі де бізде ашылған-ды. Кейін біздің тәжірибеміз еліміздің басқа өңірлеріне де тарап, республика көлемінде жұмыстары жанданып жүре берді, – деп бастады сөзін Эльдар Төлеубекұлы.

Директордың айтуынша, қазір облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының жұмысы бірнеше бағытты қамтыған. Оның ішінде медиация институтының рөлін ерекше атап өткен орынды. Медиация даулы істерді сотқа дейін жеткізбей, екі тараптың бір-біріне деген достық қарым-қатынастарын сақтай отырып, мәселені бейбіт түрде шешуді көздейді.

– Сот процесі кезінде екі жақ бір-біріне қарсы уәж айтып, аяғы бітпейтін даулы мәселеге айналып жатады. Ал медиатор болса мәселені ушықтырмай, екі тарап өкілдерінің адами бейнелерін жоғалтпай, дауды байыппен шешулеріне ықпал етеді. Медиаторға жүгінушілер адамгершілік шекарасын аттамай, бір-біріне түсіністікпен қарап, бейбіт шешімге келеді, – деп түсіндірді директор.

Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – ғылыми-эксперттік жұмыстар. Эльдар Төлеубекұлы бірнеше ғылыми жобалары бар екенін айтты. Мысалы, өткен жылы Алдияр Әубәкіров ағамыз қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы кітабын шығарған екен. Биыл тағы бір зерттеу еңбегін шығару ойда бар.

– Зерттеу жобалары Президенттің тапсырмасымен,  Рухани жаңғыру басқармасымен бірлесіп жүзеге асып жатыр. Біз барлық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, ғылыми ортамен жақсы қарым-қатынастамыз. Тамыз айында бізбен осы бағытта жұмыс істейтін барлық ғалымдардың басын қосып, ғылыми-зерттеу конференциясын өткізсек деген жоспарымыз бар. Елімізден, көрші Моңғолия мен Ресейден барлығы 120-ға тарта ғалым бізбен жұмыс істейді, – деп толықтырды Эльдар Төлеубеков.

Эльдар Төлеубекұлы көп жерде халықтар Ассамблеясының жұмысын үнемі ән айтып, мәдени шараларды өткізумен ғана шектеледі деп жаңсақ түсінетіндердің бар екенін жасырмайды. Алайда орталық сол басқа ұлттардың салт-дәстүрлері, мәдениеті арқылы ұлт пен ұлыстардың психологиясын тереңірек түсінуге тырысады.

– Маңызды бағыттарымыздың бірі – ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтау. Бізде жұмыс істейтіндер кәсіби мамандар болмағанымен, үлкендеріміз білгендерін, көргендерін жастарымызға үйретуге тырысады. Бізге күн сайын 700 бала әртүрлі дайындыққа келеді. Би үйірмелеріне қыз балалар көп қатысады. Кавказ биін үйренуге ұлдар, олармен қоса әке-шешелері де көптеп келеді. Басқа ұлттардың биін, салт-дәстүрін үйренсек, сол арқылы тілдерін ұғамыз, дүниетанымын түсінеміз. Кейде ұлттың тілін білмесек те, олардың психологиясын осы салт-дәстүрлері арқылы түсіне аламыз. Ойланып қарасақ, кез келген ұлттың болмысын, өмірлік философиясын әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүріне қарап-ақ пайымдауға болады, – деп қосты директор.

Эльдар Төлеубекұлы өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен ашылған коворкинг орталықтың жұмысына ерекше тоқталды. Іші көңіл күйді ашатын түстермен боялған, әртүрлі музыкалық аспаптармен толықтырылған коворкинг орталықтың жұмысын Ассамблеяның тақырыбынан өзгеше ұйымдастыруды көздепті. Кіріп келгенде бір қабырғаға әлем картасының суреті салынған. Коворкинг орталықтың іші жастардың талғамына сай  безендіріліпті. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, бір уақыт еркін демалуды қалайтындар үшін жұмсақ орындықтармен жабдықталған.

– Мақсатымыз – этномәдени бірлестіктің жұмысына қызықпайтын, оған қатыспайтын басқа да жастарды өзімізге тарту. Олардың бос уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізу үшін осы жерге интернет желісін тартып, кинотеатр бөлмесін жабдықтап қойдық. Келген жастар кез келген сайтқа, арналарға қосылып, үлкен экраннан кино не қалаған бағдарламаларын көруіне болады. Караоке бөлмесін жабдықтап жатырмыз. Әртүрлі музыкалық аспаптар, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойын, шахмат бар. Бұл жер – бір жағынан өзінің ойын жинақтап, жеке демалғысы келетіндер үшін таптырмас орын. Сонымен қатар ұжыммен кездесіп, бір шара өткізем дегендерге де есігіміз ашық. Орталыққа он бес адам еркін сыяды. Бізге алдын ала ескертсе болды, келіп жиын өткізу не демалу, барлығы тегін, – деп тарқатып айтып берді директор.

 

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Back to top button