Қоғам

Достық керуені Павлодарға аттанды

Кеше 120 адамнан тұратын шығысқазақстандық делегация Павлодар қаласына аттанды. Осылайша облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен, облыстық Достық үйінің, мәдениет және ішкі саясат басқармаларының ұйымдастыруымен «Достық жол картасы» атты республикалық мега-акция бастау алды.

Достық керуені Павлодарға аттандыАкция шеңберінде әр облыстың этномәдени бірлестіктері мен Достық үйлерінен құралған делегациялар достық керуенінің эстафетасын бір-біріне тапсыратын болады.

– Бұл шара ел ішіндегі ынтымақты нығайтуға бағытталып отыр. Бүгінде – ынты-мақтастық өте көкейкесті мәселе. Біз Президенттің жанына топтаспасақ, ешқандай даму болмайды. Сондықтан барлық ұлттар – қазақ, орыс, неміс, кәріс, шүршіт, барлығымыз бір үйдің баласындай болсақ, күшіміз де, ісіміз де, ақыл-парасатымыз да бір жерден шығатын болады. Ондай жерде ылғи да алға жылжу болмақ. Сондықтан да осы шараны іске асырып отырмыз. Бұл керуеннің құрамында этномәдени бірлестіктердің өкілдерінен бөлек, өңіріміздің айтулы өнер шеберлері бар. Бұл әншілер, бишілер, күйшілер ертең павлодарлықтар алдында кең көлемде өтетін мәдени жиында өнер көрсетеді. Біз тапсырған аманатты павлодарлықтар әрі қарай Солтүстік Қазақстанға жеткізетін болады, – дейді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар.

Облыстық Достық үйінің құрылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған акцияның басталу салтанатында ұлттық-мәдени бірлестіктердің өкілдері өз лебіздерін жеткізіп жатты. Достық керуенінің құрамында облыстың тоғыз бірдей Достық үйінің мүшелері бар.

Облыстық Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков керуеннің 24-сәуірде Курчатов қаласынан бастау алғанын айтады.

– Бұл керуенді ауқымды деңгейге шығарып, эстафетаны павлодарлықтарға ұсынбақпыз. Шара Астананың туған күнінде, Сарыарқа төсінде қорытындыланады. Сол кезге дейін Елордада этноауыл салынып, бітетін болса, өз қолымызбен көшет отырғызып қайтуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Шығысқазақстандықтар 4-мамыр күні Павлодар қаласында БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізіп, дөңгелек үстелдерде тәжірибе алмасатын болады және мерекелік кеш алдында керекуліктерге кескіндемелік-қолданбалы өнердің көрмесін ұсынады. Ал 5-мамырда Шығыстан барған делегация Ақсу қаласында болып, мұнда да достықтың туын желбірететін болады.

Акция Астанада мәресіне жетіп, қолтаңбалар қойылған эстафета кітабы делегация мүшелерінің қатысуымен салтанатты түрде Елбасының қолына табысталмақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button