«Достарға» ауыр науқастан кейін туған туынды
«Жабыққан сәтте қас-қағым,
Жанымды ұғар басқа кім.
Жаңа бір әуен бастадым,
Сендерге арнап достарым» деп келетін қайырмасы бар, өлеңі өрелі, әуені әуезді әнді көпшілік жұрт танымал әнші Жанар Айжанованың орындауында жақсы біледі. Бірақ талай рет естіп, тамсана тыңдап жүрген «Достарға» атты осы әннің авторлары күршімдік таланттар: марқұм болған әуесқой композитор Оралхан Көшеров пен ақын, журналист Хасен Зәкәрия екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ендеше, қос жерлесіміздің шығармашылық одағынан туған «Достарға» әнінің кімдерге арнап жазылғаны туралы ақын ағамыздың өз аузынан естігенімізді оқырманмен бөлісуді құп көрдік.
Әйгілі әуеннің сөзі қалай жазылды?
…1995 жылдың қаңтар айы. Өскеменде өнер сайысы өтіп, артынан Оралхан Көшеров, Есен Мәженов, Мұрат Тастағанов сынды әнші-жыршы, ақындар бар кілең шығармашыл қауым бас қосып отырады. Кенет отырыс үстінде Оралхан ағамыздың тынысы тарылып, жағдайы нашарлайды. Оның бұрыннан сырқаттанып жүргенінен бейхабар жұрт қатты абыржып, дереу жеделжәрдем шақыртады. Ауруханаға жеткізілген сазгерді тексеруден өткізген дәрігерлер жағдайдың қиындап кеткенін, тез арада күрделі ота жасалмаса, науқастың хәлі нашарлап кететінін ескертеді. Ал ота жасау үшін 20 мың теңге ақша табу қажет. Мұндай қомақты қаржы (сол кезде біршама үлкен сома еді) қарапайым шығармашылық адамдарының қайсыбірінің қалтасынан табыла қойсын. Шын ниеттес, жанашыр азаматтар ақылдаса келе сазгердің өнерін ерекше құрметтейтін Күршім ауданының тумасы, кәсіпкер Жанарбек Білімбаевқа келіп, жағдайды айтады. Кәсіпкер көп ойланбастан барлы-жоқты қаржысын жиыстырып, қажетті соманы тауып береді. Соған орай операция да сәтті өткен екен.
– Сөйтіп, Ошан (көпшілігі солай атап кеткен) облыстық ауруханада табаны күректей екі ай, жиырма күн жатты, – деп әңгімесін жалғады Хасен Зәкәрия, – оның сырқатынан құлақтанған Өскемендегі көңілі жақын дос-жаран, тілеулес замандас атаулы тегіс келіп, көңілін сұраумен болады. Белгілі журналистер Уәлихан Тоқпатаев, Сұңғат Әліпбай, Мұрат Тастағанов жұбайларымен бірге келіп, науқастың ас-суын әкеліп беріп, біраз сүйеу-демеу көрсеткен.
Ауруханадан аман-есен шығысымен Орағаң тура ауылына тартады. Бұл хабарды естіген бойда Қойтастан сазгердің бұрыннан бергі жақын досы Хасен Зәкәрия автобусқа мініп, арасында жаяу жүріп, әйтеуір, ымырт үйіріле сазгердің туған ауылы Топтерекке әрең жетеді. Есікті ашып кіргені сол еді қарсы алдынан әдеттегі еңгезердей «сары аю» (денесінің ірілігіне қарай достарының әзілдеп қойған аты) емес, жүзі боп-боз болып қуарған, жағы суалған жігіт ағасы қалқайып тұр. Өз көзіне өзі сенбеген Хасен ағамыз досының мұншалықты аянышты хәлін көргенде жүрегі елжіреп, жанарына еріксіз жас іркілгенін айтады.
Содан жақын достар бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, көптен жиналып қалған сырларын ақтарып, түн ортасы ауғанша әңгімелеседі. Ертеңінде Хасен ағамызды үйіне шығарып салып тұрып Оралхан Көшеров: – Хасеке, менің осы дерттен аман қалғаным, бірінші – Құдайдың, екінші – достарымның арқасы. Бір ән арнасам деймін соларға, «Достарға» деген өлең жазшы! – деп өтініш білдіреді.
Уәдесін беріп аттанған ақын ағамыз қат-қабат тірліктің қамымен жүріп, мұны есінен шығарып алса керек. Біраз уақыт өткізіп барып «Достарға» деген өлеңнің сөзін жазып, Күршімге кетіп бара жатқан ауылдасынан «сазгердің қолына табыс ет» әннің мәтінін деп беріп жібереді.
Бұл әнді жұртқа әйгілеген – Жанар Айжанова
Көп ұзамай құнарлы тіл, құлаққа жылы тиер сазды әуенмен үйлесім тапқан жаңа шығарма жиын-тойларда шырқала бастайды. Ал 1999 жылдың қараша айында көмейіне бұлбұл ұялаған қазақтың аяулы әншісі Жанар Айжанова «Достарғаның» тұсауын үлкен сахнада қиған сәттен бастап-ақ ол тыңдарман жүрегіне жол тауып, жоғары сұранысқа ие болады. Әнші мен әннің бірін-бірі табуы да қызық әңгіме. Сол 1999 жылдың тамыз айында Зайсан көлінің Күршім ауданына қарайтын жағасында Ақсуат ауылының тумасы, марқұм Уәйіс Сұлтанғазин елу жасқа толған мерейтойын кең ауқымда атап өткен-ді. Айтулы мерекеге алматылық әртістермен бірге Жанар Айжанова қонақ болып қатысады.
Осы жиында жергілікті өнерпаздар атынан мерейтой иесіне тарту ретінде сазгер Оралхан Көшеров жүрек түкпірінен шымырлап шыққан өзінің әндерін орындап берсе керек. Олардың ішінде көпшіліктің, соның ішінде, әсіресе, Жанар Айжанованың ерекше ықыласын аударған «Достарға» болады.
Шынын айту керек, «Достарғаны» әнсүйер қауым әу бастан жылы қабылдады, сүйіп тыңдады. Әсерлі әннің арқасында орындаушының да мерейі өсіп, танымалдылығы арта түсті. Осылайша әнші әннің, ән әншінің бағын ашты. Бұлай дейтін себебіміз, сол кездерде Жанар жұрт алдында аса көрінбей кеткен еді. «Достарға» болса, әншіні тыңдармандарымен қайта қауыштырды.
2000 жылдың наурыз айында Жанар Айжанова Алматы төрінде «Достарым» атты жеке шығармашылық кешін өткізеді.
Серік Әбілхан