Доп додасының ауқымы кеңейіп келе жатыр

Нұржан Кенжеұлы
Шығыс Қазақстанда шағын футболдан әуесқой командалар арасында өткізілген облыстық және Өскемен қаласының кезекті чемпионаттары мәресіне жетті.
Осымен 15-ші мәрте өткізіліп отырған жарыстардың биылғысы Балалар жылына арналғанын айту керек. Жақында «Көктем-Алтын күз» деп аталатын доп додаларының шешуші ойындары ойналып, әр лигадағы жеңімпаз және жүлдегер командалар анықталды. Бұл жолғы чемпионатта өңіріміздің аудан, қалаларындағы спорт ардагерлері мен тұрғындарынан құралған құрамалар да бақ сынады. Жалпы, қазіргі уақытта облысымыздың футбол қауымдастығы бастамасымен өткізіліп отырған қалаішілік және облыстық сайыстарға 70-ке жуық команда қатысады екен. Олар үшінші, екінші, бірінші, жоғарғы және Суперлига, сондай-ақ жасы 40-тан және 45-тен асқандар арасындағы чемпионат пен үлкен футболдан Өскемен қаласының біріншілігі сынды жеті турнирде өзара мықтыны анықтайды. Бүгінде бұл жарыстарға қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған мыңнан астам адам бар екен. Ал, жалпы алғанда, облысішілік жарыстарға үш мыңнан астам футболшы қатысыпты. Бұл туралы күні кеше облыс орталығында өткен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде облысымыздағы футбол қауымдастығының президенті Владимир Головатюк мәлім етті.
– Әне-міне дегенше, әуесқой футбол командалары арасында өткізілген кезекті чемпионаттар да мәресіне жетіп қойыпты. Жанкүйер, футболсүйер жан ретінде айтарым, биылғы доп додалары тартысты әрі қызықты өтті. Тіпті кей лигаларда үздіктер соңғы турларда ғана анықталып жатты. Бұл – жарыс деңгейінің көтеріліп келе жатқанының белгісі. Білесіздер ме, осыдан тура 10 жыл бұрын облысымызда футбол қауымдастығы құрылған кезде алдымызда тұрған негізгі мақсат әрі міндет – футболдың және шағын футболдың бұқаралық сипат алуына жағдай жасау болатын. Өз басым бұл мақсатымызға толықтай болмаса да жеттік деп есептеймін. Әрине, алдымызда әлі де тындырар шаруа көп. Дегенмен, біздің бастамамыз футболсүйер қауым тарапынан осындай қызу қолдауға ие болып жатса, бұдан да биік белестерді бағындыра алатынымызға кәміл сенемін. Бұл жарыстарға қатысуға ниет білдірген командалармен қатар, бізге жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген демеушілерімізге де қатысты. Олардың қолдауынсыз біздің әрекетімізден бәлендей нәтиже шыға қоймас еді, – деді В.Головатюк.
Жалпы, биылғы чемпионаттың бір ерекшелігі – жеңімпаз командалардың ең соңғы турларда ғана анықталуы болыпты. Расымен де, бұл жолғы жарыстарға қатысушы командалар көрсеткіштерінің айырмашылығында бәлендей алшақтық жоқ екен. Мұны әр лигадағы турнир кестесіне көз жүгіртіп-ақ аңғарғандай болдық.
Дегенмен, Шығыстағы футбол маусымы осымен тәмам деуге де келмейді. Өйткені дәл қазір облыс кубогы үшін жарыстың 16\1 финалының ойындары өтуде. Сол сияқты, футболдан Шығыс Қазақстанның абсолютті чемпионы атағы сарапқа салынатын бәсекенің де нағыз қызған шағы бұл.
Негізі, облыстың футбол қауымдастығы ұйымдастыратын доп додалары жылына бірнеше мәрте өткізілетінін айтқан жөн. Мәселен, көктемде басталып, қоңыр күзге дейін жалғасатын жарыстардан бөлек, қараша айынан бастау алатын қысқы маусым да бар-тын.
– Жыл сайын қазан айының ортасына қарай жазғы чемпионаттарды аяқтап, қараша айының басында қысқы маусымды бастап кететін дәстүріміз бұзылған емес. Чемпионатымызға қатысатын 70-ке жуық ұжымның 80 пайызын тұрақты командалар деп айтсақ та болады. Қалған жиырма пайызы – келіп, бір-екі маусым ойнап кетіп қалып жататын командалар. Негізі, бұл – қаражатқа келіп тірелетін мәселе емес. Өйткені шығындарды соншалықты көп деп айта алмаймыз. Басты мәселе – ойыншыларда. Мысалы, кей командаларда түрлі жағдайларға байланысты ойыншылар саны азайып қалып жатады. Міне, осындай кезде олар кезекті чемпионатқа қатыса алмай қалады, – дейді футбол қауымдастығының басшылығы.
Енді ең үздік деп саналатын лигаларда жүлдегерлер қатарынан көрінген командаларға қысқаша тоқтала кетсек. Әңгімемізді үздіктердің үздігі бақ сынайтын Суперлигадан бастайық. Үлкен футбол бәсекесімен қатар, ең мәртебелі жарыстың бірі саналатын турнирдің биылғысына барлығы тоғыз команда қатысқан екен. Бұл жолғы сайыстың жеңімпазы болып «Марқакөл» футбол клубы танылыпты. Қашан да жүлдеден дәмелі, кіл мықты ойыншылардан құралған аталмыш ұжым біріншілік аясында 14 кездесу өткізіп, оның барлығында жеңіске жеткен-ді. Екінші орыннан осыған дейінгі бәсекеде үшінші орынға табан тіреген өскемендік «Altay Champions» командасы көрінсе, үздік үштікті «Шығыс» футбол клубының ұжымы түйіндепті. Бұл командалардың әрқайсысына кубоктар мен медальдар, алғыс хаттар мен демеушілердің бағалы сыйлықтары табыс етілгенін айту керек.
Сол сияқты, салтанатты жиын барысында гол соғуда шеберлік танытқан шабуылшылар мен қақпадан доп қайтара білген қақпашылардың да еңбектері еленді. Мәселен, «Үздік мерген» марапатына «Марқакөл» командасының ойыншысы Дәулет Нұрасылов ие болса, «Үздік қақпашы» атағына «Шығыс» командасының голкипері Ербол Ахмадиев лайық деп танылды. Сонымен қатар «Марқакөл» командасының ойыншысы Әлихан Қажиахметов «Үздік қорғаушы» атанса, Елдар Тайов («Altay Champions») пен Дидар Манаповқа («Марқакөл») «Үздік шабуылшы» және «Үздік ойыншы» атақтары бұйырды.
Биыл Жоғарғы лига аясындағы чемпионатта «Спарта» командасы алдына жан салмады. Дәл осы ұжым біріншіліктің алтын медальдарымен қатар, келесі маусымда Суперлигада ойнау мүмкіндігіне де ие болды. Алдағы маусымда Суперлигада «Спартамен» бірге «Жанұя Восток» командасы да өнер көрсетпек. Бұл ұжым Жоғарғы лига біріншілігін екінші орынмен аяқтаған еді. Ал үздік үштікті глубокоелық «Дим-Строй Алтай» командасы қорытындылады. Аталмыш жарыста «Спартаның» чемпион атануына айрықша үлес қосқан команда қақпашысы Мәди Атаев турнирдің «Үздік қақпашысы» ретінде танылса, Андрей Тузиков («Дим-Строй Алтай») «Үздік қорғаушы», Туысқан Сәдуақасов («Спарта») «Үздік шабуылшы», Андрей Милль («Дим-Строй Алтай») «Үздік мерген», ал Никита Тюрин («Жанұя Восток») «Үздік ойыншы» аталымдарында жеңіске жетті.
Сонымен қатар кеш барысында үлкен футболдан Өскемен қаласы чемпионатының да қорытындылары шығарылды. Биыл тоғыз команда қатысқан біріншілікте үшінші орынға «Алтай ФО-2005» командасы ие болса, екінші орыннан «Altay Champions» ұжымы көрінді. Ал бас жүлде – кубок, ақшалай сыйлық пен алдағы Қазақстан чемпионатына қатысу мүмкіндігі «ВЦМ- Барс» футболшыларына бұйырды.
Жекелей аталымдарға келер болсақ, мұнда Андрей Ярославцев («ВЦМ-Барс», «Үздік қақпашы»), Елдос Айтжанов («ВЦМ-Барс», «Үздік қорғаушы»), Нұртай Тұрақанов («Altay Champions», «Үздік жартылай қорғаушы»), Бекжан Қабылғазин («Алтай ФО-2005», «Үздік шабуылшы»), Сергей Сидоров («ВЦМ-Барс», «Үздік мерген») және Медет Түкеев («Altay Champions», «Үздік ойыншы») сынды ойыншылардың мерейі үстем болды.
Еске салайық, осыған дейін Өскемендегі «Восток» стадионында облыстың футбол қауымдастығы ұйымдастырған әуесқойлар арасындағы бірінші, екінші және үшінші лигалардың, сондай-ақ жасы 40-тан және 45-тен асқандар арасындағы чемпионаттардың қорытындылары шығарылған еді.