Доп додасы басталды
Өскеменде аламан дода басталды. Дәлірек айтсақ, бүгін басталады. Кеше сол доданың бейресми тұсаукесерінің куәсі болдық. Облыс орталығындағы ShineRiver қонақ үйінде Сарықұрлық мықтыларының басын қосқан волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатының жарысалды баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Әдеттегідей, оған турнирге қатысушы ұжымдардың бас бапкерлері мен команда капитандары қатысып, чемпионат пен қарсыластары жайындағы ойларымен бөлісті.
Жалпы, ой бөлісті дегенде, мұндайда ертең волейбол алаңында бір-біріне қарсылас атанатын командалардың өкілдері көп ашыла бермейтіні тағы белгілі. Баспасөз мәслихатына келген команда бапкерлері өз ұжымдарын қысқа да нұсқа таныстыра өтіп, әріптестеріне сәттілік тіледі. Болды.
Мәселен, Тай елінің атынан сынға түсетін «Супреме» командасының бас бапкері Натапхон Срисамутнак мырза «Бізді құшақ жая қарсы алған Өскемен жұртшылығына рақмет айтамыз. Біз чемпионатқа қатысатын әр команданың әлеуетін білеміз. Олардың қай-қайсысы да құрлық мықтысы атануға лайық» деп сөзін қысқа қайырды.
Өзге командалар бапкерлерінің сөзі де осыған ұқсас болды. Командалары туралы аз-кем айтып, жарысқа қатысушыларға табыс тіледі, Шығыс жұртшылығының қонақжайлығына ризашылығын білдірді. Бұл түсінікті жайт. Мұндай ірі жарыс алдында еш бапкер командасының қыр-сыры туралы сөз қозғап, қарсыластарына өз тактикасын жайып салмайды.
Баспасөз мәслихатында жапониялық команданың бапкері Шинго Сакаи ғана өзгеше мағынадағы сөз айтты.
– Былтырғы біріншілікте біздің елдің командасы чемпион атанған болатын. Биыл сол жетістікті қайталауға тырысамыз. Қарсыластар мықты, дегенмен, біз бұл жерге тек жеңіс үшін ғана келдік, – деп мәлімдеме жасады жапондық маман.
Естеріңізге салайық, былтырғы Азия біріншілігінде жапониялық «НЕК Ред Рокетс» командасы топ жарған болатын. Биылғы жарыста Күншығыс елінің намысын қорғайтын «Хисамицу Сеяку Спрингс» клубы да турнирдің басты фавориттерінің бірі саналуда. Оның үстіне, жапондықтардың негізгі қарсыластарының бірі саналатын қытайлықтар биылғы жарысқа негізінен тәжірибесі аз жас волейболшылардан құралған «Тяньцзинь Бохай Банк» командасын жіберіпті.
Осының бәрін ескере келе, жапондықтарға шын мәнінде қарсылық көрсетсе, біздің «Алтай» ғана көрсете алатынын түсінуге болады.
Баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері Ярослав Антонов жеті күнге жалғасатын жарыс барысында жергілікті жанкүйерлер қолдауына ерекше сенім артатынын жасырмады.
– Басқаны айтпағанда, топтағы қарсыластарымыздың өзі осал емес. Дегенмен, жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Командалардың бәрі таныс, бір-біріміздің артық я кем тұстарымызды жақсы білеміз. Сондықтан нағыз мықты жеңіске жетсін дегім келеді. Өскемендіктер бізге барынша қолдау көрсетеді деп үміттенемін, – деді ол.
Жиын барысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов та сөз сөйлеп, шетелдік меймандарды Шығыс Қазақстан жеріне келуімен құттықтады.
Айта кетейік, бүгін жарыстың алғашқы ойын күні өтуде. Кешкі сағат 19:00-де «Алтай» арулары чемпионат аясындағы алғашқы ойынын («Тайвань Пауэр» командасына қарсы) өткізетін болады.
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ