Қоғам

Донорлар құрметке лайық

Донорлар құрметке лайық


Облыстық қан орталығында ұзақ жылдар бойы қан тапсырып, жүздеген адамның өміріне араша болып жүрген ардагер донорларға құрмет көрсетілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Андрей Игнатов, Григорий Банников, Валерий Шастов және Любовь Швецованың кеудесіне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісін салтанатты жағдайда қадады.

-Басқа жандардың тағдырына алаңдап, олардың сауығып кетуі үшін өз қандарыңызды тапсырып жүргендеріңіз сіздердің әлеуметтік жауапкершілікті түсінетіндеріңізді, басқаларға көмекке келуге дайын екендеріңізді білдіреді. Сіздердің дендеріңізге саулық тілеймін, – деді басқарма басшысы.
Марапатталған донорлар 40-тан 85 ретке дейін қан тапсырған жандар, кейбіреуінің өтілі ширек ғасырдан асып кеткен.

– Мен 25 жылдан бері донормын, осы уақыт аралығында 40 литр қан өткіздім, – дейді 55 жастағы Андрей Игнатов. – Алғаш рет Германияда әскер қатарында жүргенде тапсырдым. Жол апатынан зардап шеккендерге көмек қажет болды. Содан бастап әдетіме айналдырдым. Қан орталығының қызметкерлері менің 250 адамның өмірін сақтап қалуға көмектескенімді айтады. Арасында жаңа босанған келіншектер мен балалар да бар. Мен үшін бұл өте маңызды. Мен әрқашан шын жүрегіммен көмектесуге талпынып келемін.

Алпысқа іліккен Любовь Швецованың анасы да донор болыпты. Шешесіне еліктеген бойжеткен 22 жасынан қан өткізіп келеді. Белоусовка кентінің тұрғыны 33 жастағы Григорий Банниковті қан өткізуге алғаш рет көршісі шақырыпты. Содан бері 15 жыл өтсе де, Григорий қан орталығы мамандарына ешқашан «жоқ» демеген.

– Қан құю – бұл өте маңызды шара. Миллиондаған адамның өмірі, әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде бірнеше литр қанға ғана қарап тұрады. Донорлардың арқасында күрделі оталар жасауға, созылмалы науқастардың өмір сапасын жақсартып, жасын ұзартуға мүмкіндік туады, – деді облыстық қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button