\”Домино\” тобының әншісі көйлегін кімге тарту етті?
Көңілі көктем, жүрегі мейірімге толы жандар болмаса, мынау әлемді әлдеқашан мұң басар ма еді, кім білсін! Кейде бұлт астынан жылт еткен күннің шуағының өзі бойыңды жылылыққа бөлеп, жаныңа жайлы күй сыйлайтыны бар. Мейірім де сол секілді. Облыстық драма театрында өткен кезекті «Мейірім» акциясына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Облыстық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, аймақта 3000-нан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Аталған санаттағы балаларға қолдау көрсету, оларды жұмысқа орналастыру мен тұрғын үй алуға көмек көрсету мақсатында облысымызда 2011 жылдан бастап «Шығыс Қазақстан облысындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдаудың кешенді жоспары» жасалып, «Мейірім» акциясы өткізіліп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша екі мыңнан астам бала патронатты ұйымдарға, яғни мемлекеттік органдарға, білім беру және денсаулық сақтау мекемелеріне, ірі кәсіпорындар мен банктерге, орта және шағын бизнес өкілдеріне бекітіліп берілген. Бұл патронатты ұйымдар балалардың есепшоттарын толтыру арқылы тұрғын үй алуға, мамандық таңдауға, сонымен қатар қоғамға бейімделуге қолдау көрсетеді.
Осынау шараның маңызын өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да ерекше атап айтты.
– Осыдан 4 жыл бұрын қолға алынған «Шығыс Қазақстан облысындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдаудың кешенді жоспары» мен «Мейірім» акциясы бүгінде өзінің жемісін беруде. Осынау игі істің нәтижесінде бүгінде 457 жетім бала баспаналы болып, қуанышқа бөленді, – деген облыс әкімінің орынбасары бұдан бөлек «Тұрғынүйжинақбанкінде» бүгінгі күні осындай балалардың есепшотына 400 млн. теңге көлемінде қаражат жиналғанын, облыстың бетке ұстар жобаларының бірі болып табылатын осынау шараның әлі де жалғасатынын ерекше атап айтып, залда жиналған барша бүлдіршіндерді алда келе жатқан 1 маусым – балалар күні мерекесімен құттықтады.
Бұдан кейін тумай жатып, тағдырдың талқысына түскен жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды қанатының астына алып, қамқорлық танытып жүрген облысымыздағы бірқатар ұжым басшыларына «Шығыс Қазақстан облысы балаларының досы» белгісі табыс етілді. Ерекше белгіге ең алдымен Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева ие болса, одан кейін мұндай марапат «СМУ Шығыс» ЖШС директоры Қуатбек Әбжановқа, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» филиалының директоры Қуаныш Айдоболовқа, «Азия Комби» ЖШС басшысы Владимир Филичкинге, «Сиб Азия» ЖШС филиалы директоры Зафар Махмудов пен «Лазарев және компания» ЖШС-нің қаржылық директоры Анна Лазареваға табыс етілді.
Сахна төріне көтерілген «Лазарев және компания» ЖШС-нің қаржылық директоры Анна Лазарева залға жиналған қалың қауымның көзінше Новошульба балалар үйінің тәрбиеленушісі Сергей Огневке пәтер кілтін табыс етті.
– Менің қазіргі сәттегі қуанышымда шек жоқ. Сізге көп рахмет! Ешқашан ауырмаңыз. Үйіме қонаққа келіңіз! – дейді Сергей Огнев көңіл толқынысын баса алмай.
Осынау қайырымдылық акциясына демеушілерінің арқасында баспаналы болған бұрынғы балалар үйінің тәрбиеленушілері де алғыс айту үшін арнайы келіпті.
– Балалар үйінен кейін мен тұрмысқа шықтым. Жолдасым өзіммен тағдырлас жан. Ол да балалар үйінің түлегі. «Қазцинк» кәсіпорнының қолдауының арқасында менің жолдасым жұмысқа орналасты, баспаналы болдық. Сол үшін осы кәсіпорынды басқарып отырған абзал жандарға үлкен алғысымды айтамын, – дейді Оксана Шестакова. Қазіргі күні Оксана мен Андрейдің отбасында Арина есімді кішкентай балапан өсіп келе жатыр.
Осынау қайырымдылық шарасынан эстрада жұлдыздары да тыс қалмады. Республика бойынша теңдесі жоқ «Мейірім» акциясына қатысуға 2005 жылдан бері көрермен қауымға «Алло», «Айым-ай» секілді әндерімен жақсы танымал «Домино» тобы да арнайы келіпті. Осы топтың әншісі Шолпан Бейсенова өзінің сүйікті қара көйлегін балалар үйінің тәрбиеленушісі Гүлданаға тарту етті.
– Бұл көйлекті мен әртүрлі жиындар мен концерттерге кигенді ұнатушы едім. Бірақ Гүлдананың «мектеп бітіру кешінде Шолпанның сәнді қара көйлегін кисем ғой» деген арманын естіген соң, көйлегімді Алматыдан арнайы алып келіп отырмын, – деді әнші.
– Біздің халық «Жетім көрсең, жебей жүр» дейді. Ата-бабаларымыз ешқандай баланы бөтен деп сыртқа теппеген. Осы орайда «Әскерилендірілген теміржол күзетінің» Өскемендегі филиалы 2013 жылы Ислам және Ислана атты екі бүлдіршінді патронаттық тәрбиеге алған болатынбыз. Бүгінгі таңда біздің ұжым олардың «Тұрғынүйжинақбанкіндегі» есепшотына 1 млн. 456 мың теңге аударды. Біздің көмегіміз, әрине, мұнымен шектелмейді. Біз олардың баспаналы болуына, жоғары оқу оқу орнына түсуіне әлі де көмектесіп, қол ұшын созамыз. Басшы ретінде мен оған уәде беремін, – дейді «Әскерилендірілген теміржол күзеті» филиалының директоры Қуаныш Айдоболов.
Осылайша жүрегі нәзік мейірімге толы жандардың арқасында облысымыздағы жақсы шара жалғасын тауып, талай бүлдіршіннің жанары қуаныштан бал-бұл жанды.
Мейрамтай Иманғали