Қоғам

Домалақ арыздың құрбаны

Саяси қуғын-сүргіннің миллиондаған жазықсыз жандарды қаралап, аяусыз жазалап, қаншама шаңырақты ортасына түсіргені, қаншама ана мен баланың өмірін өксіткені бүгінде баршамызға жақсы мәлім.

Сондай жазықсыз жалалы болып, жарты өмірін сталиндік тозақ лагерьлерде өткізген жандардың бірі Қойтас ауылының тумасы Сейітсолтан Әзімбаев болатын. Бұл кісі сол кездегі барынша сауатты, қайырымды да мейірімді, ұйымдастырушылық қабілеті зор, беделді адамдардың бірі болыпты. «Оза шапсаң, дұшпан көп» демекші, ондай жандарды көре алмайтын, көр кеуде, мысық тілеу пенделердің күні туып тұрған кезең ғой ол шақ, біреудің қаралап жазған домалақ арызы абзал азаматтың жолына жуа болып бітіп, Сейітсолтан атамыз «бай-құлақтың тұқымы, ата-бабасы елді қанаған шонжар, жат элемент» деген жаламен қамауға алынады да, әйгілі «үштіктің» үкімімен 10 жылға айдалып кете барады.

Ол туралы сол кезде 10-11 жаста болған марқұм әкемнің айтқаны әлі есімде.

– Ел арасынан қамауға алынып, «Халық жауы» деген статьямен сотталып жатқандар болды, – деген еді әкем. – Жұрт таң-тамаша болатын: «арамызда жүрген қарапайым адам осыған дейін жымын білдірмей келген жымысқы жау екен ғой» деп. Ал Сейітсолтанды қамаған кезде ауыл жұрты тегіс: «Жо-жоқ, мүмкін емес, мына заңның бір шикілігі бар», – деп шынымен күмәнданған екен. Ел үшін тер  төгіп, қолдан келгенше жұртқа қамқорлық жасап, тынымсыз шапқылап жүрген ақкөңіл азаматты ешкім де «жау еді» деген сөзге қия алмапты. Тағдырға шара бар ма, сөйткен атамыз кісенделіп, қарулы милицияның айдауында кете барған екен.

– Әкем сол кеткеннен Сібірдің қақаған аязы мен маса-шіркейі буып тұратын аптап ыстығында азапты тірлік кешіп, он жыл бойы айдауда болды, – деп еске алады бүгінде марқұмның Нұр-Сұлтан қаласында тұратын екінші қызы, ардагер ұстаз Баршагүл Әзімбаева. – Бір қуанарлығы, әкем он жылын өтеп, ауылға аман-есен оралды. Келген бойда ешкімге кек сақтап, аза тұтып жатпастан соғыстан кейінге қиын кезеңде кетеуі кетіп тұрған ауылдың шаруашылығына араласып, аянбай еңбек етті.

Сөйтіп, ел қатарлы бір үй болып, қарапайым өмір кешіп жатқан Сейітсолтан атамызға тағдыр тағы бір соққысын дайындап тұрыпты. Ол кісінің Әділхан дейтін бір туысы мертігіп қалып, аудан орталығындағы ауруханаға түссе керек. Соған тамақ апарамын деп бір топ кісі тиелген колхоздағы жалғыз көлік – ескі «полуторкамен» Күршімге бет алып келе жатқанда екі ортадағы мидай тегіс алқап – Белағаштың жазығында әлгі ескі мәшине аяқ астынан аунап, апатқа ұшырайды. Жанындағы жұрт тегіс аман екен, «сорлыға сойыл бұрын тиеді» дегендей, әлгі апатта жалғыз Сейітсолтан атамыз мертігіп, омыртқасы сынып кеткен екен. Осыдан соң ол кісі бір жыл бойы төсек тартып жатып, 1957 жылдың жазында 47 жасында қайтыс болады.

– Сейітсолтан ағамыздан сұрайтынмын, – деп естелік айтатын еді Қойтастағы қарт ұстаз, шежіреші Сансызбаев Кеңесбек деген ағамыз, «он жыл отырғанда не істедіңіздер?» деп. Ол кісі төмен қарап, ойға шоматын.

– Ол сұмдықты ешкімнің басына бермесін, – дейтін бір кезде ауыр күрсініп. – Бүкіл Кеңес Одағынан жиналған небір абзал азаматтар, ғалымдар, көрнекті әскери мамандар, білікті дәрігерлер жазықсыздан-жазықсыз ауыр бейнетке жегіліп, жан төзгісіз жұмыс пен түрлі аурулардан шыбындай қырылып жатты. Арамызда шынында да небір жексұрын қылмыскерлер отырды. Олар әлгі бейбақтардың онсыз да азапты тірліктерін одан әрі ауырлатып, алуан түрлі қастандықтар жасайтын еді.

Қалың тайгада сотталғандарды ағаш кесуге мәжбүрлейтін. Норманы орындамасаң, сол күні аш қаласың, ал бір күн ашыққан адамның келесі күні еңсе көтеруі қиын. Сөйтіп, жұрт ондап, жүздеп өліп жататын еді. Кейбір ашынған адамдар «қашамын» деп тайгаға сіңіп кететін. Бергі жақта солдаттардың мықты күзеті бар, арғы жақты ешкім аңдымайды, өйткені ары қарай мыңдаған шақырымға созылған ит тұмсығы батпайтын иен орман. Қаңғып-қаңғып, ит-құсқа жем болмаса, бір күні әлгі бейбақтар тозып қайта оралатын.

Жалпы, Сейітсолтан атамыз бұл жайлы әңгіме айтқанды қаламайды екен. Бастан кешкен сұмдықтар, бірге болған бақытсыз адамдардың кешкен бейнеттері мен өлімдері сезімтал жанның жүрегін өле-өлгенше сыздатып өтсе керек.

Атамыздың адал жары, өмірдегі сенімді серігі Күлжәмила апамыз өмір бойы бала оқытып, тәжірибелі де білікті ұстаз атанды. Ол кісіні Қойтастың үлкен-кішісі бірдей Күпән апай деп атап, алдын кесіп өтпейтін. Ұзын бойлы, ажарлы да айбынды адам еді. Зілденіп, көк көздерін қадай қалғанда қандай тентек балалардың өздері жасқаншақтап, бұғып қалатын. Күпән апай күйеуі айдауда болған жылдарда да, кейін ол кісі өмірден өтіп кеткен соң да атасы Әзімбайды баладай әлпештеп, бағып-қағып отырды, дүние салғанда өз қолынан аттандырды. Сейітсолтаннан қалған екі қыз Гүлбаршын мен Баршагүлді дұрыс тәрбие беріп, жеткізді. Баршагүлі өзіне тартқан ұстаз болып, ұзақ жылдар жас буынға тәлім берді. Ал медицина ғылымының докторы, профессор Гүлбаршын Сейітсолтанқызы Алматы қаласында тұрады. Күпән апайымыз 93 жасында сол қызының қолында қайтыс болды.

Міне, сталиндік қуғын-сүргіннің жалыны шарпып, өмірін өксіткен кеңестік миллиондаған әулеттердің бірінің өмір тарихы осындай. Мұндай сұмдықты халқымыздың басына бермесін, келешек ұрпақ оны тек тарихтан оқып, үлкендердің аузынан ғана естісін. Аталған қайғы-қасіреттің ауылы алыс  тұрып, Тәуелсіз Отанымыздың келешегі әрдайым жарқын болғай!

Хасен Зәкәрия,Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button