Руханият

Долманың тіл үйірер дәмін-ай

 Облыс орталығында «Әзірбайжан асханасы» күні тойланды. Бұл күні қала тұрғындары мен меймандары «дастарқан сәні қонақ» деп білетін Әзірбайжан халқының асханасымен танысты.

Республика бойынша тойланған мерекеге жиылған жұрт тіл үйірер тәтті тағамнан дәм татып қана қоймай, ол тағамдардың қалай жасалатыны туралы жан-жақты ақпарат алды. Аталмыш шараның өтуіне Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімдігі мұрындық болды. Шығармашылық пен достықты ту еткен мерекені «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Достық үйінің этномәдени бірлестіктері ұйымдастырды.

– Бүгін міне Достық үйінде Әзірбайжан халқының асханасы күнін атап өтіп жатырмыз. Ынтымағы жарасқан елде осындай шаралардың жиі өтуі, татулығымызды одан бетер бекітеді. Әрине біз өз кезегімізде осындай игі бастаманы қолдап жатқан қазақ халқына алғысымызды білдіреміз, – дейді облыстағы Әзірбайжан қауымдастығының төрағасы Мариф Фараджев.

Әлем халықтарына көне тарихымен әрі әртектілігімен танылған Әзірбайжан асханасының тағамдары: сүт, ет, балық, ұн және көкөністен жасалады. Сондай-ақ әзірбайжан асханасында әртүрлі дәмдеуіштер мен хош иісті аскөктер: вазари, жасыл және қара рейхан, ащы бұрыш, тмин, кинза, шафран, сумахи қолданылады. Мерекелік дастарқанда бір жыл бұрын ЮНЕСКО «Адамзаттың мәдени мұрасы» атаған долма да болды. Дастарқандағы алуан түрлі тағамды Эльмира Фараджева, Коннюль Алиева, Гарагез Губайт қызы Исмрилова және басқалары пісірген.

– Мерекеге долманың үш түрін пісіріп алып келдік. Әрине, соның ішіндегі ең дәмдісі жүзім жапырағынан дайындалған түрі. Құрамында қой еті, бұрыш, күріш, кинза бар. Жалпы айтқанда, біздің асханада тағамдардың көбіне аскөк қосылады. Сондай-ақ палаудың үш түрін дайындадық. Ең ерекшесі, «Ханпалау» деп аталады, – дейді Эльмира Фараджева.

Шаһар жұртшылығы бұл күні ақ дастарқаннан дәм татып, концерт тамашалады, түрлі ойындарға белсене қатысты. Әзірбайжанның ұлттық әндері шырқалып, биі орындалды. Әзірбайжан мақал-мәтелдерін айтқан қатысушылар сыйлық алып мәз болды.

– Дәл осындай шараға алғаш рет қатысуым. Тағамдардың дәмі тіл үйіреді. Ән айтып, би билеп, Әзірбайжан асханасымен танысып, қысқасы, шара өте ұнады, – дейді қала тұрғыны Арайлым Сағатбаева.

«Арбаны ат тартпайды, арпа тартады» деп әзірбайжан халқы айтпақшы, қолдан пісірген құнары мол тағамдардан дәм татып, қуат алған көпшілік қауым Мәдениет сарайынан көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button