СпортТОП

ДоҺада доп додасы басталды

Қатар астанасы ДоҺада футболдан әлемнің 22-ші чемпионаты басталып кетті.

«Әл-Байт» стадионында болған ашылу рәсімінің салтанатын сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Жалпы, бұл тарихтағы ең қымбат турнир болмақ. Сарапшылардың бағалауына және жария есептерге сүйенсек, 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізуге кететін шығын 200 миллиард доллардан асады.

Өздеріңіз білетіндей, ашылу рәсімінен кейін алғашқы матч Қатар мен Эквадор құрамаларының («А» тобы) арасында болды. Қатарлықтар қауқар таныта алмады және оңтүстікамерикалық ұжым «екі жеп биге шықты».

Жалпы, қазақстандық футбол жанкүйерлері чемпионат матчтарын Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. Сонымен қатар qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайттарында, Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы тікелей онлайн трансляцияға қосыла алады.

Сарапшылар мен әлемдік БАҚ-тың таңдауы Бразилия, Аргентина және Франция құрамаларына түсіп отыр. Көптеген сауалнама нәтижесі де осыған саяды. Ал «қателесуді білмейтін» суперкомпьютер (BCA Research компаниясы) Лионель Месси бастаған ұжым чемпион атанады деген болжам жасады. Бұл құрылғы осыған дейінгі төрт Әлем чемпионатының жеңімпазын дәл тапқан деген де дерек бар. Титулға үміткерлер ретінде тағы бірнеше ұлттық құрама аталды. Олар: Испания, Англия, Германия, Нидерланды және Бельгия. Мамандар Португалия, Дания, Хорватия командалары плей-офф кезеңіне өтсе де, жеңіске жақындай алмайды деген байлам жасады.Біздің болжамҚұрметті оқырман, сарапшылар мен суперкомпьютерді ысыра тұрып, өзіміз неге «жауырынға қарап сөйлеп», күнделікті матчтарға болжам жасамасқа. Ендеше, біз бастайық, жауап сізден болсын.Аргентина және Сауд Арабиясы. Бұл кездесуде оңтүстікамерикалық ұжым оңай жеңіске жетеді деген пікірмен көп адам келісетіні анық. Дегенмен біз «Аргентина ойынның алғашқы он минутында гол соғып үлгереді» деп батыл болжам жасаймыз. Біздің болжам – 3:0. Аргентинаның жеңісі.Дания және Тунис. Даттар Еуро-2020 турнирінде жасындай жарқылдады. Эриксенді «жоғалтса» да, ерік-жігерден айырылмаған команда финалға барынша жақын барды. Осылайша олар ФИФА рейтингісінің үздік ондығынан бекер орын алмағанын дәлелдеді. Ал бүгін «Карфаген қырандарына» қарсы айқаста аса қинала қоймас. Дания кемінде екі доп айырмасымен жеңіске жетеді деген ойдамыз. Біздің болжам – 2:0. Данияның жеңісі.Мексика және Польша. «Ацтектердің» соңғы уақыттағы аяқ алысына көрермен көңілі толмайды. Мәселен, олар күні кеше Швеция құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіліс тапты. Команданың гол соғу көрсеткіші төмен. Ал бұған келгенде Польша құрамасы құралақан емес. Өйткені оларда «Левангольский» атанып кеткен жұлдызды ойыншы Роберт Левандовский бар. Сондықтан біз жеңісті еуропалық ұжымның еншісіне байлаймыз. Біздің болжам – 2:1. Польшаның жеңісі.Франция және Австралия. Айдарынан жел ескен әлем чемпиондары дәл қазір жанкүйерлерін уайымға салып қойды. Оның басты себебі – негізгі құрам ойыншыларының турнир басталар тұста жарақат алуы. Олардың қатарында Кәрім Бензама, Рафаэль Варан және Жюль Кунде мен Кристофер Нкуку бар. Ал Нголо Канте мен Поль Погба бұған дейін саптан шығып қалған. Алайда бұл Австралияға жеңістің ауылы жақын дегенді білдірмесе керек. Фавориттер екі голдан кем соқпайды деп сенеміз. Біздің болжам – 2:0. Францияның жеңісі.Әлем көз тіккен доданың ойындарына қатысты ой толғауға әркімнің-ақ таласы бар. Ендеше, ертеңгі матчтарға болжам жасап, 8 705 526 01 88 ватсап номеріне шұғыл жолдаңыз. Үздік болжамдар газеттің келесі санына жарияланады. Айтқаны айдай келген тапқыр оқырманға редакцияның арнайы сыйлығы бар екенін ұмытпаңыздар.      

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button