Дүниеқоңыздық дертінен қалай құтылуға болады?
Астыңғы қабатта тұратын көрші келіншекпен қатты араластығымыз жоқ болса да, анда-санда көрген жерде тілге келіп, сөйлесетініміз бар. «Көресінді енемнен көрдім» деді ол бұл жолы мұңайып. Үндемедім. Ене мен келін арасындағы сол баяғы бітпейтін дау ғой деп ойладым іштей. Десе де, бұл жолғы әңгіменің жөні мүлдем басқа екен. Көрші келіншектің айтысына қарағанда, енесі ұсақ-түйек, керек емес дүниенің бәрін үйге жинай беретін көрінеді. «Үйіміз үй емес, тура бір үйінді дерсің. Екі бөлмелі үйде аяқ алып жүру азапқа айналды. «Сіз журналиссіз ғой, ақылыңызды айтыңызшы, не істеймін?» деп сұраулы жүзбен маған қараған көрші келіншекке не дерімді білмей, тосылып қалдым.
Плюшкин синдромы деген не?
Шынында да, кейбіреулер үйіндегі керек емес дүниені далаға шығарып әлек болып жатса, керісінше енді біреулер даладағы қоқысты үйге тасып әуре болып жүреді. Соңғы кездері қоқыс жәшіктерін ақтарып жататындарды да көзіміз жиі шалып қалатын болып жүр. Олардың ішінде күнін көре алмай жүрген қайыршылар ғана емес, сырт қарағанда жағдайы жақсы адамдар да бар. Сондай кездерде қоқыс жәшігінен бұлар не іздейді екен деп еріксіз ойлайсың. Жалпы, «қоқысқа деген құштарлық» бұл хобби ма, әлде ауру ма? Көрші келіншектің әңгімесінен кейін мен бұл мәселеге терең бойлағанды жөн көрдім.
Сөйтсем, бұл кәдімгі дерт екен. Осынау ауру түрі әсіресе психиатрларға жақсы таныс. Тіпті медицинада әртүрлі атауы да бар. Солардың бірі – «Диоген синдромы». Десе де, бөшкені паналаған ерте замандағы грек философына байланысты қойылған бұл атаумен кейбір зерттеушілер келіспейді. Өйткені, «бөшкеде күнелту арқылы Диоген өмірдің мәнін терең түсінуге талпынды» дейді олар. Салтанатты сарайда тұрса да, бөшкеде күнелтсе де, адам өз қасиетін жоғалтпауы тиіс.
«Қоқысқа құштарлық» дерті кейде Гогольдің «Өлі жандарындағы» кейіпкердің атымен «Плюшкин синдромы» деп те аталады екен. Ал психиатр мамандарға бұл дерт «месси синдромы» деген де атпен белгілі. Ағылшын тілінен аударғанда «messy» сөзі кір, лас дегенді білдіретін көрінеді. Шынында да, әлдебіреулердің керексіз санап, күресінге лақтырып тастаған дүниесін керемет бұйым көріп, үйіне тасып, аядай үйдің ауасын тарылтып, тар жерді «тамаша» ететін кейбір жандардың бұл қылығын қалай түсінуге болады? Жалпы, «біреудің қаңсығының біреуге таңсық» көрінетіні несі?
Жасы ұлғайған жандардың арасында жиі кездеседі
Мамандар бұл дерттің адамның жасына да, әлеуметтік жағдайы мен жынысына да ешқандай қатысы жоқ екенін айтады. Қоқысқа, керексіз дүниеге құмарлық дертінің асқынуына көбіне-көп психологиялық жағдай да себепші болуы мүмкін. Мысалы, өмірдегі ең жақын адамын жоғалтқан адам ол туралы естеліктерді санасынан өшіргісі келмейтіні, оның қандай да бір затын көзінің қарашығындай сақтағысы келетіні анық. Сонымен қатар, аталған синдром белгілері көбіне жасы ұлғайған адамдардың арасында да көп кездеседі. Әсіресе, 65 жасқа келгендердің шамамен 3-5 пайызы «Плюшкин синдромына» шалдығады екен. Мұнымен қоса бұл ауруға маскүнемдікке салынған, басынан зақым алған, дағдарысты жағдайды басынан кешкен жандар да көп ұшырайды.
Тіпті, тұрғындары бай, ауқатты деген Германияның өзінде «месси синдромының» белгілері 2 миллиондай адамда байқалса, ал алпауыт мемлекет АҚШ-та олардың қатары 3 миллионға жуықтайтын көрінеді.
Шетелде ғана емес, бұл дерт біздің елімізде де көп кездеседі. Тіпті, байыптап қарасақ, көпшілігіміздің жақын-жуықтарымыздың арасында да әртүрлі заттардан «коллекция» жинайтындар, ескі-құсқыны көзі қиып, тастауға қимайтындар бар.
– Біздің үйде ескі-құсқы дүниелер көп. Тозығы жеткен диван, сервант, радио дейсіз бе – бәрі бар. Олардың барлығы да заманында бағалы бұйымдар болғанымен, қазір сәннен шығып қалған. Үйге жаңа дүние алғымыз келеді, әрине. Бірақ, қоятын жер жоқ. Ескі дүниелерді шығарып тастайық десек, әжеміз ойбай салады. «Оны шығарғанша, мені далаға лақтырып тастаңдар» деп айқайға басады. Содан кейін сол кісінің ырқына бағынып, қоя қоямыз. Бәлкім, сол дүниелермен бірге жасап келе жатқан соң да, лақтырып тастауға қимайтын шығар, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Шыныбек Бектеміров.
Ал Айдана есімді Семей қаласының тұрғыны өзінің пәтерінің темір-терсек, саймандарға толы екенін айтады.
– Өзіңіз білесіз, Семейде көп жұмыс жоқ. Сенгеніміз – жеңіл көлігіміз. Күйеуім адам тасып, таксист болып, бір үйлі жанды асырап отыр. Бірақ, ескінің аты ескі ғой. Жиі бұзылады. Күйеуім де көлігін жөндеуден шаршамайды. Тіпті, көзіне темір-терсек, саймандар түссе, үйге таси береді. Шкафтың іші, төсектің асты – бәрі толған сайман. Күйеуіме айтпай, лақтырып тастайын десем, бір күні керек болып, іздеп қалар деп ойлаймын. Бір күні осы темір-терсектің астында қалатын шығармыз, – дейді ол.
Жарайды, ауылды жерде тұратын адамдар үшін бұл мәселе аса өзекті болмауы мүмкін. Өйткені, лақтыруға көз қимайтын, бірде болмаса, бірде керек болып қалар, қажетіме асар деген дүниелерді гаражға, иә болмаса қораның бір бұрышына да үйіп қоя салуға болады. Ал қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін бұл – өте өзекті мәселе. Өкініштісі, айналдырған екі-үш бөлмелі пәтерді қоқыс жинайтын қоймаға айналдырып отырғандар жетерлік. Тіпті, кейбіреулерінің үйіне кіру де мүмкін емес. Көр жерді жинай бергеннен соң, ондай пәтерлерде тазалық та болмайды. Мұндайда тарақан дейтін жәндіктің жаны кіреді. Айналаны жағымсыз иіс жайлайды. Ал олардың мұндай әрекеттерінен көбіне көршілері зардап шегеді.
Германияда арнайы орталықтар бар
Жалпы, мамандар бұл дерттен құлан-таза айығып кету мүмкін болмаса да, адамға көмек көрсетуге болатынын айтады. Өркениетті елдерде, мысалы, Германияда қоқыс жинаумен айналысатын адамдарды сауықтырумен айналысатын арнайы орталықтар, қолдау көрсету топтары мен әлеуметтік қызметкерлер бар екен. Бізге де сондай қызмет түрлері керек-ақ. Десе де, арамызда артық дүниені ағайынына беріп, не болмаса қарттар үйі мен балалар үйіне таситын қайырымды жандар баршылық.
– Ақшаның бар, жағдайдың жақсы кезінде сырт киімдерді де, костюм-шалбарларды да қос-қостан ала берген екенбіз. Тіпті, кейбіреулері сол күйі киілмеген қалпында тұр. Таяуда соның бәрін реттеп, кимейтін киімдерді ауылдағы туыстарға жібердім. Ауылдағы туыстар қуана-қуана қабыл алды. Бір түрлі олардың қуанғанын көріп, өзім де жеңілдеп қалдым, – дейді газетіміздің тұрақты оқырманы, өскемендік Үмітхан Нұрғалиев ағамыз. Сондай-ақ, банкте әжептеуір қызмет істейтін Құралай есімді өскемендік замандасымыз үйіндегі ұсталған жиһаздар мен киілмейтін киімдерді айналасындағы жағдайы төмен жандарға беретінін айтады.
– Бірде үйдегі төрт-бес жыл ғана ұсталған диванымды күресінге лақтыруға қимай, жұмыста еден жуатын апайға беріп едім, қатты қуанып қалды, – дейді ол.
– Ана бір жылы жазда үйдегі біраз кимейтін киімдерді Ресейдің Алтай өлкесінде болған су тасқынынан зардап шеккендерге беріп құтылдым, – дейді қала тұрғыны Зинаида Егорова. – Қалада Алтай өлкесінде су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетемін деушілерге арнайы пункт ашылды. Қол ұшын созған халық көп болды. Үйде басы артық затың болса, сондай жерлерге өткізген дұрыс.
Жалпы, мұндай іс-әркетті психологтар да қолдайды. Керек емес, ескі дүниеден арылу жаңаға жол ашады екен. Қажетсіз мүлік молшылыққа барар жолдағы ең басты кедергілердің бірі көрінеді. Байығыңыз келсе, үйді барынша үйіліп жатқан ескі-құсқы дүниелерден тазартқан жөн. Өйткені, үйдегі дүниелердің бәрінің де өзіндік қуаты бар. Кейде ескі-құсқы заттардың көп жиналып қалуы сол үйде тұратын адамдардың денсаулығына да кері әсер ете бастайды. Сондықтан тұрмыста пайдаланбайтын керексіз заттарды реттеп отырғанның пайдасы зор көрінеді.
Р.S. Десе де, кейбір мамандар бұл қасиеттің барлық адам баласына тән екенін айтады. Бүгінде әлемдегі атағы жер жарған музейлер осындай «коллекционер» адамдардың ерен еңбегінің арқасында пайда болып, қалыптасты, дейді олар. Бұл арада түрлі значоктар мен маркалар, тиындар, қуыршақтар мен сирек кітаптар және тағы да басқа дүниелерді жинайтындардың жөні бөлек. Бірақ қажетті дүниені қажетсізден айыра білген де абзал.
Мейрамтай Иманғали