«Дүниені дүбірлеткен жеті дода»

Спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген белгілі журналист, жерлесіміз Оңдасын Елубайдың кезекті кітабы жарық көрді. Алайда бұл кітаптың бұрынғыларға қарағанда жөні бөлек. Олай дейтініміз, түрлі-түсті фотоальбом жинағы ретінде жарық көрген «Дүниені дүбірлеткен жеті дода» деген атауға ие туынды қазақ баспасөзі қарашаңырағының бірі – «Қазақ спорты» басылымының 60 жылдық мерейтойына орайластырылып шығарылған екен.
Бұл кітап несімен құнды? Алдымен, автордың өзі барып, көзімен көріп қайтқан жеті Олимпиададан сыр шертетін сапарнама, деректі әңгіме, көркем очерктерімен, ал одан кейін тарихи фотосуреттерімен құнды деуге болады. Мұны жинаққа баға берген «Қазақ спорты» газетінің бас редакторы Дүрәлі Дүйсебай да тілге тиек етеді.
«Бұл дүниенің өн бойына барлық жанр, барлық пішін сыйып кеткендей. Жинақта сурет көп, олар – автор болып қайтқан жеті доданың өзі көріп, өзі сезіп, елге қажетті-ау деп түсірген, түсіртіп алған суреттері ғана емес, ел спортының бүгіні, ертеңін де бейнелейтін көріністер. Оңдасынмен бірге құдды бір осы жарыстардың басы-қасында өзің жүргендей сезінесің. Жинақ осысымен де құнды. Бұл – жер шарының жеті бұрышын алаңсыз аралаған спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұлов ағасы мен замандасы, жиырмаға тарта Олимпиада, Азия ойындары мен Әлем чемпионаттарына қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбаевтан кейін тамашалау кез келгеннің маңдайына жазыла қоймаған талай халықаралық іргелі спорттық сын-сынақтар мен төрт жылдың толағай жарыстарының жетеуін өз көзімен көріп қайтқан Оңдасын Елубай секілді жиһангер қаламгердің кезекті кітабы» деп жазады Дүрәлі Дүйсебай мырза.
Аты айтып тұрғандай, жаңа жинақтың негізгі бөлігі Олимпиада ойындарына арналған екен. Кітапта автордың әр жылдары жарық көрген «Жанарымда – жасыл құрлық», «Ежелгі Эллада елінде», «Турин тағылымы», «Панда қуанған жаз», «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу», «Сочиде күн ыстық», «Когуре елі» сияқты еңбектерінен үзінділер келтіріліп, сирек фотосуреттермен айшықталған. Оқырман қауымды әсіресе «Жиырма жыл зарықтырған алтын», «Тотыдай таранған Грекия», «Жұмыр жерде жаттық жоқ», «Тас қалада бас айналды», «Ұрымдағы ұмытылмас сәттер», «Кеден ашық-шашық», «Қазақтар жасыл құрлықта», «Полторанин неге жылады?» секілді тақырыптары еріксіз өзіне тартып тұрады. Бұл бергі жағы ғана. Кітап беттерін ақтарсаңыз, мұндай тақырыптың түр-түрін кездестіресіз.
«Бұдан кейін кітапқа үңілмей көріңіз. Жалпы, кітап тарауларын оқып отырып байқағанымыз, автордың сөз қолданысы қарапайым. Салалас құрмаласты араластырып, сала құлаш сөйлем жазып әуре болмайды. Сосын әлемнің қай жерінде, қай түпкірінде жүрсе де, айналасынан мейір іздейді, ағайындарын санап жүреді. Австралия топырағында жүріп, Қытайда туып-өскен, бүгінде сонау ит арқасы Сиднейде тұратын Жанар Мұқанқызы деген қарындасымызды тауып алады, әңгімелеседі, сосын бізбен таныстырады. Осынау жасыл материкте қазақ баласының аяғы тиіп, тұрып жатыр дегенді өз басымыз естіген емеспіз. Бұл да журналистің сезімпаздығы, жылт еткен жаңалықты іліп алып жүретін жанкештілігі деп білдік» деп жазады кітап рецензенті.
Иә, Оңқаңның бір ерекшелігі де осы, ол тек өтіп жатқан немесе мәресіне жеткен жарысты жазумен ғана шектелмейді. Оқырманға өзі сапарлап қайтқан елі, жері, ондағы халықтың әдет-ғұрпы мен тарихы жайында мәлімет бере кетуді ұмытпайды. Кітапта осындай танымдық дүниелер жетіп артылады. Автордың тілі де жатық. 370-ке жуық беттен тұратын туынды ерекше жылы, әсерлі жазылған. Журналист әр оқиғаны қысқа да нұсқа, санаға жақын, қазақи пайымдармен өрбітіп отырады. Басы артық сөз жоқ.
Осы ретте, жинақтың «Кенді Алтайдағы кешенді өзгерістер», «Ауылдағы Әлем кубогы», «Туған жерге – тағзым», «Әлем чемпионы ауылда тұрады», «Мақсат – мақсатыңа жет!», «Алпысқа алқынбай жеткен «Қазақ спорты» атты тараулары да әсерлі жазылғанын айта кеткен жөн. Қысқасы, жаңа туынды спорт десе ішкен асын жерге қоятын барлық жастағы оқырманға қызықты болатыны сөзсіз.
Сәрсен Қабылым