Қоғам

Дүниеге үшем келді

Дүниеге үшем келді


Бұл хабарға көптен бері мұндай жаңалықты естімеген аудан жұртының құлағы елең ете қалған еді. Сарыөлең орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Күнкенқызы үш бірдей сәбиді дүниеге әкелді. Шаңырақ иесі Әзімбек Назарбекұлының бұрын да екі қызы бар-тын, енді үйі шынымен толығып, ақар-шақар іргелі отбасына айналды. Ауылдас ағайын-жұрт Әзімбек пен Майраны шын пейілдерімен құттықтап, бұл игіліктің аудан жұртының ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының өсіп-өркендеуіне қосылған үлкен үлес екендігін баса айтып жатыр.

– Сәбилердің денсаулықтары жақсы, – дейді Майра қысыла жымиып, – әрқайсысының салмағы – 2 келіден асады. Өскемендегі Ана мен бала орталығына 15 қыркүйекте барып жатып, мұқият емделіп-күтіндім, ақырында бәрі де сәтті өтті. Құрсағымда үш нәресте жатқанын естіген орталықтың меңгерушісі, білікті дәрігер Раушан Тұрғанбаева мені бастан-аяқ өзі қадағалап, ақыл-кеңесін айтып, білгенін үйретіп, барынша қамқорлық жасады. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Сонымен бірге, Сарыөлең ауылдық дәрігерлік амбулаториясының акушері Нұрбәтима Серікбаева апайыма да ризамын. Әу бастан қарамағына алып, дұрыс нұсқау беріп, алдын ала облысқа баруға кеңес берген де сол кісі болатын.

Ағайын-туғанның бұл қуанышқа ортақтасып, мәре-сәре болып жатқанын көзбен көріп, көңілмен түйсінген біз де шын көңілден шыққан ықыласымызды білдіріп, риясыз тілегімізді айттық. Үлкендер кеңесе келе үш ұлдың атын Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп қоюға пәтуаласқан екен. Бұл тарихи есімдердің көптің көңілінен шыққаны айтпаса да түсінікті еді. Ал енді 6 жасар Мәрмәр мен 3 жастағы Ақботаның кішкентай бауырларына қамқор әпке болатындарына еш күмән жоқ.

Қытайдың Алтай аймағы Қаба ауданында туып-өскен екі жас 2004 жылы атажұртқа келіп, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың дайындау курсына оқуға түскен екен. Оны тәмамдаған соң, Алматыға барып, Майра Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетіне, ал Әзімбек Политехникалық институтқа оқуға түседі. Оқуларын жақсы оқып бітірген екеуі 2010 жылы шаңырақ көтеріп, үй болыпты. Содан бері Сарыөлең ауылында түтін түтетіп отыр. Әзімбек қазір аты аудан тұрғындарына жақсы таныс табысты кәсіпкер.

Осылайша, бүкіл аудан көлеміне елеулі жаңалық болып тараған игі хабарды қалың жұрт сүйінішпен қабылдады. Лайым, жастарымыздың дені сау, ұрпақты болып, халқымыздың саны артып, мерейі өсе бергей!

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button