Қоғам

Діни уағыз мақсатты жүргізілмесе, нәтиже бермейді

Өңірде жүзден астам мешіт қызметкерінің тиісті жоғары білімі жоқ. Әсіресе, ауылды жерлердегі имамдар орта мектеп білімімен-ақ елге насихат жүргізіп жүр. Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде осы мәселе көтеріліп, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ оны білікті теологтар шақыру арқылы шешу керектігін атап көрсетті.

Биыл елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдар бағдарламасы өз жұмысын аяқтайды. Облыс басшысы төрт жылда атқарылған жұмыстың көбі формальды сипатта жүргенін ашық айтты.

-Идеологияға экономиканың сандық көрсеткіштері жүрмейді. Дін саласында қанша адамды қамтығандарыңыздан бұрын, қандай топтармен жұмыс істегендеріңіз маңызды. Дәстүрлі дінге бой ұсынғандарды уағыздап қажеті жоқ. Олар онсыз да теріс ағымға кетпейді. Сондықтан мен секторлық тәсілмен, нақты мекенжайлар бойынша жұмыс істеу жөнінде тапсырма бергенмін. Бұл жерде жергілікті әкімдердің де кінәсі бар. Нақты табысы, тұрақты жұмысы болмаған соң әлеуметтің әлсіз топ мүшелері бөгде мақсаттағы топтардың «көмегіне» жүгінуге мәжбүр. Сондықтан бұл іске аса маңыз беріп қараңыздар, – деді облыс әкімі.

Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айтқұрман Тұрғанбаев жер-жердегі молдалардың жоғары білімі жоқ екенін мәселе етіп көтерді.
-Облыс бойынша 150 мешіт қызметкерінің тиісті жоғары білімі жоқ. Соның басым бөлігі тек орта білімді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін имамдарды «Нұр-Мүбәрак» және Қазан университеттерінде оқытуды жоспарлап отырмыз. Жергілікті университет қабырғасынан дін істері және тарихы бойынша бакалавр мен магистратура топтары ашылса деген ұсыныс бар, – деді басқарма өкілі.

Өңір басшысы діни қызметкерлердің біліктілігін әлемнің үздік теологтарын шақырту арқылы көтеру жағын ойластыруды тапсырды.
Күн өткен сайын Қазақстан халық Ассамблеясының жұмыс аясы кеңейіп, сипаты өзгеріп келеді. Өткен жылдан бері бұл институт медиациялық және меценаттық жұмыстарды үйлестіруші күш ретінде бекітілген. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін этно-мәдени бірлестіктер құрамын жаңарту керек. Әсіресе, жастардың белсенділігін арттыру ауадай қажет. Бұл істе Глубокое ауданының жұмысын үлгі еткен А.Нұрғазиев аудандық Достық үйі жанынан дүнген және әзірбайжан ұлтының бірлестіктері құрылғанын үлкен жетістік ретінде атады. Аймақ басшысы Ассамблеяның медиациялық шараларға белсенді араласуын жоғары бағалап, арағайындық жол қазақ дәстүрінде ежелден бар екенін атады. Аймақ басшысы бұл іске тартылған Ассамблея мүшелерін заң негіздеріне оқыту қажет деген ұсыныс та айтты.

Жиында орман шаруашылығы мекемелерінің маусымға дайындығы да сөз болды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов облыстағы орман қауіпсіздігіне жауапты 13 мекеменің де материалдық-техникалық базасы жұтап тұрғанын айтады. Сала қызметкерлерінің саны министрлік бекіткен штаттық нормативтің 63 пайызын ғана құраса, техникалық жабдықталу деңгейі 47 пайыздан аспайды. Ұсақ жабдықтарды айтпағанда, 35 трактор, 17 өрт сөндіргіш, жеті патрульдік көлік қажет. Басқарма облыс бюджетінен жеті өрт мәшинесі мен төрт шынжыртабан сатып алу үшін қаржы сұрап отыр. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл ұсынысты нақтылап, қаржы бөлуге болатынын атады. Аталмыш шаруа облыс әкімінің орынбасары Д.Мусинге жүктелді.

Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button