Қоғам

Дінге де, денсаулыққа да ден қойып жүр

     Дінге де, денсаулыққа да ден қойып жүр

-Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бағыт-бағдар беруімен ауданымызда көптеген игі істер атқарылуда. Негізінен біз қазір төрт бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деп бастады әңгімесін Үржар аудандық мешітінің бас имамы Нұрзат Қасымұлы. – Олар – уағыз-насихат, қайырымдылық, жат ағымдармен күрес, сауат ашу курстары. Әуелгі бағыт жөнінде айтар болсақ, мектептерде, басқа да қоғамдық орындарда уағыз-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қайырымдылық бағытында да бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Ауданымыздағы көмекке зәру адамдарға жәрдем беру – әрдайым жіті назарымызда. Жат ағымдармен күрес мәселесіне де ерекше мән беріледі. Сауат ашу курстарының нәтижелері де жаман емес. Облыс бойынша сауат ашу курстарында оқытылып жатқан шәкірттердің ең көбі Үржар ауданынан десем қателеспейтін шығармын. Қазір Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде бес шәкіртіміз оқып жатыр. Павлодар мен «Нұр Астана» мешіттерінің медреселерінде тәлім алып жатқан шәкірттеріміз де бар. Екі шәкіртіміз Сарыағашта оқуда жүр.
Өзге өңірлерде діни білім алып жатқан шәкірттердің келіп-кету шығынын, тұратын жатақханаларының төлемақысын да аудандық мешіт өз мойындарына алған көрінеді. Нұрзат Қасымұлының айтуынша, аудандық мешітте сауат ашу курстары аптасына үш уақ жүргізіледі. Былтыр аудандық мешіт үздік оқыған шәкірттерінің бірін Мекке мен Мединеге кіші қажылыққа жіберген екен. Сонымен қатар Айтбай мешітінде құран оқудан жарыс өтіп, ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылыпты.

     Дінге де, денсаулыққа да ден қойып жүр

– Жасыратыны жоқ, бүгінде ислам діні туралы жат көзқарастардың белең алып бара жатқаны рас. Ислам десе жұрт үрке қарайтындай жағдай қалыптасты. Қазақ әзелден сөздің қадірін білген, жөн сөзге тоқтаған халық қой. Сондықтан да асыл дінімізді халыққа дұрыс түсіндіру мақсатында осы мүшәйраны өткізуді жөн деп таптық. Мүшәйраға 18 бен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты. Бірінші орынға 70, екінші орынға 50, үшінші орынға 30, әр қатысушыға 5 мың теңгеден сыйақы тағайындап, түрлі аталымдар бойынша марапаттадық, – дейді бас имам.

     Дінге де, денсаулыққа да ден қойып жүр

Жақында Мәуліт мерекесі мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Жігіт сұлтаны» байқауы ұйымдастырылыпты. Имамның айтуынша, бұл байқау жастарды ауызбіршілікке шақыру, дінді оларға дұрыс түсіндіру, діни білімдерін көтеру һәм ұлттық дәстүрлерді ұлықтау мақсатында өткізілген.

     Дінге де, денсаулыққа да ден қойып жүр

Үржар ауданының Елтай ауылында туып-өсіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш медресесінде тәлім алған Нұрзат Қасымұлы былтыр қажылық сапарға барып, мұсылманның бес парызының бірін өтеп қайтыпты. Әңгіме барысында алты баланың әкесі атанып отырған бас имамның спортқа да бір табан жақын екенін аңғарғандай болдық. Имамның пікірінше, жастарға үлгі-өнеге көрсету, имандылыққа тәрбиелеу, тек уағыз айтумен ғана шектелмеуі тиіс.
– Дін дегенді тек уағыз айту, намаз оқу деп қана қабылдамау қажет. Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы да дінді дәріптеуге болады. Мәселен, біздің мешіттің қызметкерлері мен жамағаттары аптасына үш рет футбол ойнап тұрамыз. Бұл да бір татулыққа үндейтін дүние ғой. Ауданда жарыстар өтсе, мешіт атынан команда шығарылып, қатысып отырады, – дейді Нұрзат Қасымұлы.
Аудандық мешітке 19 ауылдық округтің имамдары қарайды екен. Үржар ауданында ұзын саны 29 мешіт бар болса, соның көпшілігі тіркеуден өтіпті. Аудандық мешітке былтыр аудан әкімінің қолдауымен күрделі жөндеу жүргізіліпті. Жеке кәсіпкерлер де мешітке жәрдемдесіп, көмек қолын созып тұратын көрінеді.
-Мешітіміздің мешітке ұқсап тұрғаны сол кәсіпкер азаматтардың арқасы. Қыста жағатын көмірімізге дейін түсіріп береді. Тілеуқабыл, Рымжан, Ғани секілді ағаларымызға алғысымды білдіргім келеді, – дейді имам.
Бас имаммен әңгімелесіп, аудандағы діни ахуалға біршама қаныққаннан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің дін саласына жауапты маманы Ерболат Мұхамеджанмен аз-кем пікірлестік.
Былтыр ауданда дін мәселелері бойынша облыстық конференция өтіп, шараға келген дін саласының білікті мамандары шалғайдағы ауылдарға арнайы барып, өзекті мәселелерді талқылапты. 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бағдарламасы аясында ауданда екі жүзден астам кездесу өткізіліп, оған өңірдің 5 мыңнан астам тұрғындары қатысқан. Осындай деректерді жіпке тізген Ерболат Мұхамеджан аудан әкімдігінің өңірдегі мешіттерді қолдауға айрықша көңіл бөліп отырғанын жеткізді. Мәселен, былтыр аудан әкімі Серік Зайнулдиннің тікелей ықпалымен, яғни, кәсіпкерлерді жұмылдыруымен Таскескен ауылындағы мешіттің имамы баспанамен қамтамасыз етілген екен. Бас маман аудандық мешіттің көптеген ізгі істерге ұйытқы боп жүргенін, әсіресе, жастар мәселесіне жіті назар аударып отырғанына ерекше тоқталды.
-Кез келген мерекеде мешіттің тікелей мұрындық болуымен, қаржылай қолдау көрсетуімен футбол турнирі ұйымдастырылып тұрады. Жүлде тігіледі. Аудандық мешіт қызметкерлері осындай спорттық шараларды ұйымдастырып қана қоймайды, өздері де спортпен шұғылданады. Аудан орталығындағы спорт модулінде мешіт қызметкерлері мен жамағаттарының жиі жүретініне жұрттың көзі үйренген деуге де болады. Модульге өзім де жиі барып тұрамын. Барған сайын мешіттің молдалары мен шәкірттерін көремін. Бірі күресіп жатады, бірі доп теуіп жүреді. Жастарға бұдан артық қандай үлгі-өнеге керек? Молда десе, жұрттың көбі қатымға немесе жаназаға келіп, құранын оқып қайтып кететін адамды көзге елестететіні рас. Біздің ауданда мұндай стереотип бұзылды деуге болады. Мұны мешіт пен аудандық әкімдіктің бірлескен жұмысының нәтижесі деуге болатын шығар, – дейді Ерболат Мұхамеджан.
«Арық айтып, семіз шыққанды» жөн көретін болуы керек, Нұрзат Қасымұлы бізге атқарған жұмыстарының біршамасын айтпаған екен. Мұны Ерболат Мұхамеджан толықтырды.
-Қайырымдылық шараларын үнемі ұйымдастырып отырады. Мешітке көмек сұрап келген адамның меселін қайтармауға тырысып жүреді. Мұны өз басым бір емес, бірнеше рет байқадым. Нұрзат Қасымұлының артықшылығы дейміз бе, кемшілігі дейміз бе, атқарған шаруаларын көп ешкімге жария етпейді. Бір ғана мысал айтайын, жақында аудандық мешіттің тікелей араласуымен Бірінші май ауылының баспанасы жоқ бір тұрғынына үй берілді. Мұны мақтаныш ретінде емес, өзгелерге үлгі ретінде айтқан дұрыс шығар, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button