Дінаралық татулықтың үлгісін көрсетіп келеміз

Радикалды әрі экстремистік идеологияларға қарсы тұру шаралары және ішкі тұрақтылықтың тұғыры – рухани құндылықтарды насихаттау жұмыстары жаңа форматта жандануы қажет. Бұл ойлар рухани келісім күніне орай Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкинаның төрағалығымен өткен келелі жиын барысында айтылды.

Іс-шараны ашқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Ирина Ровнякова қазақстандық қоғам моделінің нық қалыптасып қана қоймай, өзге елдерге үлгі-өнеге болып отырғанын атап көрсетті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі желісі де халықаралық достық пен дінаралық толеранттылыққа құрылған. Биылғы Жолдаудың өзегі де – ұлт бірлігі.
Салтанатты жиынға келген көпшілік, түрлі қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, ұстаздар қауымы, жастар, атқарушы билік өкілдері өзекті мәселе жайында өз ойларын ортаға салды. Қоғамдық келісім министрлігіне қарасты дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының маманы, дінтанушы-ғалым Галина Новикова өз баяндамасында еліміздегі діни ахуалға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2012 жыл елде 46 конфессияға қарасты 4 мыңнан астам діни бірлестік болған, қазір 18 конфессияға қарасты 2818 бірлестік тіркеуде тұр.
Жиынға қатысушылардың барлығы дерлік келісімнің бізге көктен берілген сый емес екенін, сол келісімнің негізінде қарапайым қазақстандықтардың күнделікті еңбегі, ымырашылдығы мен төзімділігі жатқанын атап көрсетті.
Осы ойды жалғастырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері Алтынбек Ұтысханұлы өз тараптарынан ел тұрақтылығын нығайтуға үлес қосып келетіндіктерін жеткізді.
Қазақстанның православ шіркеу істері жөніндегі жетекшісі, Қаскелең епископы Геннадий жаңа технологиялардың адам өміріне ықпалы қауіпті екенін айтты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да дәстүрлі дінді зайырлы қоғам құрылымымен ұштастыра насихаттаудың жаңа тетіктерін қарастыруда екен.
– Қазіргі діни ағарту жұмысы әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланудан басталады. Үлкені бар, кішісі бар, барлығы да әлеуметтік желіні пайдалану арқылы әртүрлі ақпараттар алып сауаттарын көтеруде. Сол себепті біздің басты міндетіміз «Хикмет» атты жаңадан ашқан студиямызды пайдалану арқылы шағын видео, аудио роликтерді шығарып, халыққа насихаттау болмақ. Осы бағытта сапалы әрі жылдам насихат жұмыстарын істесек, халықтың діни сауатын көтере аламыз. Ол үшін ҚМДБ-ға қарасты барлық қызметкерлерге әлеуметтік желілерде белсенді түрде жұмыс жүргізуді тапсырудамыз, – деді Алтынбек Ұтысханұлы.
Іс-шара соңында дінаралық келісімді нығайтуға қосқан үлестері үшін жеті адам Өскемен қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ержан Әбіш