Дін істері басқармасына жаңа басшы келді
Облыс әкімінің өкімімен Бейбіт Әшімов облыстық дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалды. Жаңа басшыны басқарма ұжымына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова таныстырды.
Бейбіт Әшімов 1980 жылы 8-тамызда Күршім ауданында дүниеге келген. 2001 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Дүниежүзі тарихы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Оқуын бітірген соң, туристік фирмада агент болып жұмыс істеді. 2005 жылы мемлекеттік қызметке орналасты. Күршім аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, облыстық ішкі саясат департаментінің ақпарат саясаты және БАҚ-қа мониторинг жасау бөлімінің бас маманы болып қызметтер атқарған.
2008-2011 жылдары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық-саяси бөлімге жетекшілік етті. 2011 жылдан бастап Күршім ауданы, Теректі ауылдық округі әкімінің орынбасары, облыстық дін істері департаментінің бас маманы, облыс әкімінің аға инспекторы секілді лауазымды қызметтер атқарды.
2012 жылдың қыркүйек айынан облыстық дін істері басқармасының басшысы қызметіне тағайындалмай тұрып, облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет мониторингі бөлімін басқарған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі