Қоғам

Дмитрий Рейхерд – Әлем кубогының күміс жүлдегері

Дмитрий Рейхерд – Әлем кубогының күміс жүлдегері


Францияның Межев өңірінде фристайлдың могул түрінен Әлем кубогының шешуші кезеңі өтті. Бұл жарысқа жерлестеріміз Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков та қатысқан болатын.

Жалпы, биылғы маусым шығысқазақстандық могулшылар үшін ерекше табысты болғанын айта кеткен орынды. Мәселен, Юлия Галышева отандық спорт тарихында тұңғыш рет фристайлдың могул түрінен Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған-ды. Ал сол Пхенчхан Олимпиадасында жолы болмаған тағы бір жерлесіміз өскемендік Дмитрий Рейхерд есесіне Әлем кубогы кезеңдерінде жасындай жарқылдап жүр. Биылғы маусым аясында өткен 10 кезеңнің тек үшеуінде ғана жүлделі орындарға іліне алмаған Дмитрий қалғандарында міндетті түрде үздік үштіктен көрініп отырды, төрт рет – күміс, үш рет қола жүлдегер атанды. Осы көрсеткіштерінің арқасында жерлесіміз 585 ұпай жинап, қорытынды есепте жарыс жеңімпазы атанған канадалық Микаэль Кингсбериден кейінгі екінші орынға тұрақтады. Айта кетейік, мұндай зор жетістікке Қазақстанның бірде-бір фристайлшысы жетіп көрмеген.

Ал Межевте өткен соңғы кезең аясындағы жұптық могул сайысын Рейхерд бесінші болып аяқтады. Жарысқа қатысқан тағы бір жерлесіміз Павел Колмаков бұл жолы бар болғаны 15-ші нәтиже көрсетті. Барлығы 153 ұпай жинаған Павел қорытынды есепте де дәл сол 15-ші орынға орналасты.

Қыздар арасында өнер көрсеткен Юлия Галышеваға да биылғы Әлем кубогының жүлдесі бұйырмады. Франция жеріндегі кезеңде алтыншы орынға табан тіреген Олимпиада ойындарының қола жүлдегері қорытынды есепте де алтыншы сатыға тұрақтады. Юлияның еншісінде 420 ұпай.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button