Қоғам

ДӘМХАНАЛАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕГБІРІН ҚАШЫРЫП ТҰР

 ДӘМХАНАЛАР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕГБІРІН ҚАШЫРЫП ТҰР

Жергілікті полиция қалалық кәсіпкерлік бөлімімен бірге Семейде орналасқан барлық дәмханаларды тексеруден өткізді. Орналастырылған 17 шатырдың 9-ында тиісті құжаттары жоқ болып шықты. Олардың барлығы да алкоголь сатумен айналысқан. Заңсыз шатыр иелері бұл үшін айыппұл төледі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаз күндері шағым көп түсетіндіктен, дәмханалар мен мейрамханалар, жазғы шатырлар назардан бір мезет те тыс қалмайды. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Радик Сайфутдинов баспасөз мәслихатында да осы мәселе туралы айтып өтті. Бүгінде Семейдегі 17 шатырды тексергенде, 8-інің ғана құжаттары дұрыс болған. Қалғандарына полиция 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салыпты. Табиғат қорғау полициясының ұсынысымен жерді заңсыз алғандықтары үшін жер инспекциясы оларға тағы да 100 АЕК көлемінде айыппұл салды.
– Бүгінде әкімшілік сотқа барлық құжаттар өткізіліп жатыр, онда әрбір жазғы дәмханалар туралы жеке-жеке мәлімет бар, – деді Радик Сайфутдинов, – соттың сауда орнының иесіне заңсыз кәсібін жауып, айыппұл салған кездері де болған. Бұған қоса шатырлары мемлекет есебіне тәркіленген. Сондықтан кейбір «кәсіпкерлер» өздерінің заңсыз жазғы дәмхана шатырларын сот шешімін күтпей жинай бастапты.
– Біз «Сынбастау» қонақ үйі аумағындағы бес қабатты үйде тұрамыз, онда да жазғы дәмхана орналасқан,-дейді семейлік Әзиза Сахариева, – жаз басталған сайын полиция қызметкерлерін шақырып, дәмханадағыларды тыныштандыруды сұраудан мезі болдық. Онда мастар төбелесіп, біздің терезелеріміздің түбінде айғайласып, ұйқы бермейді. Тіпті, дәлелді болсын деп телефондарымызға түнгі төбелесті де түсіріп алдық. Айналадағы басқа да дәмхана, мейрамханаларда түніменен даңғырлаған даңғаза музыка мен мастардың айқайы үзілмей таңғы сағат үшке дейін жалғасады. Ұйқымыз қайта-қайта бұзылып, балаларымыз шошып оянып жатады.
– Тағы бір түнімен істейтін дәмхана бар, атын білмеймін,-дейді Оксана Петрова, – музыкаларының қатты шығатыны соншама, шамамен бір шақырым жердегі менің үйімнен, дәл қасымда тұрғандай естіледі. Айқайлаған дауыстар таң атқанша толастамайды.
– Осындай арыз-шағымдар бізге көп түседі, – дейді Радик Сайфутдинов, – Семейдің басқа ықшам аудандарының тұрғындары да шағынып жатады. Барлық полиция бөлімдері жұмадан жексенбіге дейін көңіл көтеру орындарын қатаң бақылауда ұстауға тырысады. Әр демалыс күндері қаланы 600 полиция қызметкерлері қорғайды.
– Жазғы дәмханалар мен мейрамханалар тұрғын үйлерден тыс жерлерде ашылу керек, – дейді сауданы дамыту секторының меңгерушісі Айжан Хасенова, – алкогольді өнімдерді сату үшін лицензия болуы шарт. Алкоголь өнімдерін, тіпті, сыраны да далада ішуге болмайды. Сондықтан қала кәсіпкерлерің осыған орай белгілі талаптарды орындаулары керек. Қажетті құжаттарын ретіне келтіргені жөн.
Айта кету керек, ішкі сауда ережелері бойынша, қоғамдық тамақтандыру нысандарының жазғы алаңдарын, дәмханаларды тұрғын үйлердің терезелерінің астында және тротуарларда орналастыруға тыйым салынған. Ал мейрамхана, дәмхана, кафе-бар, асхана тұрғын үйде орналасқан болса, олардағы дыбысты реттеу мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сай болуы керек.

Раушан Нұғманбекова

Семей

Осы айдарда

Back to top button