Әділжан ат әбзелдерін жасайды
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша екі миллион теңге алған аягөздік Әділжан Құлқаев елге қажетті кәсіппен айналысып, ауыл жұртының алғысына бөленуде.
Нарықтық экономика басталып, жұрт әрі-сәрі күйге түскен сәтте ерлі-зайыпты Әділжан мен Рағна аса саса қойған жоқ. Қолда барды жиыстырып, Шұбартау өңірінің Байқошқар ауылындағы ағайын-туыспен қоштасып, 2003 жылы бір-ақ күнде Аягөз қаласына қоныс аударды. Қолы іс білетін жігіт пен пысық келіншек мұнда да қарап жатқан жоқ, теріден қайыс тіліп, қамшы, жүген, өмілдірік, құйысқан, ноқта өрді. Кейбір өрімнің саны 18-ге дейін жететіні рас. Тіпті, бұлар ұзын қылып арқан да есіп шығарды. Бұларын екеуі базарға шығарып сатып, салт-дәстүрге оң көзімен қарайтын жұртшылық тарапынан алғыс ала бастады. Жап-жақсы шаруаның дөңгеленіп жүріп кетуі үшін енді қаржы жағы қолбайлау болған соң, Әділжан Құлқаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен екі миллион теңге несие алды. Әділжанның әкесі Жұмаш ақсақал да, оның әкесі Құлқай да темірден түйін түйген, алтын, күмістен сақина, білезік, шолпы соққан зергерлер, ағаштан ою ойған хас шеберлер болатын. Құлқай ақсақал Шұбартау өңіріне танымал бүркітші де еді. Әділжаннан үлкен Пермехан бірден ата жолын қуып, саятшылықты жанына серік етіп, бүркіт ұстады, қайыс тіліп өрім өрді. Әділжан қазір де Мамырсу ауылында бүркіт ұстайды. Оны айтасыз, зайыбы Ілиясова Рағнаның әкесі Әбсалам ағаш шебері болса, ағасы Талғат қолөнерші болғандықтан, екі жас бұлардан да тәлім-тәрбие алғаны ақиқат. Дегенмен, жас Әділжан өз жолымен жүруді қалады. Ол енді ат әбзелдерін жасап сата бастады.
– Бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан салтымыз болғандықтан, үлкен жауапкершілікпен қараймын,-дейді ол.- Мәселен, міне ертоқым. Салмағы – 8 келі. Ердің екі жағындағы қапталын қайыңнан шауып шығару үшін бірер апта кетеді. Сосын ердің екі қасына қапталдарды бекітеміз де қайыс таспалармен қосымша тартып тастаймыз. Кейін оның тебінгісін, үзеңгісін, белтартпасын, үзеңгі бауын (таралғы), тоқымын жасаймыз. Керек болса, өмілдірік пен құйысқанын таспалап өріп шығарып беруге болады. Бәйгеге арналған ертоқым жеңіл келеді де үш келі ғана тартады. Жүгенінде тұмсығы болмайды, шығыршығының үлкен болғаны жөн. Оның себебі, шауып келе жатқан жылқыны бұрғанда, шығыршық кішкентай болса, ауызға кіріп кетеді.
Былтырғы шілде айында алған екі миллион теңге несиені айналдырып, табысын тауып отырған екі жастың Үкіметке айтар алғысы шексіз.
-Үкіметтің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, жеңілдетілген несие беріп жатуы – өте құптарлық жайт. Ауылды жерлерге жастарды тұрақтандырудың бұл да бірден бір жолы десек болады. Бұл несиенің өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміздің шын несібесі екеніне көз жеткізіп келе жатырмыз. Қазір ата кәсібіміз біздің отбасының табыс көзіне айналып отыр, – дейді олар.
Нұржан, Маржан атты мектеп жасындағы екі баласы бар бұл отбасы бұл күнде Аягөз өңірінің халқы үшін ат әбзелдерін жасап, үлкен абыройға ие болып келеді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.