Руханият

Әділбек Абу-Дабиде жүр

Әділбек Абу-Дабиде жүр

Өнердің биікке жетелейтіні рас. Шеберлігімен Шығысты таңғалдырған семейлік Әділбек Нұрмұхамбетов сонау Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтіп жатқан халықаралық көрмеге жолдама алып, Шығыс Қазақстанды шартарапқа танытып жүр.
Әділбек Нұрмұхамбетов мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ ағаштан ою ойып, түйін түйе бастаған. Сол кездері үлкендер Әділбектен нағыз шебер шығатынына зор сеніммен қараған. Артылған сенім, үкілеген үміт ақталды. Ол орта білім алып, үлкен өмірге аяқ басқаннан кейін де ағаш оюды тастамады. Әділбек өнерден бөлек теміржол саласына да бет бұрады. Сіңірген маңдай терінің, еселі еңбегінің арқасында қатардағы теміржолшыдан станция басшысына дейін өседі.
Әділбек ағаштан астау, ожау сынды оюлы дүниелер ояды. Сондай-ақ, жабайы аңдардың мүйіздерін пайдаланып, түрлі кәдесыйлар жасайды. Ұлттық нақышта жасалған ыдыс-аяқтар кәдесый ретінде ғана емес, тұрмыстық мақсатта пайдалануға да жарай береді. Семейлік шебер облыстық, республикалық көптеген көрмелерде топ жарып, марапаттауларға ие болған. Алайда, Абу-Дабиде өтетін халықаралық көрмеге аттануы алғаш рет. Сондықтан ауқымды көрмеге қойылатын жұмыстарын мұқият таңдап алды.
– Маған сенім артып, Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтетін көрмеге жіберген облыс әкімдігіне, мұражай басшылығына рақмет айтамын, – дейді Әділбек Нұрмұхамбетов.
Таяу Шығыс, Орта Азия елдерінен жиналған нағыз өнерпаздардың арасында елу шақты қазақстандық бар. Қатысушылардың айтуынша, қырық күнге созылатын фестивальдың әр күні өзінше қызықты өтіп жатыр. Біздің елдің шеберлері, суретшілері қазақтың өнерін, салт-дәстүрін өзгелерге танытып, өзге елдің өнерлерін көзбен көріп, керегін үйреніп те жүр.
Айта кетерлігі, халықаралық көрмеге қатысушылардың жол шығындарын, үш уақыт тамақтарын, жатын орындарын шақырушы жақ өз мойындарына алған.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button