«Дидардың» қонағы

Әділ АХМЕТОВ, актер: – Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

Жұрттың көбі экс-сенатор Әділ Ахметовпен шатастырып жүретін Астанадағы Жастар театрының белді актері, белгілі тележүргізуші, кино және театр актерімен жақында Өскеменде өткен театрлар фестивалі кезінде жүздестік. Отандық телесериалдар арқылы елге танылған актермен жұртқа мәлім кинолары туралы емес, өзі айтқандай, ел аз білетін театрдағы жұмысы, сахна өнері, ұстаздары, көрермендері жайында кеңірек әңгімелесудің сәті түскен-ді.

Той басқарғым келмейді
Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын
– Әділ, білуімше, бұл – Өскеменге екінші рет келуіңіз. Алған әсеріңіз қандай? Жергілікті театрлардың өнеріне көңіліңіз толды ма?

– Өскемен еліміздің шығысындағы үлкен қалалардың бірі ғой. Түбі бір түркі жұртының түп-тамыры Алтайдан бастау алған деп айтылып жатады. Сондықтан Шығыс Қазақстанның қай кезде де орны бөлек. Ал театр жағына келсек, біздің театр ұжымы фестивалге бір күн кешігіп келді де, өскемендік театр актерлерінің өнерін тамашалай алмадық.
Жалпы, Өскемен еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар әдемі шаһар ғой. Осыдан екі-үш жыл бұрын келгенімде қала басқаша секілді еді, бұл жолы өзгеше әсер алдым. Қала айтарлықтай өзгерген екен. Осы жолғы сапар барысында мешіттеріңізге барып, жамағатпен бірге Құрбан айт намазына қатысып, имамдарыңыздың уағызын тыңдаудың сәті түсті. Мешіттен шыққаннан кейін де тамаша көріністерге куә болдық. Мешіт алдында арқан тарту, қол күрестіру секілді спорттық сайыстар ұйымдастырылып, сахна құрылып, ән айтылып дегендей, жұрттың ұлық мерекені айрықша көңіл-күймен атап өтіп жатқанын көріп, тәнті болғанымыз рас. Сырттай «Өскемен орыстанып кеткен» деген әңгімелерді көп естіп жүретін біз Өскеменді басқа қырынан көргендей болдық.

– «Бой десе бойы бар, ой десе ойы бар, түр десе түрі бар. Әр жерде бір жылтыңдауды білмейтін, өнерге адал азаматтардың қатарында. Үлкен кісілер қатысатын үлкен жиындарды абыроймен жүргізіп жүргенін де айту керек», – деген пікірді кім айтқанын ішіңіз сезіп отырған болар. Мені белгілі театр сыншысының «Әр жерде бір жылтыңдауды білмейтін» деген сөзі ерекше қызықтырып отыр.

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

– Бұл сөзді әркім әртүрлі түсініп, әртүрлі қабылдайтын шығар. Сол секілді менің де өзіндік түсінігім бар. Біз актерміз ғой. Актер болғандықтан да, қолымыздан келгенше бесаспап болуға тиіспіз. Өзіңе берілген рөлді шеберлікпен ойнай білу, ән айту, би билеу – осы және тағы басқа да қасиеттер актердің бойында болу керек. Қазір шоудың дамыған заманы. Кейбір актерлер өз бойындағы осындай қасиеттерін басқа жанрларда да пайдаланып жатады. Кейбір жақсы актерлер әншілікке бет бұрып, кейбірі асабалыққа ден қойып жүр. Кейбір актерлер жарнамаға, енді бірі бір сериалдан соң бір сериалға түсіп жатады. Сондай кездері театрдағы негізгі жұмысың ақсап, өзіңнің көбең тартып қалуың мүмкін. Әшірбек Сығай ағамыз бұл сөзінде театрға көбірек мән беру керектігін, өнерге мейлінше адал болу қажеттігін меңзеген болар деп топшылаймын. Шындығында, бізді халық кино арқылы, теледидар арқылы жақсы таниды. Алайда біз маңдай терімізді төгіп, алтын уақытымыздың көбін театрда өткіземіз. Өкінішке қарай, мұны елдің көбі білмейді. Тіпті, театрда жұмыс істейтінімізді білмейтін адамдар да кездесіп жатады. Бұл, әрине, өкінішті.

– «Әнші-актердің дені тойда жүр. Масаң ортада жылтыңдап жүрген әртіс сахнада да сүрінеді. Бізде той жағаламай, өзін-өзі сақтайтын жігіттер аз. Әділ Ахметов – сол аздың өкілі». Бұл да – Әшірбек Сығайдың сөзі. Сонда Сіз тойға мүлде бармайсыз ба?

– 2007 жылы Астанаға келіп, Жастар театры болып ашылдық қой. Әуелде бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Ол кездегі жалақымыз – 19 мың теңге. Басқа қала емес, Астанада бұл неге жетеді? Ана басына тартсаң, мына басына жетпейді. Қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Күн көру керек. Сол кездері бірде оператор, бірде музыкант болып тойларға да шығып жүрдік. Адам қысылған кезде, қиналған шақта бәріне барады екен ғой. Барайын деп бармайсың, соған мәжбүр боласың. Той басқару, концерт жүргізу – маған өзімен өзі келген дүние. Тойға келсек, анда-санда жүргізіп тұратын кездерім болады. Оның өзінде жаныңда тағы бір жүргізуші болатын концерттік түрде өтетін тойларды жүргіземін.

-«Асаба болғысы келмейтін актер» деп жазыпты бір басылым өзіңіз туралы.

-Шынымды айтсам, той басқарғым келмейді. Жоғарыда айтқандай, тіршіліктің қамымен оператор, музыкант болып жүрген кездері арасында балалармен бірге тойды да жүргізіп жүрдік қой. Сол кездерде сөздерді жазып алып, жаттап, елден қалыспайық деп өзімізше дайындалатынбыз. Тойларға тапсырыс аламыз. Тойды екі бала жүргіземіз, жалғыз жүргізуге сескенеміз. Соның өзінде «Қалай болады? Ұят болмай ма?» деп кәдімгідей уайымдап, қара терге түсесің. Неге екенін білмеймін, әйтеуір той жүргізу менің көңіліме жақпады.

19 мың жалақыға да жұмыс істеген кездеріміз болды

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

-Астана қаласындағы Жастар театрының негізін қалаушы актерлердің бірісіз. Былайша айтқанда, театрдың отымен кіріп, күлімен шығып, ыстығына күйіп, суығына тоңып дегендей, алғашқы күннен бері осы шаңырақта еңбек етіп келесіз. Бұл театр қалай құрылды өзі? Өнердегі ұстазыңыз, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайды қалай таптыңыз немесе ол кісі сізді қалай тапты?

-2002 жылы мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына оқуға түстім. Дәл сол жылы Нұрқанат Жақыпбай ағамыз өзінің курсын қабылдап жатыр екен. Алла сәтін салып, сол кісінің курсына түсіп, төрт жыл тәрбиесін көріп, тәлімін алу бақыты бұйырды. Оқуды бітірер уақыт жақындаған кездерде курстас достарымызбен әңгімелесіп отырғанда «оқу бітіргеннен кейін жан жаққа шашырап кетпей, бәріміз бірге бір театр құрсақ, бірге жұмыс істесек» деп армандайтынбыз. Ол кезде біз академияның ішіндегі «Мең» театрында массовкада жүретінбіз. Сонда жүргенде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, гран-при жеңіп алдық. Бұл театрдың актерлары Нұрқанат ағамыздың біздің алдымызда бітірген курстарының ұл-қыздары болатын. Біз де бірте-бірте рөлдерге іліне бастадық. Академияны бітіретін жылы «Ревизор» спектаклімен (дипломдық спектакль) Мәскеуге бардық. Бұл қойылым сыншылар тарапынан жоғары баға алды. Қойылымнан кейін Мәдениет министрлігінің өкілдері бар, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай бар, тағы басқа да өнердің төңірегінде жүрген үлкен кісілер тарапынан: «Мына курс шетінен сен тұр, мен атайын дерліктей мықты курс екен. Бұларды жан-жаққа шашыратуға болмас. Осылардан керемет бір театр шығатын сияқты» деген пікірлер айтылды. 2006 жылы академияны бітіргеннен кейін біздің курс бір жыл Тазабеков театрында жұмыс істеді. Бір жылдан кейін Астанадан шақырту келді. Ермек Аманшаевтың бастамасымен Астанада жастар театры ашылады, директоры Ғани Құлжанов болады деді. Көп ойландық. Ойланатын да жөніміз бар. Бәріміз де Алматыға әбден үйреніп, бауыр басып қалғанбыз. Жұмысымыз бар, телевидение де қосымша жұмыс істейміз. Бірақ Нұрқанат ағамыздың: «Мен де 39 жыл жұмыс істеген жерімді тастайын деп отырмын. Нар тәуекел!» деген сөзі бізді қанаттандырып, ойлана келе, ақылдаса келе Астанаға баруға шешім қабылдадық. Сөйтіп, Астанаға келдік, әуелде қуыршақ театрымен бірге жұмыс істедік. Бір театрда екі труппа болды. Драма және қуыршақ бөлімі. Сол кездерде қызықты жағдайлар көп болды. Гастрольдерге жиі шығамыз. Ол кезде қазіргідей жеке ғимаратымыз да жоқ. Өзіміз – декоратор, өзіміз – жүк көтеруші, өзіміз жинаймыз, жарықты да өзіміз түсіреміз. Сол бір шақтарды өмірімдегі ең бір қызықты кезеңдер деп есептеймін.

-Қызық қана емес, біршама қиындықтар да болған секілді сол уақыттарда.

– Алматыда білім алған жастардың көбі осында қалатыны белгілі ғой. Біздің қыз-жігіттер де Алматыда қалғысы келді. Содан не керек, Астанаға келдік қой. Күн суық. Жалақымыздың түрі анау. Бес жігіт бір бөлмеде отырамыз. Бір фестивалде ұтып алған «Панасоник» деген үлкен телевизорымыз бар. Соны қараймыз ғой баяғы. Бізбен үзеңгілес, бізден кіші жігіттердің бірі ән айтып, бірі бағдарлама, бірі концерт жүргізіп дегендей, теледидарға шығып жатыр. Бесеуміз бір-бірімізге мұңая қарап қоямыз. Біріміздің үстімізде – майка, біріміздің үстімізде – футболка, жегеніміз – роллтон. «Біз қалып қойдық па? Не болып кетті өзі? Қандай күйге түстік?» деген ойлар бізді қатты мазалайтын сол кездері. Осымен өмір тоқтап қалғандай көрінетін. Тіпті, бір-бірімізге жанымыз ашып кететін. Бірақ бізді Астанаға алып келген ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай өзінің амбициясымен, қайсарлығымен жарқын болашаққа сендіре білді. «Бұл – өткінші нәрсе. Біздің әлі жеке ғимаратымыз болады. Әлі-ақ адамдар біздің театрға билетті таласып алатын жағдайға жетеміз. Ал репетицияны бастайық» деп бізді репетицияға кіргізіп кеп жібергенде бәрін ұмытып, қалай жанталаса жұмыс істеп кеткенімізді білмей қалатынбыз. Жұмысқа ынталандыруы керемет болатын. Былайша айтқанда, өзіне баурап, тартып алып кететін. Ол кісіге айтар алғысымыз шексіз.

-«Жүк тасыған кездегі киімдерімізге Аяз бидің шапаны секілді қарап отырамыз» деген екенсіз бір сұхбатыңызда.

– Қазір, Құдайға шүкір, Жастар театрының актерлерін жұрттың көбі біледі, жақсы таниды. Киноларға түседі, үлкен-үлкен концерттерді жүргізеді. Шетінен танымал шәкірттері асып-тасып кетпесін дей ме екен, кейде Нұрқанат ағамыз: «Сендер шыққан жерлеріңді, өсіп-өнген мекендеріңді ұмытпаңдар» деп «Аяз би» ертегісінің бас кейіпкерін есімізге салып отыратыны бар. Театр алғаш ашылған кездердегі декорацияны салып ап, тасып жүретін қытайдың ала сөмкелері мен брензент сөмкелер әлі күнге дейін бар. Театрымызда тұр. Көрген сайын көзімізге оттай басылады.
-Сарғайған сөмкелерге қарап сабамызға түсеміз дейсіздер ғой…

– Құдайға шүкір, осындай кезеңдерді бастан өткеріп, міне, биыл ғимаратты болып жатырмыз. Театрымызға жаңадан келіп жатқан жас актерларға: «Сендер керемет кезде келіп отырсыңдар. Осының өзіне кейде қиналасыңдар» деп кейде кішкене ақылымызды айтып қоямыз.

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

-«Театрымыз Нұрқанат Жақыпбай атымен аталса, оғаш болмас еді деп ойлаймын. Мәселен, Ресейде «Табаков театры» деген бар» деп айтқан екенсіз бір сұхбатыңызда. Бұл ойларыңызды ол кісінің өзіне айтып көрген жоқсыздар ма?

-Мұны актерлар өз арамызда талқылағанбыз. Бұл келешектің еншісіндегі шаруа деп ойлаймын. «Бізде бір заң бар екен. Әлгі заңға сәйкес оның есімі ол қайтыс болғаннан кейін 5 жылдан кейін ғана берілуі тиіс екен» деп естідік. Бірақ, мәселен, Тараз қаласында Бақтияр Артаев атындағы спорт кешені бар.

-Қарағандыда Серік Сәпиев атындағы спорт сарайы бар.

– Неліктен бұлай екен деп қоямыз. Кеңес үкіметінен қалған үрдіс пе? Дегенмен қатып қалған ештеңе жоқ қой, уақыты келгенде беріле жатар.

«70-інші қатардағылар да естісін»

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

– Жоғарыда Әшірбек Сығайдың өзің жайындағы пікірлерін келтірдік. Театр сынының майталманынан мұндай баға алу, мұндай пікір есту мәртебе ғана емес, адамға белгілі бір деңгейде жауапкершілік те жүктейді деп ойлаймын. Әшірбек Сығаймен қалай танысып едіңіз?

– Мектеп бітіргеннен кейін әкеме актерлық мамандыққа барғым келетінін айтқанымда ол кісі қарсылығын білдірген жоқ. Бірақ «Балам, дегенмен де, сол салада жүрген үлкен профессорлар, мамандар сені көрсін. Егер де сол кісілер «бұл баладан актер шығады?» деп мақұлдап жатса, онда актерлікті таңда, өнер жолына түс. Егер күмәнмен қарайтын болса, басқа саланы таңдарсың» деген болатын. Содан Нұрбол ағам мені Өнер академиясына Әшірбек Сығайға ертіп алып барды. Үстімде ақ көйлек, қара шалбар, шашымды жылтыратып тарап алғанмын. Әкемнің «Үлкен профессор тексереді» деген сөзі санамда. Әшірбек Сығайды бұрын ара-тұра теледидардан көріп жүргенім болмаса, бетпе-бет жолықпаған едім. Бір уақытта қысқа бойлы, толықша келген бір кісі бізге қарай жақындап: «Әділ деген абитуриент сенбісің бе, ей?» деді маған. Дауысы саңқылдап шығады екен. «Дәу де болса, мені тексеретін, менің болашағымды айқындайтын профессор осы шығар» дедім ішімнен. Бір жағы «не болар екен? Өткізе ме, өткізбей ме?» деп уайымдап, қорқып та тұрмын. Дәл солай болып шықты. Әшірбек Сығай осы кісі екен. Содан Әшағаң мені бір аудиторияға кіргізіп кішігірім «емтихан» қабылдады. Бұрынғы қазақ актерлары туралы, театр өнері жөнінде бірнеше сұрақтар қойды. Айқайлатып дауысымды тексерді. Өзінің ақыл-кеңестерін айтып: «қаттырақ сөйле, дауысың нық әрі анық болсын, 70-інші қатардағылар да сені естісін» деп әзіл-қалжыңын араластыра сөйлеп, аз уақыттың ішінде актерлік өнердің қыр-сырына қанықтырғандай болды. Реті келгенде айта кетейін, мені сол жерде музыкалық драма мамандығына шақырып, ұсыныс жасаған мұғалімдер де болды. Бірақ Әшірбек Сығай маған: «сен драма және кино актері мамандығына түсу керексің» деп Нұрқанат Жақыпбайға алып барды. Аудитория іші қап-қараңғы екен. Қап-қараңғы аудиторияда қап-қараңғы көйлек киген адам қарсы алды. Түрі сондай сұсты көрінді. «Байқап, көрші, осы баланы, қалай екен?» деді Әшірбек Сығай. Сөйтіп, Нұрқанат Жақыпбай мені байқап, тексеріп, сол жерде бірден рұқсат қағазын жазып берді.

-«Қазақта «торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. Мен актерлігімді дамыту жолында жұмыс істеймін» депсіз бір сұхбатыңызда. Актерлігіңізді дамыту жолында не істеп жатырсыз?

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

-Актерлік деген дүние адам тоқсан жыл өмір сүрсе, тоқсан жыл ізденетін, тоқсан жыл оқитын мамандық қой. Бұл жерде қатып қалған қағида, шеңберден шықпайтындай белгілі бір формула жоқ. Бұл адамның ой-сезімімен, таным-түсінігімен өлшенетін өнер ғой.
Әр заманның өз ерекшелігі болады ғой. Мәселен, біздің уақытымыздағы мектеп бітірушілер мен қазіргі мектеп бітірушілер бөлек. Несі бөлек? Дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы, талабы, сұранысы, қажеттілігі бөлек. Әр қоғамның, әр заманның өзіндік талабы бар. Актер соның бәрін біліп, ой-санасының сүзгісінен өткізуі керек деп ойлаймын. Яғни, барлық дүниеден хабардар болып, өмірдің ағымынан қалмауы керек. Қазіргі жастарға не қажет? Үлкендерге не керек? Қыздарымыздың ойы қандай? Олар қандай бағытта кетіп бара жатыр? Мұны мысал ретінде айтып отырмын. Бір сөзбен айтқанда, актер заманның тамырын дөп басып, өткен мен бүгінді сабақтастырып, қара басының ғана емес, келешектің қамы үшін аянбай тер төгіп, қолынан келгенше қоғамның кем-кетігіне жамау, дәрменсізіне демеу болып, үнемі ізденіс, талап жолында жүруі керек деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, актерлер мен әншілерге еліктейтін жастар көп. Осы тұрғыдан алғанда, оларға, шын мәнінде, жақсы жағынан, сыртқы әлбетіңмен ғана емес, мінезіңмен, іс-әрекетіңмен, адамшылығыңмен үлгі-өнеге болсаң, үлкен миссияңның орындалғаны деп білемін.
Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын
– Бұған дейін әр жерлерде берген сұхбаттарыңызды шолып шыққанда бүгінгі танымал өнер адамдарының көбінің бойынан табыла бермейтін бір қасиетіңізді байқағандай болдым. Әлде артықшылық деуге бола ма? Өзіңіздің өнеріңізге өзіңіздің көңіліңіз толмайтын секілді көрінді. Өзіңізге биік талап қоятын секілдісіз.

– Академияда сахна тілінен дәріс берген Мұрат Әбзелбаев деген ұстазымыз: «Актер өз-өзін ести білетін дәрежеге жетуі керек» дейтін. Сол кезде «бұл қалай?» деп түсінбей, таңғалатынбыз. Оған адам біртіндеп келеді екен. Өз-өзіңді есту, өз-өзіңді сыртыңнан көру, бұл да – шеберлікпен, тәжірибемен келетін дүние. Актер болғаннан кейін образ жасайсың. Образ жасаған кезде өз қиялыңда жасаған образыңның сәтті шыққандай көрінетіні бар. Кейін көрген кезде кішкене жетпей қалғанын, сәл олқы түскенін, ойыңдағыдай шықпағанын көресің. Сосын өзіңе көңілің толмай қалады. Көңілің толмағаннан кейін тағы да ізденесің, қамшылайсың өзіңді, келесі қойылымда басқа қырынан көрінуге тырысасың. Былайша айтқанда, актерлар өмір бойы ізденісте жүретін секілді ғой. Мысалға, бір рөлді алдық делік. Қырыққа келген қарасақал актер болсын, елуге келген егде актер болсын әр рөлге өзінше дайындалады. Олардың жанында бізге, оның ішінде, оқу бітіргеніме 13 жылға жуық уақыт болған маған екі есе, үш есе дайындықтың қажет екені түсінікті. Сондықтан біз қандай да бір рөлді алсақ та, нөлден бастаймыз. Ол рөліңді әбден ойнап, премьерасы өтіп, келесі бір рөлге бекітілгенде қайтадан нөлден бастаймыз. Актерлік өнердің ерекшелігі де осында шығар.

-Рөл деп жатырмыз ғой. Рөлге қаншалықты дайындаласыз?

– Пьесаны қолыңа алып оқи бастағанда кейіпкеріңнің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөз саптауы көз алдыңа келе бастайды. Сол кезде сол кісінің мінез-құлқына, жасаған әрекеттеріне ұқсас адамдар бірден менің ойыма түседі. Мәселен, комедиялық рөлге дайындалғанда бір жездеміз еске түседі. Енді бір рөлімдегі образ сыныптас досыма ұқсап жатады. Кейін сол адамдардың қылықтарын зерттей бастайсың. Сөйлесіп отырып керекті дүниелерді, қажетті детальдарды өзіңе аласың. Қызықты деген, халыққа өтеді-ау деген тұстарын. Яғни, өзің білетін адамдарды «материал» ретінде пайдаланасың. Кейде өмірде ерекше, ешкімге ұқсамайтын адамдарды көресің. Сол кісілердің мінез-құлқын өзіңе сіңіріп аласың. Кейін бір күн болмаса, бір күні бір рөліңе оны пайдаланасың. Бұл – запаста жүретін образдар. Актер әрқашанда запаспен, қормен жүруі керек деп есептеймін.
Мәселен, тарихи тұлғаны алсақ, ол туралы бүге-шігесіне дейін оқисың. Сіз бүгін менен сұхбат алуға жан-жақты дайындалып келіп отырсыз. Мен кіммін, қай газетте, қай телеарнада сұхбаттарым шықты? Соның бәрін қарап, мұқият әзірленіп келіп отырсыз. Менен сұхбат алмай тұрып мен туралы өзіңізше біраз нәрсені біліп тұрсыз. Енді сұрақтарыңызды қою арқылы сіз «бұл актер мен ойлағандай ма, ойлағандай емес пе?» деген сауалға жауап алып, өзіңізше пайымдайсыз. Тура осылай біз де рөлге дайындаламыз.

Ешқашан суретке түспеймін немесе қолтаңба бермеймін деп бас тартқан кезім жоқ

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

-Оқушы кезіңізде Алматыдағы Қалқамандағы қалалық аурухананың алдында орыстың әжелерімен бірге қауын-қарбыз сатыпсыз. Актер болуыңызға мұның да әсері бар секілді.

-Біздің мектепке барған уақытымыз КСРО-ның құлап, еліміздің егемендік алған кезеңімен тұспа-тұс келді. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, осы кездері жұрттың көбі күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткені белгілі. Туыстарымыз да жан-жақтан келіп, сауда жасауға шықты. Біз Алматының іргесіндегі Қалқаман ықшам ауданында тұрдық. Жыл сайын жеміс-жидек піскен уақытта мұндағы жұрт өнімдерін сату үшін аурухананың алдына келетін. Шие, малина, алма, алмұрт, жүгері дейсіз бе, жеміс-жидектің түр-түрі осы жерде саудаға шығарылатын. Сол кездері бала болсам да, орыстың апаларымен бірге мен де қауын-қарбыз сататынмын. Әрине, үйіміздің жағдайының нашарлығынан емес, құдайға шүкір, ата-анам екеуі де ақ халатты абзал жандар, жұмыссыз қалған кезі жоқ, өзіме ұнағаннан кейін сауда жасайтынмын. Қауын-қарбызды басқа жерлерден оптомға сатып әкелетінбіз. Сол кездерде неше түрлі, қызықты-қызықты образдарды көретінмін. Кішкене бала болсақ та, үлкен кісілермен сөйлесіп жүреміз. Кейбір бала десе ет жүрегі елжіреп тұратын, жаны жұмсақ кісілер болады ғой. Сондай адамдар маған ерекше ұнайтын. Сондай адамдармен сөйлесіп, күліп-ойнап, артынан үй жақтағы достарыма әлгі кісінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін айнытпай сап беретінмін. «Тура салдың ғой» деп достарым риза болатын. Актерлік өнерге қызығушылық сондай-сондайдан басталды ғой.

– «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал» дейді һәкім Абай өзінің 15-інші қарасөзінде. Өзіңізден есеп алып тұрасыз ба?

-«Осындай күні, осындай уақытта өзімнен есеп алайын» дейтіндей қатып қалған қағида жоқ. Реті келгенде, жан-дүниемнің сұранысына, көңілдің ауанына, жүректің қалауына қарай өз-өзіме сұрақ қойып, ойланатын, толғанатын кездерім болады. Яғни, іштей жоспарлап, көңілге түйіп, көкіректе сақтап жүремін. Біз қанша айтқанмен, қанша жоспарлағанмен бәрі де бір Алланың қолында ғой. Әрине, іштей ойланасың, толғанасың. Кейде ойлайсың: «осы мен театрға көп көңіл бөліп, кино жағы қалтарыста қалып қойған жоқ па? Көрермендерім мені ұмытып қалған жоқ па?» деп. «Киноға көбірек түсіп кеттім-ау деймін, театрға көңіл бөлейін» деп тағы бір ойлайсың. Мұндай кеп, мұндай күй барлық адамда болатын шығар деп ойлаймын. Мүмкіндігінше арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, таразы басын тең ұстауға тырысамын.

-«Он жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?» деген сауалға «Алла жазса, төрт-бес баланың әкесі және ел сыйлайтын азамат болсам. Сосын театрымызға кіре алмай, көрермендер билетке таласып жатса» деп жауап беріпсіз. Үш баланың әкесі екеніңізді білеміз. Бұл жағынан жоспарды орындаған секілдісіз. Көрермендердің билетке таласу жағы қалай болып жатыр?

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

-Мұны жақында, театрымыздың жаңа маусымы ашылғаннан кейін біле жатармыз. Қазір театрымызда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Жалпы, театрларыңызға көрермендердің келу жағы қалай?

-Құдайға шүкір, Астанада театрдың бірде-бір қойылымын қалт жібермейтін, керек болса, жұртқа жарнамалап, спектакльге шақырып жүретін, өздерімен бірге көрермендерді ертіп әкелетін көрермендеріміз бар.

-Көрермен демекші, қазақ театрының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға-апаларымыздың естеліктерінен: «біздің кезімізде спектакльден кейін міндетті түрде көрермендерімізден кездесетінбіз. Тіпті, бірнеше көшеге дейін жүріп, әңгімелесіп баратынбыз» деп тамсана жазғандарын оқып жатамыз. Осы жағы Сіздерде қалай? Күтіп тұратын көрермендеріңіз бар ма?

– Мүмкіндігінше көрермендердің көңілін қалдырмауға тырысамын. Ешқашан суретке түспеймін немесе қолтаңба бермеймін деп бас тартқан кезім жоқ. Себебі, бұрынырақта бір жайсыз жағдай басымнан өткен. Студент кезімде біздің академияға бір танымал адам келіп, менің ол кісіні көріп, қатты қуанып: «суретке түсейікші, аға!» деп жалынып, фотоаппаратымды қолыма алып, елпілдеп соңынан жүгіргенім есімде. Жүгіргенімді қайтейін әлгі ағамыз менімен суретке түспей, көңілімді қалдырып еді. Ол кісіні керемет құрметтеуші едім, көңілім су сепкендей басылды. Сондай жағдай басымнан өткеннен кейін бе, әр көрерменді түсініп тұрамын. Мүмкіндігінше көңілдерінен шығуға тырысамын.

-«Ұстаздарымыздың жиі айтатын ақылы: Өнерде жақсы актер болу үшін өмірде жақсы адам болу керек» деп үнемі айтып жүресіз сұхбаттарыңызда. Ұстаздардың ақылы Сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Әрине, әуелі Алланың, одан кейін ұстаздарымыздың алқауымен қазақ өнеріне қолымыздан келгенше үлесімізді қосуға тырысып келе жатқан жайымыз бар. Өнер академиясының қабырғасында Нұрқанат Жақыпбаев, Мұрат Әбзелбаев, Тасболат Омаров сынды ұстаздарымыздың дәрісін тыңдадық. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың біз үшін орны бөлек. Өнердегі әкеміздей болып кеткен адам. Ұстазымыздың батырып айтса да, ақырып айтса да, ақырын айтса да, шындықты айтатынын, жаман болсын деп айтпайтынын жақсы білеміз. Оған біздің әлдеқашан көзіміз жеткен.
Жолдас болма жаманмен,
Көзің жетпей парқына.
Өзіңді біреу мақтаса,
Желігіп оған тасыма.
Бетіңе айтар адал дос,
Жау деп одан жасыма.
Бәрін де кейін көрерсің,
Іс түскенде басыңа.
Жәнібек Кәрменов ағамыздың «Ойламаңдар, жігіттер» толғауындағы осы жыр жолдарын Нұрқанат ағамыз бізге жиі қайталап отырады. «Біреулер сын айтса, оны жақсы қабылдаңдар. Ешкіммен ұрыспаңдар. Айтысып, тартысып, дауласып, жауласқаннан еш пайда жоқ. Тыңдаңдар. Сосын керегін өздеріңе аласыңдар» дейді. Сондықтан да ұстаздарымыздың ақыл-парасатына жүгінетін кездеріміз көп.
Құдайға шүкір, бүгінде сол кісілердің нұсқаған жолымен, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей келе жатқан жайымыз бар. «Жұлдыз ауруына» шалдығып, көктен түскендей кердең мінез көрсетіп жататын да әріптестеріміз бар. Өнер академиясын бітірмей-ақ актер-актриса болып жүрген қыз-жігіттердің қатары аз емес. Оларды халықтың ішінен шыққан таланттар деп есептеймін. Бірақ олардың бір кемшілігі – ұстаздың алдын көрмегендігі. Кәсіби актерлердің артықшылығы – ұстаздың тәрбиесін көргендігі. Сонысымен де олар алысқа самғайды. Ал енді жарқ етіп шығып, жалп етіп сөніп жататындардың себебін өз басым ұстаздың алдын көрмегендіктен шығар деп санаймын. Ұстаздың аты – ұстаз. Ұстаз ат баптағандай керек кезінде еркіндік беріп, керек кезінде тізгінді тартып отырады.

«Ана елдің КВН-і күшті, мына елдің сериалы мықты» деген сөздерді естігенде кәдімгідей намыстанамын

Әділ АХМЕТОВ, актер:  - Жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке еліктесе екен деп ойлаймын

-Ізденіс жайында айтып жатырмыз ғой. Ізденістің бір бастауы – кітап оқу десек қателеспейтін шығармыз. Кітап оқу жағы қалай?

-Кітап оқуды ешуақытта назардан тыс қалдырған емеспін. Күніне бір мәрте бой сергітіп жаттығу жасамасам немесе ой сергітіп кітап оқымасам, бір нәрсе үйренбесем сол күнім бос өткендей болады. Кітапты күні-түні, жата-жастана оқимын деп айтпасам да, бастап қойып, оқып жүрген кітаптарым бар.

-Мәселен, биыл қандай кітаптарды оқыдыңыз?

– Мен бір кітапты бастап қойып, соны оқумен ғана шектелмеймін. Кейде қызығына түсіп кетіп, лезде оқып тастайтын кездерім де болады. Көбіне төрт-бес кітапты қатар оқимын. Былтыр актерлер арасында футболдан жарыс өткенде 10 шақты қазақтың жас ақындарының кітабын сыйға тартқан. Қазір сол кітаптарды оқып жатырмын.
-Өнер саласында өзекті мәселелер аз емес. Жалақының аздығы, репертуардың жұтаңдығы, тағы басқа да түйінді мәселелер жетерлік. Театр мен кинодан бөлек қарапайым көрермен, қарапайым адам ретінде сізді не толғандырады?
-Толғандыратын мәселелер көп қой. Әсіресе, мені ұлтжандылық, отансүйгіштік мәселелері жиі ойландырады. Футбол болсын, бокс болсын, актерлық, әншілік жағынан болсын, біздің жастарымыз өзіміздің елдің тұлғаларын кумир тұтса деп ойлаймын. «Ана елдің КВН-і күшті, мына елдің сериалы мықты» деген секілді өзгені зор, өзімізді қор тұтатын сөздерді естігенде кәдімгідей намыстанамын. Оның бәрі кезінде санамызға күштеп, зорлықпен енгізілген, қолдан жасалған дүниелердің әсері шығар. Дегенмен құлдық санадан арылып, төрт құбыламызды түгендейтін, олқылықтардың орнын толтыратын кез жетті деп ойлаймын. Барлық жағынан, барлық салада тек өзімізді көтеріп, өз-өзімізді бағалап, «өсер елдің балаларының» үлгісін көрсетіп, өзімізбен мақтануымыз керек деп ойлаймын. Тағы да қайталап айтамын, біз өз-өзімізге кумир болуымыз керек. Мәселен, жастарымыз Арнольд Шварценеггерге емес, Асанәлі Әшімевке, Ди Каприоға емес, Дулыға Ақмолдаға еліктесе, мәртебеміз ешкімнен кем болмасы анық.

– Қапан Бадыров, Райымбек Сейітметов, Асанәлі Әшімов секілді қазақ өнерінің майталмандарының кезінде күнделік жазғаны белгілі. Оның кейбірі кітап болып жарыққа да шықты. Бүгінгі жас буын актерлар күнделік жаза ма? Мәселен, өзіңіз?

-Негізі мен күнделік жазбайтын едім. «Түртіп қойған дұрыс» деп кейбір ағаларымыз айтып жүретін. Осыдан екі-үш жыл бұрын, Астанадағы Өнер университетінде Әшірбек Сығайдың курсында оқитын Мирас Әбіл деген өзім жақсы танитын жігітпен бір кездескенімде: «Әділ аға, сіз күнделік жазсаңыз дұрыс болар еді. Кезінде актерлардың көбі күнделік жазған. Бұл – кейінгі ұрпаққа азық болатын, солардың еншісіне қалатын қажетті дүние. Әрине, айту бір бөлек, хатқа түсірудің жөні тіпті бөлек. Сондықтан күнделік жазуды қолға алғаныңыз жөн болар» деп өз ұсынысын айтқан болатын. Кәдімгідей ойланып қалдым. Кейде адамда бір істі бастай алмай жүретін кездер болады ғой. Сөйтіп жүргенде бір күні Мирас бауырым қайтадан звондайды: «Аға, бастадыңыз ба?» деп. Содан бері күнделік жазып жүрген жайым бар.

-Мазмұнды әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым

Осы айдарда

Back to top button