Қоғам

Дизель отынының қымбаттауына себеп не?

Өңір кәсіпкерлері дизель отынының қымбаттауынан және тапшылығынан зардап шегуде, кейбірі осы жағдайға байланысты банкрот болуға тақаған. Аталмыш мәселе «Ақ жол» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды.

Өскемендегі Талдау және болжау институтында өткен жиынға облыстағы атқарушы билік органдарының, кәсіпорындардың өкілдері, Мәжілістің, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, бизнесмендер қатысты.

«Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Шыңғыс Риаханов дизель отыны бағасының өсуіне және оның жасанды тапшылығына байланысты проблемаларды атады.

– Елде дизель отынының құны мен қолжетімділігі бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. Шаруашылықтар оны жеңілдікті бағамен алады, жанармай құю стансаларында ішкі қозғалыс көлігі үшін литрінің құны – 260 теңге, транзиттік автокөліктер үшін – 450 теңге. Сонымен қатар егер ауыл шаруашылығы өндірушілері, қалалық және жеке көлік үшін дизель отынының құны мен қолжетімділігі реттелетін болса, жер қойнауын пайдаланушылар, жол-құрылыс компаниялары үшін литрі 440-450 теңгеден босатылады, оның өзі тапшы, – деді ол.

Мәселен, өңірдегі «Жаңғызтөбе мұнай өнімдері», «Royal Petrol», «Qazaq Oil» компаниялары, жеке кәсіпкер «Ахметов» секілді дизель отынының ірі жеткізушілері жөнелтуді тоқтатқан. Дизель отынын бір ғана «Восток логистика» кәсіпорны литрін 440 теңгеден сатуда.

Шыңғыс Риахановтың айтуынша, көтерме тұтынушылар үшін дизель отынының құны тамыздың соңында 250 теңгеден 440-450 теңгеге дейін қымбаттапты.

– Қазір дизель отынының ірі тұтынушылары бюджеттерін қайта қарап, қосымша қаражат тартуға мәжбүр. Кейбір жер қойнауын пайдаланушылар тіпті еңбеккерлерін ақысы төленбейтін демалысқа жіберіп, жұмыстарын тоқтатты. Пайдалы қазбаларды өндіру кәсіпорындарында жұмыстың өзіндік құнындағы дизельдің үлесі – 30-35%. Олардың барлығы дерлік банкроттықтың шегіне жетті, өйткені олар негізінен өткізілген конкурстар бойынша жұмыс істейді, келісімшарт, несие, лизинг бойынша міндеттемелері бар, – деді ол.

Дизель отынының жоғары құны бизнес пен инфляцияға теріс әсер етіп, әлеуметтік шиеленіс тудырады. Жылу және электр энергиясын өндіруші көптеген станциялар көмір мен мұнай өнімдерін пайдаланады, сәйкесінше жоғары баға жылу мен электр қуатының құнына да жүктеме түсіреді.

– Ашық әдіспен өндірілетін көмір құнының үштен бірі дизельдің бағасына байланысты. Тиісінше, электр энергиясы мен көмір бағасының қымбаттауын күту керек. Жылыту маусымы қарсаңында аталған фактор әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін, – дейді Ш.Риаханов.

Бағаға көптеген фактор әсер етеді, олардың арасында логистика да бар, сонымен қатар спикерлердің пікірінше, маусымдық жұмыстар кезінде мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге тоқтауы да проблеманы ушықтырады.

– Неліктен мұнай өңдеу зауыттары жыл сайын екі рет жөндеу жұмыстарына тоқтайды? – деген облыстық мәслихат депутаты Талғат Құрманғалиев елдегі 20 шағын мұнай өндеу зауытын тексеріп, іске қосуды ұсынды.

Шыңғыс Риаханов шағын мұнай өндеу зауыттарын салу керек деп есептейді, бұл үшін қажет ресурстар бар.

Дөңгелек үстелде көтерме бағалар нарығын мемлекеттік реттеу, жеткізушілердің баға белгілеу тетігін жария ету, көктемгі аграрлық және жол-құрылыс жұмыстары басталғанда дизель отынын көптеп жеткізу сынды ұсыныстар да айтылды.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Берік Дүйсембинов көтерілген мәселелерді жүйелі түрде Парламентке жеткізетінін айтты.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button