Энергетика

Дизель отынын арзанға қалай сатып алуға болады?

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында шекара периметрі бойынша және транзиттік көлік үшін мұнай өнімдеріне сараланған бағаларды белгілеу мақсатында былтыр 15 қыркүйекте Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін есепке алудың ақпараттық жүйесі базасында мұнай өнімдерін өткізуді бақылау модулін іске қосты.

Дизель отынын сататын жанар-жағармай құю станциялары (ЖҚС) осы модуль бойынша жұмыс істейді. Сұйық отынды сату тәртібі үш санатты қамтиды. Біріншісі, жеңіл көліктерге арналған. Тұтынушы өзінің жүргізуші куәлігін көрсетеді, ал ЖҚС операторы оның жүргізуші куәлігінің нөмірі мен ЖСН-ын базаға енгізеді. Жеңіл көліктер үшін дизель отынының тәуліктік шекті мөлшері – 100 литр, бағасы – 260 теңге.

Екіншісі, жүк және арнайы көлік құралдарына қатысты. Бұл ретте тұтынушы көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсетуге тиіс. Тұтынушы жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға жеңілдетілген бағамен мұнай өнімдерін алу үшін келесі деректерді ұсынуы қажет:

– көлік құралын тіркеу туралы куәлік нөмірі және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі – көлік құралының иесі көлік құралының техникалық паспортын көрсеткен жағдайда;

– ЖСН және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі – тұтынушы көлік құралын сақтандыру полисі бойынша жүргізген жағдайда.

Жүк және арнайы көлік құралдары үшін дизель отынының тәуліктік шекті мөлшері – 300 литр, бағасы – 260 теңге.

Үшіншісі, ешқандай құжат талап етпей-ақ сату. Бұл жағдайда дизель отынының бір литрі 450 теңгеден саудаланады. Яғни еліміздің кез келген азаматы жоғарыда аталған құжаттары болмаған кезде дизельді 450 теңгеден сатып ала алады. Бұл жағдайда ЖҚС операторы сатылған мұнай өнімінің көлемі туралы ақпаратты енгізсе жеткілікті.

Модуль жұмысы және дизель отынының босатылуы бойынша өтініштер мен шағымдар 8 (747) 897-9781 телефон нөмірі арқылы қабылданады.

Ж. Ерланова

Back to top button