Қоғам

Дивиденд алуға құқылы

Азамат Темірбеков

Шаруа қожалығында немесе фермерлік құрылымда жер үлесі бар азаматтар кез келген уақытта өзіне тиесілі жерді алуға, я болмаса сол жерді пайдаланғаны үшін түскен пайдадан дивиденд алуға құқылы.

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғалы бері жер реформасы үш рет елеулі өзгеріске ұшыраған. Атап айтсақ, алғаш рет 1990-1993 жылдары «Қазақ ССР-індегі шаруа қожалығы туралы» Заң, Қазақ ССР-нің Жер кодексі, «Жер реформасы туралы» Заң қабылданды. 2001 жылы «Жер туралы» Заң, ал 2003 жылы Жер кодексі қабылданды.

– Тәуелсіздік жылдарындағы жер реформасын үш кезеңге бөлуге болады. 1992-2001 жылдар аралығын қамтитын бірінші кезеңінде совхоздардың жерлерін шартты жер үлестеріне бөлу және дербес шаруашылықтарды ұйымдастыру жүргізілді. Бұл кезде шаруашылық жүргізудің әртүрлі нысандары қалыптасып, ауыл шаруашылығы жер қорын қайта бөлудің негізі қаланды. Яғни осы уақытта шаруа қожалығын, өзіндік қосалқы шаруашылықты, бағбандықты, мал шаруашылығын, саяжай құрылысын ұйымдастыру үшін берілген жер учаскелерін өмір бойы мұраға қалдырып иелену құқығы енгізілді, – деді Надежда Михейлис.

Ал 2002-2003 жылдарды қамтыған екінші кезеңде тұрақты жер пайдалану құқығы уақытша жер пайдалану құқығына ауыстырылып, жер телімін жалға беру мерзімі 99 жылдан 49 жылға дейін қысқартылды. Бұл жылдары көп нәрсе жүзеге асып, ең алдымен, шаруалардың жерге еркін қолжетімділігі қамтамасыз етілді, жер учаскелеріне деген мемлекеттік монополия бірқатар дәрежеде жойылды.

2003 жылы еліміздің Жер кодексі қабылданды. Аталмыш заңнамалық құжат шыққанға дейін шартты жер үлестерінің иелері 11 жыл бойы совхоздардың жерін басқару құқығына ие болған еді, бірақ олардың көпшілігі шартты жер үлесіне деген құқықтарды жүзеге асырмады. Осы себепті азаматтарға «Шартты үлесті» «Жер учаскесіне» өзгертуге екі жыл уақыт берілді.

– Жер кодексінің 170-бабына сәйкес шартты жер үлесі бар адамдарға 2005 жылдың бірінші қаңтарына дейін жер учаскесін жекеменшікке сатып алу, шаруа қожалығын немесе тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дербес жүргізу үшін жер учаскесін жалға алу, шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде, акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде беру жұмыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. Осы уақытқа дейін аталмыш жұмыстарды іске асыра алмағандар шартты жер үлесіне деген құқықтарынан айырылды, – деді Надежда Михейлис.

Басқарма басшысының хабарлауынша, қазіргі уақытта осындай жер үлестері бар азаматтар шаруа қожалығынан кез келген уақытта шығып немесе жалға берген жері үшін түскен пайдадан дивиденд алуға құқылы көрінеді.  Қатысушылар ауыл шаруашылығы ұйымының құрамынан шығу үшін жалпы жиналыс өткізілуі қажет. Жиналыстың хаттамасында шығатын қатысушылардың жер учаскелерінің ауданы көрсетіліп, сызбасы жасалады. Бұл жерлерде бір ескере кететін жайт, жер учаскесі егіс жұмыстарын жүргізіліп жатқан кезеңінде берілмейді.

– Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының агроқұрылымдардың шаруашылық, қаржылық және өзге де қызметіне араласуға құқығы жоқ. Дегенмен, агроқұрылымдардың басшылары бұл олардың жері емес, ауыл шаруашылығы қызметін жүргізу үшін берілген азаматтардың жері екенін жиі ұмытатынын атап өткім келеді. Сондықтан азаматтар жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамынан шығуға, сондай-ақ олардың жер учаскелері үшін пайдадан дивидендтер алуға құқылы екенін ескертемін, – дейді басқарма басшысы.

Айта кетсек, бүгінгі күні облыс аумағы 9,8 млн. гектар болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 3,5 млн. гектарды құрайды. Оларда 8895 агроқұрылым өз жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Ал жер үлесі бар 127 агроқұрылымның иелігінде жалпы ауданы 338,4 мың гектар жер телімі бар.

Осы айдарда

Back to top button