Ауыл шаруашылығыТОП

Диқандарымыз француз бидайын өсіріп отыр

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шемонайха мен Глубокое аудандарына жасаған іссапары аясында өсімдік шаруашылығын дамытып отырған бірнеше ірі қожалыққа барды.

Жүгері өсіретін «East Farm»қожалығы суару жүйесін орнатып, экспорттық әлеуетін арттырған. Биыл мұнда суармалы жерде майлы дақылдарды өсіру технологиясы сыналады, фермерлер картоп өсіріп, онымен облыс орталығын қамтуды жоспарлап отыр.

«Виситаев» қожалығында астықты кептіріп, сақтауға арналған үлкен кешен салынуда. Мұнда жаңа технологиялар қолданылады. Элиталық тұқымдар, оның ішінде француз бидайы егіледі. Ол бидай әр гектардан 60 центнерге дейін өнім береді, бұл – керемет көрсеткіш. Даниал Ахметов мұнда басқа фермерлерді шақырып, озық тәжірибені көрсету қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі үлкен селекциялық жұмыс жүргізіп жатқан Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында болды. Мамандар соя, күнбағыс, бидай өсіруде, олар шығарған сұрыптардың өнімділігі шетелдік астықтан жоғары. Сондай-ақ мұнда малға арналған құмай секілді шөптер де өсіріледі. Биыл алғаш рет мақсары егілді, ол косметологияда сұранысқа ие.

Өңірде егін жинау басталды. 686 мың гектардан өнім жиналады, оның 208 гектары – майлы дақылдар. Олар – біздегі ірі май зауыттары үшін шикізат.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button